Бақыт Қайырбеков өмірбаяны

0

Бақыт Қайырбеков 1953 жылы 23 ақпанда Алматыда туған. 1970 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. «Жазушы» баспасында, «Советский Казахстан сегодня», «Қазақфильм» киностудиясында, көркем және телевизиялық шығармашылық бірлестігінде, Қазақ КСР Мәдениет Министрлігінің репертуар-редакциялық алқасында, «Қазақтелефильмде», Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының баспа орталығында жауапты қызметтер атқарған. 1979–1982 жж. Абай атындағы Қазақ педагогика институтында аспирант, 1987–1989 жж. КСРО Мемлекеттік кино жанындағы сценаристер мен режиссерлер жоғарғы курсының тыңдаушысы болған. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында, репертуарлық-редакциялық коллегияда, ақпараттық-баспасөздік орталықта, «Гала ТВ» киностудиясында, Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокомплексінде қызмет еткен. Қазір Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық етуде. «Ғафу» студиясының режиссеры. Отызға таяу фильмдердің жасалуына ат салысқан. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев жөнінде деректі үш фильмі телевизиядан көрсетілді. Асан Қайғы, Бұқар, Ақтамберді жыраулардың, Шәкәрімнің өлеңдерін, С.Мұратбеков, А.Сейдімбеков, Қ.Салғарин, Т.Жұртбаев, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, Т.Абдырахманұлы, О.Асқар, Е.Раушановтың шығармаларын орыс тіліне аударған. Тегерандағы (Иран), Дьердегі (Венгрия), Штутгарттегі (Германия) халықаралық кинофестивальдерге қатысқан. Мәскеуде ТМД елдері І Халықаралық телефорумының дипломанты болған. Өлеңдерін орыс тілінде жазады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған мерекелік медальмен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Махамбет Өтемісов атындағы сыйлықтың лауреаты. 

 

 

Шығармалары: Осенный диалог. Стихи. А., «Жалын», 1978; Глаголь жить. Стихи. А., «Жазушы», 1982; За живою водой. Стихи. А., «Жазушы», 1986; Менің үйім. Өлеңдер. А., «Жалын», 1987; За решеткой строк. Стихи. А.,»Согласие», 1998; Избранное. В двух томах. 1998; Дневник. «Интерпринт», 2003; Биография алмаатинца. 2005.