Асқар Егеубаев | өмірбаяны

0

 

Егеубаев Асқар (1950–2006) — 6 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Қыстау Күршім ауылында дүниеге келген. 

 

 

1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік бітіріп, аспирантурасында оқыған. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында, Қазақстан Республикасы энциклопедиясының Бас редакциясында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде, ҚР Парламенті Сенат аппаратында жауапты қызметтер атқарды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының «Мәдениеттану, мемлекеттік қызметті тілдік қамту» бағдарламасының директоры болды.

 

 

Алғашқы өлеңдері Зайсан аудандық «Достық» газетінде 1964 жылдан жарық көре бастады. «Мөлдір тұма», «Жүректегі жұлдыздар», «Құс жолы», «Әділет», «Движение», «Сыр мен сымбат», «Сөз жүйесі», «Кісілік кітабы», «Аламан», «Құтадғу білік» (Құтты білік), «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі» поэзия, әдеби сын, зерттеу еңбектердің авторы. Ежелгі түркі ескерткіштерін зерттеп, аударған. 

 

 

1986 жылы Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанын тұңғыш рет толық аударып, жеке том етіп жариялатты. Осы еңбегі Пекинде «Ұлттар» баспасында араб әліпбиімен жарық көрген (1989, 1997). Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанының әдеби сөздігін жасап, ол туралы талдау еңбектерін жарыққа шығарды. М.Қашқаридың көп томдық «Диуани лұғатиттүрік» атты шығармасын тұңғыш қазақшалап зерттеп, жариялатты.

 

 

Филология ғылымдарының докторы. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты. Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері. Жастар мен студенттердің Бүкіл дүниежүзілік XІІ фестивалінің (Мәскеу, 1985) дипломанты. Жас жазушылардың бүкілодақтық VІІ кеңесіне қатысқан (Мәскеу, 1979). 

 

 

ҚР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен (1984), «Құрмет» орденімен (2003) марапатталған. КСРОның «Еңбектегі ерлігі үшін» (1986) медалінің иегері.