Бұқара Тышқанбаев | өмірбаяны

0

Бұқара Тышқанбаев (1920–1985)

 

12 сәуірде Жәркент уезіне қарасты «Тоғызбұлақ» ауылында (қазіргі Алматы облысы, Ұйғыр ауданы) дүниеге келген. 

 

Құлжа қаласындағы татар мектебінде, Үрімшідегі мұғалімдер даярлайтын жоғары курста оқыған, ұстаздық еткен. 1940 жылы оның алғашқы өлең, мақала, очерктері «Шыңжаң» газетінде жарық көре бастайды. Мәдениет және әдебиет салаларында жауапты қызметтер атқарады. Шыңжаң Жазушылар одағын құру ісіне ат салысты. Оның хатшыларының бірі болып сайланды. Еңбектері ұйғыр, қытай тілдеріне де аударылып, Үрімшіде, Пекинде шығарылған жинақтарға, оқулықтарға енгізілді. «Құлжада» және «Халық күші» пьесалары өлке сахнасында қойылды. 1955 жылы «Шанхай» киностудиясы түсірген «Қасен–Жәмила» кинофильмінің сценарийін жазды. 

 

1962 жылы отбасымен туған Отанына қайта оралып, Алматы қаласына келіп тұрақтады. 1964 жылы «Азамат» атты повесі жарық көрді. Қазақ телевизиясының әдебиет редакциясында істей жүріп, «Келін» атты пьеса және «Лау» деген повесть жазып, үзінділерін ұсынды. Жазушы Ж.Жұмахановпен бірлесіп жазған «Махаббат пен мансап» пьесасы Семейдің Абай атындағы облыстық драма театрында қойылды.

 

Ұйғыр жазушысы З.Сәмәди, М.Зұлпыхаров еңбектерін қазақ тіліне тәржімалады. З.Сәмәдидің «Бір тал папирос» повесі мен «Майымхан» романын аударды. Таңжарық Жолдыұлының еңбектерін «Арман-тау» деген атпен жинақ етіп бастырды. «Жыр–бесік» деген өз өлеңдер жинағын шығарды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз