Ғаппар Біләл | өмірбаяны

0

Белгілі жазушы, ақын Ғаппар Біләлұлы 2013 жылдың 6-шы маусымында өмірден озды. Өмірінің соңын Қазақ елі топырағында өткізген қаламгердің артында мол әдеби мұрасы қалды. Ғ. Біләлұлы 1938 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағы, Толы ауданында дүниеге келген. 1960 жылы Тарбағатай педагогика институтын бітірген. 1961-1976 жылдары ұлтшыл, оңшыл деген жала жабылып, айдауда және еңбекпен өзгерту мекемелерінде болған. 1979 жылы қайта ақталып, 1992 жылға дейін ұстаздық қызмет атқарған. Қаламгер бүгінгі күнге дейін 400-ден астам өлең, 70 әңгіме, 4 повест, 2 роман жазған. Көмтеген әдеби зерттеу, сын мақалаларының авторы.

Ғ. Біләлұлының 2012 жылы қазақ әдебиеті тарихында белгілі дүмпу тудырған «Ғасырлық ызғар» (бұрынғы басылымда «Ғасырлық қуғын») романы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан жарық көрген. «Жазушы қаламынан туған «Ғасырлық ызғар» романын кезінде қытай қазақтары арасында қолдан-қолға өткен құнды кітап деуге болады. Шығарманың басты кейіпкері – Боранқұлдың ғасырға жуық өмірінде басынан өткізген адам төзгісіз қиындықтарын, кешкен қанды қырғындарын көрсету арқылы қаламгер қазақ үркіншілігін, ұлтымыз душар болған алмағайып кезең шындығын шебер жеткізген. Романның оқиға желісі ширақ, тілі тартымды» делінген кітаптың бастау сөзінде.