Берқайыр Аманшин | өмірбаяны

0

Берқайыр Аманшин  (1924–1985) — 11 қарашада Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы Бетпақкөл ауылында туған. ҚазПИдің филология факультетін бітірген (1953). 

1942–1953 жж. партия кеңес қызметтерінде, 1953–1954 жж. Қазақ мемлекеттік баспасында, 1954–1959 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеген. 

1959–1965 жж. Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы, 1966–1971 жж. «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, 1971–1973 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің өнер жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары, 1973–1979 жж. «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының бөлім меңгерушісі, біраз жыл Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Тұңғыш өлеңі Атырау облыстық газетінде 1942 жылы жарияланған. Тұңғыш жинағы «Өлеңдер» 1954 жылы жарық көрді. Бұдан кейін «Бұтақтағы бұлбұлдар» (1958), «Жетісу – Жайық» (1961), «Менің өмірбаяным» (1965), «Менің Маңғыстауым» (1972), т.б. прозалық жинақтары, «Махаббат мұңы» (1968), «Көкжар» (1971) повестері, «Махамбеттің тағдыры» (1987) романы басылды. Балаларға арналған «Жылқы фермасында» (1955), «Ботақан» (1964) аталатын өлең жинақтары бар. «Таныстық керек», «Жақия – Исатайдың баласы», «Жылама, Дәмеш» (М.Гeршпен бірігіп жазған) ьесалары республикалық театрлар сахнасында қойылған. Ол Махамбет пен Ығылман ақын шығармаларын жариялауда елеулі қызмет атқарды. «Игорь полкі туралы сөзді», А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, С.Юлаев, т.б. шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Шығармалары бірқатар шетел тілдеріне аударылған. Өзі дүние салғаннан кейін «Махамбет тағдыры» атты шығармалар жинағы жарық көрді (1991).