Нағашыбек Қапалбекұлы | өмірбаяны
Нағашыбек Қапалбекұлы 1950 жылы 16 наурызда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қызыләскер аулында дүниеге келді. 1971 жылдан Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен») газетінде корректор, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, осы газеттің редакторы болды.
Бұдан соң халықаралық Жамбыл қорының бас директоры, республикалық Қарасай қорының директоры, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық бөлімшесінің төрағасы сияқты жұмыстарды атқарды. Қазір республикалық Кітап музейінің директоры.
Шығармашылығын мектепте өлең жазудан бастаған, 23 кітаптың авторы. 1980 жылы «Жалын» баспасынан «Еңлікгүл» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көрді.
«Жамбыл әлемі» атты фотоальбом, «Ата тағылымы», «Оспанханнан қалған сөз», «Іңкәр сезім – сырлы әуен», «Қыз ғұмыр – жыр ғұмыр», «Кітап әлеміне саяхат», «Батаменен ел көгерер», Үмбетәлі Кәрібаевтың екі томдығы, тағы да басқа жинақтар құрастырған. Бірнеше телефильм мен видеофильмдерге сценарий, пьеса жазған.
Халықаралық Жамбыл атындағы және республикалық Төле би қорлары сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Алматы облысы Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарының және Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Қарасай ауылының Құрметті азаматы. Халықаралық Экология академиясының академигі, профессоры. Қонаев атындағы университеттің профессоры.
Шығармалары: Еңлікгүл. (1980); Дос жүрегі. (1985); Қызыл елік. (1986); Қызыл жолбарысты қызырлы би. (1993); Таудан түскен тұман. (1993); Махаббатсыз өмір жоқ. (1994); Бойтұмар. (1995); Киесі – қызыл жолбарыс. (1996); Қарасай, Қарасай. (1998); Мақыш балуан. (1999); Қарасай батыр. (2001); Жерошақтың түтіні. (2002); Ұлағатты үш ардақты. (2004); Ерекше тапсырма. (1981); Жамбыл Ата. (2006); Батаменен ел көгерер. (2006); Қарасай батырдың қара босағасы. (2007); Қызыл жолбарысты Сарыбай би. (2007); Біздің ауыл тау жақта. (2007); Қарасай батыр – ұраным. (2007); Құртқа тәуіп. (2008); Құт пен жұт. (2008); Шамшырақ. (2008).