Бірғали Байекеев | өмірбаяны

0

Бірғали Байекеев – журналист, суретші, ақын, сазгер, КСРО, Қазақстан Журналистер және Суретшілер Одағының мүшесі, Қаз ҰУ-дің журналистика факультетін, Бүкілодақтық өнер университетінің қондырғылары кескіндеме және графика бөлімін үздік бітірген.


Тырнақалды суреттері «Балдырған» журналы (1965) мен «Қазақстан пионері» газетінде (1967) жарияланған.

Бірғали 1972-1983 жылдары Маңғыстау, Бейнеу аудандық газет редакцияларында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып қызмет жасады. Қазір облыстық газеттің меншікті тілшісі.


«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мерекелік медалі бар. Қазақстан мұнайының 100 жылдығы, Махамбеттің 200 жылдығы, Бекбаулы атаның 250 жылдығына арналған облыстық мүшәйраларда, облыс әкімінің қаламгерлер бәйгесінде бас жүлделер иеленген.

Бүкілодақтық бейнелеу өнері конкурсында (1982,1983) үздік суреттері мен гравюралары үшін жүлдегер атанып, «Правда» газетінің екінші, үшінші дәрежелі дипломдарын алған. Сатиралық «Ара-Шмель» журналының лауреаты (1984) атанған. Республикалық «Парасат» журналының өнертанушыларға арналған талғам жарысында I орынға ие болған.

Көркем және саяси тақырыпта салған суреттері Мәскудегі «Ресей» концерт залында, «Комсомольская правда» газетінің көгілдір залында (1982), Атырау (1988), Ақтау (2001) қалаларында көрмеге қойылған.





Алматыдағы Қазақстан Суретшілер Одағының көрме залында Б.Байекеевтің шығармашылығына байланысты (2012) көрме өтті.

Маңғыстаудан тұңғыш рет Орталық басылымдарға салған суреттерін жариялатқан Бірғали Байекеев облыстан тұңғыш рет Мәскеуге барған «Кең жайлау» мәдениет – үгіт бригадасының (1978) құрамында өнер көрсеткен. Қарақалпақстанның «Достық үні» газетінің қазақ тіліндегі алғашқы нөмерін шығаруға қатысып, қолдау жасаған. Бірнеше әні мен ән мәтіндері жергілікті, республикалық сахналарда орындалып жү

Б.Байекеев «Өскен орда» кітабының (2003) авторы, редакторы, безендірушісі. Оның «Қиянат құрбаны» әңгімелер жинағы (1996) қуғын-сүргін құрбандарына арналған. «Кісілік кілті» кітабы (2003) негізінен нақылдар, ой-толғамдар, афоризмдерден тұрады. «Өнермен өрілеген өмір» сұхбат- кітабында (2008) ол бір адамның өмірімен шектелмейді, күй аңыздары, оны насихаттаушылар туралы жайттарды қамтиды.

Бірғалидің өлең-жырлары мен очерктері «Қызғыш құс» (2003), «Өлкенің өнер күмбезі» (2003), «Ақкетігім-арқауы ән-жырымның» (2006) «Теңіз бен түзді тоғыстырған теміржол» (2006) ұжымдық жинақтарында жарияланған. Салған суреттері мен графикалық туындылары «Мың бояулы Маңғыстау» көркем альбомына (2001) енгізілген. Ол «Маңғыстау» энциклопедиясы (2009) авторларының бірі.

Б.Байекеев «Қарашаңырақ», «Айназаров», «Жетіген», «Маңғыстау ғашықтары», «Қасіретті көш» және басқа кітаптарды безендірген.