Еділ мен Жайықтың құдалығы — Ертегілер — Bilim
Қазақтың Алау батырының заманында болса керек, аттары Еділ, Жайық деген екі адам болыпты. Еділ Еділдің арғы бетін, Жайық Жайықтың шығыс бетін қоныстаныпты деседі. Еділдің ұлы бар екен, Жайықтың қызына құда түседі. Еділ келінін алмақ болып, баласын бір жыл бұрын ұрын жіберіпті. Қайнына келіп бала аттанарда, қалыңдығы күйеуінен сұрайды: «Енді қашан келесің?» – деп. Күйеуі: «Алдағы жылдың көктемінде қазбен бірге келемін» – депті. Көктем шыға Жайық келіндеріне ақ отаудың киізін тіктіреді, жеңгелері киіз тігіп жатқанда, қастарында ұзататын бикеші отыр екен, мырс етіп күліп жіберіпті. Өміріне бір күлмеген қыз екен. Жеңгелері жабыла сұрапты: «Айналайын, бикешжан! Күлгеніңді көрмеген едік, не нәрсеге күлдің, айт?» – деп. Қыз айтпайды. Ақыры кіші жеңгесіне айтады. «Былтыр күйеу шіркініңізден аттанарда енді қашан келесіз?» – деп сұрағанымда: «Алдағы жыл көктемде қазбен бірге келемін», – деген еді. Қаз қанатты құс, жердегі адам ұшқан құсқа ілесе ала ма екен? Ал, келсең көрейін, қазір бір топ қаз өтті. Соған күлдім», – депті қыз.
Сол мезетте біреу: «Анау төбе басындағы атын ұстап отырған адам бағанадан отыр, не қылған адам?» – депті. Білуге барса, күйеу екен. Ауылдағы қыз-қатын алдынан шығыпты. Күйеу: «Мен әзір отырамын, менің өзіме бір отау, атыма бір отау тіктіріңіз, сол біткен сон, барамын», – дейді. «Аттың отауының ішіне екі астау жасатыңдар, біріне сүт, біріне су толтырыңдар», – депті. Бәрі де бітіпті, күйеуді апарыпты, аттың бір жағына бір астау сүтті, екінші жағына бір астау суды қойып суытады. Күн тумай, ойын-тойдан үйіне қайтып бара жатып бір сусылдаған қатын «арнайы отау тіктірген не қылған ат, көрейінші» деп, сабау мен туырлық етегін көтеріп қалғанда, суып тұрған ат шошып кетіп ышқынғанда, кеңірдегі үзіліп кетіп өліпті. Аттың сүбелігінде артқа қарай біткен қысқа екі қанаты бар екен, суығанда бірін сүтке малып, бірін суға малып суып тұр екен. Атты тау басына апарып адамша жерлеп, басын нар өркеш топырағына орнатады. Мұнан кейін күйеу қайғыланып, отауда жатып алады. Атасы Жайық күйеуіне: «Тұрсын, болып болғанда, сырты түк, іші боқ бір айуан ғой, мен оның орнына бір ат беремін, сол атпен ертең шығып, бір күнде ауылына жетсін, бір қонып қайтып, бір күнде мұнда жетсін. Бару-келуде жолында не көрсе де маған баян етсін», – депті. Күйеуі орындапты, ат та сондай жүйрік, жақсы ат екен. Атасы амандасып болған соң, күйеуінен жолда көргенін сұрапты. Күйеуі: «баруда ештеңе көрмедім, қайтуда жапан дүзде адамсыз қосақта тұрған көп қойды бір жетімек қозы емеді, бірақ та тоймайды, мұны көрдім; онан кейін ми далада тұрған аппақ отауға келіп айқайлап едім, дыбыс бермеді. Атымнан түсіп есігін ашсам, адам жоқ, іші тола сасыған өлімтік. Онан өткенде жөніне қарай кетіп бара жатқан бір топ қыз-келіншек көрдім, жетейін деп қаттырақ жүрсем де жете алмадым, ақыры ұзай-ұзай ғайып болды», – депті. Атасы Жайық күйеуіне: «Жапан дүздегі қосақта тұрған көп саулық — халық, еміп жатқан жетімек қозы әкімдерге мысал, халықты қанша сорса да тоймайды; ми даладағы ақ отау күндегі адамбыз, сыртымыз сондай әдемі, ішіміз өлімтіктей арам ғой; алдыңда жөніне қарай жүріп бара жатқан бір топ қыз-келіншек осы келудегі мақсатың еді, бұл мақсатың саған жеткізбей кетсе, мақсатыңа жете алмай, бос қайтады екенсің, шырағым», – депті.
Күйеу ауылына кеткен күні қалыңдығы «ауырдым» деп жатып қалған екен, бүгін ауруы қатаң жатыпты, бір-екі күннен кейін дүниеден қайтыпты. Күйеу қалыңдығын қолынан торы аттың қасына қойысып, жылап-жылап еліне қайтыпты. Осы күнгі Орал қаласының шығысындағы «Торатбасы», «Қыземшек», «Шыңғырлау» деген жер аттары сонан қалыпты деседі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: