Алдардың өгіз семірткені. Керуенбасын екі алдауы — Қазақша Ертегі
Бір күні Алдар үлкен қара жолмен сапар жүріп келе жатып, мал айдаған үлкен бір керуенге кездеседі. Алдар жанынан жортып, өтіп бара жатқанда керуенбасы:
— Әй, жігітім, босқа жүргенше, мал таппайсың ба? — дейді.
— Табайын, — дейді Алдар.
— Олай болса, біз саған жүз өгіз берелік. Соны қасымызда жайып, айдап отыр. Осыған көнесің бе? — дейді.
— Жақсы, көнейін. Өгіздеріңді айтқандарыңдай семіртіп берейін, — дейді Алдар.
Сөйтіп, керуеннің жүз өгізін жаюға алады. Өгіздерін керуенді жанамалап айдап, бірнеше күн жүріп отырады.
— Бұл жануарларды азырақ қатты айдап, ішін босатпаса болмас, ауырлап жүре алмай келеді, — деп, бір күн өгіздерді тышқақтата айдап, қуа жөнеледі. Сол қуумен отырып, керуеннен бірнеше күндік жерге озып кетеді.
Бір жерге келеді де:
— Жырымдап берген малды алған Алдарды көрген екенсіңдер,— дейді де, өгіздерді маң даладағы бір қораға қамап тастап, барлығының да құйрықтарын керуеннің жүретін жолындағы бір үлкен батпаққа әкеліп, әрқайсысын әр жерге шаншады. Өзі батпақтың бір шетін қазуға кіріседі. Бірнеше күннен кейін керуеншілер келеді. Келсе, өгіздері жоқ. Алдардың өзі батпақты айналдырып қазып жатыр.
— Ау, неғып жатырсың? Өгіздер қайда? — дейді керуенбасы.
— Ой, не қыласың? Өгіздер тойынып, жүндері түлеп, шөлдегеннен бой бермей, мына батпаққа келіп, түсіп кеткені. Батпақтың асты су емес пе? Сол суға тұмсықтары жетіп, су ішіп, шықпай жатқаны! Қандары кеуіп қалған екен, тіпті, шығара алмай қойдым,— дейді.
— Қані, батпақта өгіз түгіл сайтан да жоқ қой, — дейді керуенбасы.
— Ана құйрықтарын көрмейсің бе, шошайып шығып тұрған. Өгіз болмаса, ол не? — дейді Алдар.
— Ал, өгіз ол болсын, өзің жерді неге қазып жатырсың?
— Өгізді айдап шыға алмағасын мына батпақты қазып, бір—бірлеп айдап шықпақшы едім.
— Қой, мынауың еріккеннің ермегі! Сол батпақты қазып болғанша біз жолдан қалып жатамыз ба? — деп түсе қалып, күшіне сенген бір неме екен, жүгіріп барып, бір құйрықты ұстай алады.
— Ойбай, тоқта! — деп, Алдар жүгіріп барып, жібермейді.
— Ал, немене?
— Ойбай, құйрығынан тарта көрме! Сиырдың құйрығы осал болады. Үзіліп кетеді. Сиырдың көбі шолақ болатынын білмейсің бе? Құйрығын тартып, үзіп алсаң, бірі қалмастан суға кетеді. Олар жалғыз ғана құйрығына ілігіп тұр. Әйтпесе, суға кетіп қалады, — дейді.
— Боқ жеп тұрғаның не өзі? — деп, керуенбасы жүгіріп барып, бір құйрықты тартып қалып, суырып алады.
— Мынауың қалай бос еді, — деп, екінші біреуін тағы суырып алады.
— Апырай, күшің қалай еді, жарықтығым! Өгізден де күшті екенсің. Күшті балуан адамды өмірімде бірінші көруім — күшің де байлығыңа сай келген екен. Ойбай, енді тарта көрме! Мына күшіңмен бір өгіз де қалмайды. Бәрінің де құйрығы үзіліп, батып кетеді. Онан да базардан тез кетпен сатып әкеліп, жабыла қазсақ, бәрін де аршып аламыз. Апырай, күшіңнен қорқайын дедім. Енді тартуыңды қой, — дейді Алдар, жүгіріп келіп, керуенбасшыны ұстап.
Керуенбасы мақтаншақ бір мырза екен. «Өгіздей күшің бар» дегенге кеудесін көтере түседі. Мақтанып, тағы бірнеше құйрықты жұлып алады.
Ақырында, малға құмарлығы мақтаншылығын жеңеді. Тартуын қояды.
— Тез күрек әкеліп, аршыған жөн болар, — деп, құйрықты тартуын қояды.
— Міне, жүз сом ақша. Біреуің тез барып, күрек сатып әкеліңдер, —дейді керуенбасы жігіттеріне қарап.
Жүз сомды көріп, Алдардың көзі жайнап кетеді.
— Күрек әкелгенде бір мән бар. Құйрықтың үшіне ілініп тұрған өгіздер көпке төзбейді. Осал құйрық емес пе? Екі-үш күннен кейін үзіліп кетеді. Тез қазып алу керек болады. Кетпенді қалайда кешке дейін жеткізу керек. Бұған бір жүйрік жігіт баруы керек, — дейді.
Жігіттердің ішінен «Мен барам» деуші табылмайды. Бәрі де «Бүгін күрек жеткізу қайда! Базарға да жете алмаймыз», — дейді.
— Болмас-болмас! Мен өзім-ақ жүгірейін, — дейді Алдар.
— Олай болса, жарайды. Мә, ақша! Қалай да бүгін жет! — деп, керуенбасы жүз сомды Алдарға береді.
Жүз сом қолға түскесін Алдардың аяғы аяғына жұқпайды. Құйындай ұшып жөнеледі.
— Шайтанның жүйрігі-ай! Лезде көз үшіне жетіп, жоқ болды, — деп, керуендегілер мақтасады.
Алдекең жүгіріп отырып, қамаған өгіздерге келіп, алдына салып айдап, тайып отырады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: