Шалғам тураны не білесіз? |

0

Көктем келді дегенше, шалғамға тоятын кез келді дегейсің. Базар сөрелері алқызыл, жаңа піскен шалғамдарға толып, «менен тезірек салат жаса» деп тұрғандай.

Шалғам негізінде шомырдың бір түрі болып табылады. Жер бетінде шалғамның үш мыңға жуық түрі бар екен. Және көбі улы болып келеді. Бірақ жеуге болатын түрлері де аз емес. Соның бірі біз тұтынып жүрген алқызыл шалғамдар. 

Пайдалы қасиеттері

Шалғам – көктемгі авитаминозды жеңетін бірден-бір көмекші. С дәруменіне бай көкөністің тұрпаты қызыл болған сайын, аскорбин қышқылы мол дегенді білдіреді. Сонымен қатар, шалғамда В тобының дәрумендері, бет-жүзімізге қан жүгіртетін темір, жүректің жұмысын жақсартатын калий, магний де бар. Құрамындағы клетчатканың көмегімен зиянды холестериндердің көлемін азайтып, ағзаны токсиндерден тазартады.

Сонымен қатар, шалғам ерекше зат – фитонцидтерге ие. Бұны табиғи антибиотик десе болады. Сол себепті осы бір ащы көкөністі жақсы көретіндер суық тиюдің алдын алады.

100 грамм шалғамда бар-жоғы 14 ккал болады. Сол себепті шалғамнан еш толмайсыз. Керісінше шалғам май жиналудың алдын алып, зат алмасу процесін жақсартады. Ағзадағы қант мөлшерін қалыпқа келтіреді. Шалғам– диетологтардың ең жақсы көретін көкөнісі.

Айтпақшы, шалғамның жапырағы да дәруменге бай. Сол себепті оларды лақтыруға асықпаңыз. Жапырағын салатқа қосып, не болмаса қырыққабат сияқты буға пісіріп алсаңыз да болады.

Шалғаммен емделіңіз

Жаңа піскен шалғамнан жасалған кашадан компресс жасап, радикулитті емдеуге болады.

Басыңыз ауырғанда, жаңа сығылған шалғам шырынымен маңдай, самай, кеңсірігіңізді уқалаңыз.

Іш қатқан кезде, шалғам жапырағынан жасалған тұнбаны ішсеңіз болады: 1 үлкен қасық жапыраққа 1 стақан ыстық су құйып, 1 сағатқа бетін жауып қойыңыз. Тамақ ішіп болғаннан кейін 20 минуттан соң күніне үш рет ішесіз. Ем 2-3 күнге ғана жалғасады. Іш қату қоймаса, дәрігерге барған жөн.

Шалғамнан бет терісіне пайдалы маска жасауға болады. 2-3 шалғанды ұсақтап турап, 5-6 тамшы өсімдік майымен араластырып, 1 шай қасық крахмал қосады. Қоспаны бетіңізге жағып, 10 минут ұстаңыз.

Шалғам сатып аларда…

Шалғамды дұрыс таңдай біліңіз. Көкөністің түсі алқызыл, терісі тегіс болуы қажет. Егер қара дақтар пайда болған болса, көкөніс бұзылайын дегені. Ал егер жұмсақ болса, бұл сортты шалғандар талшықты, дәмсіз болғаны.

Сатып алынған шалғамды тоңазытқышта сақтаңыз. Жапырағымен – 2-3 күн, жапырақсыз – 1 аптаға жуық.

Есте сақтаған жөн! Асқазан, ішек ауруларымен ауыратын адамдардың шалғамды көп пайдаланудан бас тартқандары жөн. Бұл аурудың асқынуына әкелуі мүмкін. Аптасына бір рет жесеңіз де жеткілікті.

http://inform.kz