Қайрат Дүйсен | өмірбаяны
Қайрат Әбсатұлы ДҮЙСЕН, ақын, сазгер, журналист. «Әлем халықтары жазушылары одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті. Ол 1964 жылдың 7 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданындағы Көкібел елді мекенінде дүниеге келген.
1994 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Журналистика факультетін тәмамдаған. Қаламгер аудандық «Ленин өсиеті» («Қазығұрт»), қалалық «Шымкент келбеті» газеттерінде әдеби қызметкер, Республикалық «Ауыл», Қазақстан жазушылар Одағы Басқармасының «Әдебиет айдыны» газеттерінде, «Зерде», «Дарабоз», «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарында әдеби қызметкер, бөлім редакторы, Қазақ радиосы мен «Хабар» телекомпаниясының Халықаралық «KASpionet» телеарнасында редактор болып еңбек еткен.
Еңбектері «Жас қазақ», «Жас қазақ үні», «Жас Алаш» («Лениншіл жас») «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Түрік әлемі» газеттері мен «Парасат», «Атажұрт», «Дарабоз» сынды көптеген журналдарда жарық көрген. Оннан астам әндері Қазақстан Авторлары қоғамында (ҚазАҚ) тіркелген.
Өлеңдері мен мақалалары, публицистикалық туындылары жиырмадан астам жинақтарға енген. «Туған жер ысқыт бәрінен» деп аталатын жеке жинағы жарық көрген.
Қайрат Әбсатұлы Қазақстан журналистері одағы мен «Бейбітшілік әлемі» ХҚТБ Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, айтулы Бірлестіктегі Халықаралық жазушылар одағының төрағасы.
«Халықаралық жазушылар одағы» баспасының директоры.
www.temirqazyq.com және akgo.org сайттарының Бас редакторы.