Базар Оңдасұлы Балқы | өмірбаяны

0

Базар Жырау Оңдасұлы Балқы Базар (1842, қазіргі Қармақшы ауданы ауыл – 1911, Өзбекстан, Тамды ауданы Жалпақтау деген жерде) – жырау. Руы – шөмекей ішіндегі Балқы, сондықтан ел арасында Балқы Базар аталып кеткен. Болашақ жырау әкесінен ерте жетім қалып, есейгенше нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленген. Тоғыз жасында Тәспен би оны өз қолына алады. Тәспен ауылна сол кездегі Сыр бойы, Арқа өңіріне белгілі жыраулар жиі келіп, апталап-айлап жатады екен. Бұл Базардың жыраулық жолға түсуіне бірден бір себеп, үлкен мектеп болады. Базар жырау 15 – 16 жасында бала жырау атанады. 1858 жылы Тәспен би Қызылқұмдағы игі жақсыларды шақырып, ұлан-ғайыр той жасап, Базардың астына жүйрік ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, жыраулық жолына сәт сапар тілейді. Базар осы кезден бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Осы төңіректе кеңінен жайылған Ноғайлы дәуірінің қиссаларымен танысып, оларды жаттап, халық арасында жырлайды. Хорезм жағында болған кездерінде Орта Азия жұртшылығы арасында кеңінен мәлім дастандарды («Көроғлы», «Жүсіп – Ахмет», т.б.) қазақ тілінде жырлап, Сыр бойына таратады. Сонымен қатар шығыс аңыздарының ізімен «Әминә қыз», «Айна – тарақ» дейтін шағын дастандар да шығарады. 1907 жылы Базар жырау Қазан қаласынан баспадан шыққан «Айман – Шолпан» жырын қайтадан жаңғырта жырлайды. Кейіннен «Қыз Жібек» жырына да көп өзгеріс енгізіп, қайта жырлап, ел арасына таратады. Мұның өзі Базар жыраудың нәзирашылдық жолды ұстанғанын байқатады. Жыраудың сол кездегі шығыс және ислам философиясымен жақсы таныс болғандығы анықаласы «Әр кемелге – бір зауал», «Тіршіліктің түрлері», «Керқұлан», «Кермиық», т.б. іргелі толғауларында ол өмір¬дің мән-мағынасына көз жүгіртеді, тіршілікте кездесетін жақсылық пен жамандық, адамшылық пен зұлымдық хақында тереңнен ой толғайды. Оның жырлары афоризм¬ге толы, жырау ел аузында айтылып жүрген мақалдарды өз елегінен өткізіп, қайтадан түрлендіріп, әрлеп, кейде тіптен басқаша мағына беріп, асқан шеберлікпен қолданады. Сонымен қатар Лұқпан хакім, Қорқыт бабалардың да өнегелі сөздерін ретті жерінде жырға қосып отырады. Жыраудың жастық шақ, табиғаттың әртүрлі маусымы, туып-өскен жер, т.б. жайлы шығарған толғау-термелері де көп. Сараң байларға, қиянатшыл әкімдерге, арнаған сын-сықаққа толы, қазақтың ауызекі поэзиясындағы арнау-эпиграмма жанрында шығарылған бірқақпайлары да жетерлік. Базар жырау домбыраны өте жақсы тартқан, Сыр бойында таралып жүрген, көпке ортақ әуендерді өз даусына лайықтап, өлеңінің ырғағына орай өңдеп, өзгертіп қолданған. Оның жырлау сазы өте әсем, қисса мен толғауларды орындағанда неше түрлі құбылып отырады. Бұдан жыраудың сазгерлік қабілетінің де болғанын аңдаймыз. Жырау көзі тірісінде, әсіресе, қартайған шағында құрдасы әрі туысы Нұрымбеттің Төремұрат деген оқыған баласына ауызша айтып отырып, көп толғау-жырларын, дастандарын хатқа түсірткен. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. Базар жырауды көзі тірісінде-ақ Сыр бойының жыраулары мен шайырлары өздеріне ұстаз тұтқан, оның өнегесін ұстанған. Базар жыраудың өлеңдері 20 ғ-да ғана баспа бетін көре бастады. 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың әдебиет нұсқалары» атты кітаптарға енді. Оның шығармаларына С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, аса жоғары баға беріп, Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы деп таныған. Жырау шығармаларын жинастыруда Ә. Диваев, Сейфуллин, Ә. Марғұлан, Ә. Қайнарбаев үлкен еңбек сіңірді.