Гүлісхан Домалайқызы | өмірбаяны

0
53
Advertisement

Саған барам Астана,

Асқағыңды көргелі,

Келбетіңді кестелеп,

Жырдан шашбау өргелі.

Сарарқаңның төсінде,

Самырсын боп өнгелі,

Не көрсем де көргелі,

Аязыңа көнгелі.

Бүкіл өмірбаянымен, ақындық көңіл-күймен жыр бетіне шыға келген ақын қызбен жолсапарда таныстым. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Гүлісхан Домалайқызы Қытайдан келген қандасымыз екен. Өмір деген ұлы ананың өнегесін алып өскен қарапайым, ақжарқын қазақ қызы жатырқамай, бірден шешіліп сала берді.

Пенде боп жаратылған соң, әсіресе ақын боп жаратылған соң, тіліңді қырқып тастай алмайсың. Қысыла-қымтырыла жүріп құлаш-құлаш өлеңдер туғызған ақын қыз Семей өңірі Үржар ауданын аз уақыт мекен етіпті. Күндердің күнінде кенезесі кепкен қазақ поэзиясының аспанындай түнеріп кеп, түйіліп кеп, бір тамбастан тұрып қалатын, түк айта алмай тынатын шақтарын оқшау жатып емес, Елордаға келіп елмен бірге бөліскісі келген екен. Шамшыл қасиеттен ада, менмендігі жоқ болмысымен ажарлы әңгімесін айшықтай отырып соңғы шығарған жинағын сыйлады. Алматы баспасынан шыққан шағын ғана жинағын «Ақеділ» деп атапты. Қолыма тиген өлеңдер жинағын біраз уақыт зерделеп, асықпай қарап шықтым. Өлеңқұмар елге көлгірсіп, жеңіл-желпі мінез байқатпай ағынан жарылыпты. Сезімге толы ширақ өлеңдерін періште күйінде жеткізіпті. «Өнер жолы тегіс болып көрген емес, өнерде даңғыл жол жоқ, өз жолыңды өзің саласың» – дейтін еді алдыңғы ағалар. Талай тауды тесіп, темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей болмай алыс арман, мәуелі мақсатқа жету екі талай. Мұндай азап сапарға, ғажап сапарға тек өнерге өле ғашықтар ғана шыға алады.

Өлеңді сүйетіндер аз емес. Бірақ, сүйсініп оқитын оқырмандар мен өлеңнің азабын тартатын ақындар бөлек тылсым иелері.

Осындай әдемі, мөлдір өлең жазып жүрген Гүлісхан – Астанада тұрады. Елорданың шетіндегі Қояндының шыға берісінде атқамінерлермен дауласып жүріп, ұлтарақтай жерге өзі тұрғызып алған оты жоқ, жарығы жоқ, аядай лашығын өлеңінің отымен жылытып:

Саған барам Астана,

Асқағыңды көргелі,

Самырсын боп өнгелі,

Аязыңа көнгелі, – деп қаламымен қайратын жанып жатқан жайы бар. Биліктің қаласы – көркейген сайын көкке қарап, біз сияқты ақылынан басқа бақыры жоқ ақындарға сауырынан сипатар емес. Соны түсінген ақын қыз балапандарын бауырына басып, отбасының бір жағына шығысып көк базарда сауда жасайды.

Сөйтіп жүріп:

Басыңа бар жақсыны тілеп өткен,

Қарттарым тәңір атын тірек еткен.

Жыраққа ұшып кеткен бір құсының,

Сағынып жүргендігін біле ме екен – деп өзін жатырқағандарға налудың орнына сағынышын үдете түседі.

Үсті толқып, асты тынып ағып жататын дарияның бетіндегі сан түрлі, сан сырлы, бірін-бір ешқандай қайталамайтын жұмбақ толқындардың жағаға келіп өлетінін ақындар ғана біледі. Теңізге тән тентектік пен мұхитқа тән буырқанысты ақындар көбіне өз бастарынан да өткізеді.

Гүлісхан мына бір өлеңінде:

Күркіреп көк аспан тынысы тарылып,

Жұлдыздар құлады жүрегі жарылып.

Жаңбырлы түндермен жаным бір жабығып,

Отырмын өзіңді өлердей сағынып – депті.

Табиғатпен, тірлікпен біте қайнасу деген осы. «Дүниедегі ең құдіретті сөз – өз орынында тұрған сөз. Ақынды қинайтын өлім емес, өмір құбылыстары», – дейді Қадыр Мырзалиев.

Дүниеде болып жатқан жағымды-жағымсыз құбылыстардың қайсысына да ақылмен қарап, күйініші мен сүйінішін де өлеңмен білдіретіндер – ақындар.

Заман мен адам, мына мазасыз мезгіл жайында терең ой толғап оның шындығын- шырайын келтіре кестелеуі де өзіндік өрнекке ие.

Қиыр шетте жүріп елін аңсаған бауырластардың көкейінде жүрген арман сырларын ақындық нәзіктікпен жұмсақ, ел құлағына сіңімді, жүрегіне жата қалатын жатық сөздерімен бейнелеу Гүлісхан ақынның шеберлігі. Жалпы жұрттың қиналғанда, қамыққанда, бейопа мына жалғаннан жалыққанда, жол таба алмай торыққанда жанының жебеушісі көңілінің демеушісі болған қазақтың қара өлеңін құрмет тұтады. Жүректерге жол тауып, көңіл терезесін айқара ашқан ақынның бір сәттік емес, ғұмырлық өлеңді өзіне серік еткеніне риясыз сенесің. Сол Гүлісхан;

Үнінен қаның тулап той дабырдың,

Жүзінен қымсынатын бойдақ ұлдың.

Қолыма бала күнгі жүректі алып, 

Ауылға бір баруды ойлап жүрмін – депті тағы да.

Бәрі таныс, жаттанды сөзбен-ақ жаңа сурет жасаған. Күнде қайталанып жүретін таныс сөздер арқылы жаңа образ, тәтті сурет, балалық пен туған жерге деген сағынышын әдемі айтқан. Өмір – тіршіліктің қарапайым көрінісінен күрделі ой қорытып, өзінің балалық шағын емірене, егіле бермейтін қарапайымдылығымен жеткізе алған.

Гүлісхан жырларына арқау болған кәдімгі туған жер кез келгенімізге ортақ туған жер, ортақ сағыныш. Менің де, сенің де, оның да көкірегінде жүрген, бірақ жеткізе алмай жүрген сағыныш. Немесе,

Үміті мен күдігі жағаласып,

Ентелейтін жат ойлар араны ашық.

Бақытыма байқамай сан сүріндім,

Сан жолықтым мен сенен, сан адасып.

Адам баласы ғұмырындағы айрықша екі күре жол – өмірлік жар таңдау мен жол таңдау. Жалпы жыр дегеннің өзі сүйіну мен күйінуден, таңданудан, құштарлықтан туады. Ақын алдымен туған топырағына ғашық болады. Шын құмарлықтан ғашық адамның аузынан ғажап сөз шығады.

Мейірінен жататұғын толқып тас,

Көкте күнім, жерде өзіме сыңарсың.

Ояу көрген түстерімнен қорықпас,

Тағдырыма тәңір таққан тұмарсың, – дейді Гүлісхан.

Сабырлы, байсалды, мамыражай махаббат, жаймашуақ жастықтың елең еткізер үркек сезімі. Өкініш те жоқ, өкпе де жоқ, серт те де жоқ, ант та жоқ. Тек бақытқа, сезімге, әйели төзімге керектінің бәрі бар. Қалғып кеткен қамсыз сезімдер мен ұйқылы-ояу тоқ көңілдерді сілкіп-сілкіп алуды негізгі парыз деп есептейтін Гүлісханның – мәнсіз өлең жазып, даурығып ән жазғызып жүрген талай ақынның тәубасын келтірер жоғарыдағы жолдары жүрегінде сәулесі, түйсігі бар ақын екенін көрсетсе керек.

«Ақеділ» деп аталатын шағын ғана жыр жинағындағы жауһар жырларының беташар бетін;

Ақеділім ақ махаббат тасыған,

Сыңғырлы үнің жалғап берер ғасырға ән. 

Ақындығым, асыл құным садағаң,

Сенің мөлдір жалғыз тамшы жасыңнан, – деген жалғыз шумақпен ашыпты.

Іңкәрлікпен биіктетіп тірлігінің тұнығын,

Тыңдайтұғын күн мен айдың күбірін.

Сағыныштың саумалына шылап жеген ғұмырын,

Мен бақыттың ақыл жетпес сырымын – деген алымды ақынның кешегісінен бүгінгісі бүгінінен ертеңі биіктеу болып көрінеді.

Бұрынырақта жас ақындардың газетке, басылым беттерінде тұсаукесер жырлары жарияланып, жарияланған өлеңдеріне баға беріліп, талдау мақалалар жазылатын. Ол өлеңді енді бастап жазып жүрген ақындарға үлкен жауапкершілік артатын еді. Кәзір газет-журналдар да көп, атын есіңе сақтап үлгермейтін сансыз ақындардың жарияланып жататын өлеңдері де көп. Оның ешқайсысын әдебиет сүйер қауым елең қылып жатқан жоқ. Кәзіргі поэзияның көрінеу көзге отсызданып бара жатқаны поэзияға тым биік талап қоя білетін алдыңғы толқынның азайып кеткендігі болса керек. Әйтпесе:

Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіңе құйып ап, әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын – деген Төлеген ақыннан артық не айтамыз?!

Алмахан Мұхаметқалиқызы


Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.


Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз