Ахат Жақсыбаев | өмірбаяны
Жақсыбаев Ахат (Ахметжан) — 1940 жылы 5 шілдеде Павлодар қаласында туған. Орта мектепті бітірген соң, 1958–1960 жылдары Екібастұз қаласында дренажды шахтада жұмыс істеді.
1965 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірді. 1965–1967 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1967–1972 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1972–1993 жылдары «Жұлдыз» журналы редакциясында жауапты хатшы, 1993–1997 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1997–2000 жылдары «Ақиқат» журналының бас редакторы қызметін атқарды.
2000 жылы жаңадан құрылған және «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері мен «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарын қамтитын «Жас өркен» ашық акционерлік қоғамының президенті болып тағайындалды.
2005 жылдың шілде айында «Жас өркен» ашық акционерлік қоғамы «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылуына байланысты «Жас өркен» ЖШСнің бас директоры болып тағайындалды. 2007 жылдың ақпан айында өтініші бойынша қызметтен босатылып зейнетке шығып, еркін шығармашылық жұмысқа көшті.
«Менің достарым», «Қайырлы таң», «Бозарал» повестерінің, «Егес», «Бөгет», «Қорған», «Қайтпас қайсар» романдарының авторы. 2006 жылы «Жаны жайсаң жақсылар» деген естеліктер, ойтолғамдар кітабы жарық көрді. «Бозарал» повесі, «Егес», «Бөгет» романдары орыс тіліне аударылды. Г.Хаггардың «Маргарет ару» романын, Р.Медведевтың «Сталиннің серіктері» кітабын, В.Астафьевтың, А.Сергеевтің, Ә.Әлімжановтың повестерін қазақ тіліне аударды.
1971 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының, 1976 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. 1993 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы боп сайланды.
1991 жылы «Қазақ ССРінің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағы берілді. 1978 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, 2002 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
2007 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.