Алдардың Тазшаны емдеуі, тәубаға келуі — Қазақша Ертегі

0

 

Өгіздерді айдап келе жатса, қой баққан бір тазшаға жолығады. Амандасып, ол-пұл деп отырып, торсығындағы айраннан ішіп, шөлін қандырады.

— Осыны алдап, қойын айдап кетсем, — дейді ішінен Алдар. «Қалай алдаймын?» деп отырып, қойшының самайына көзі түседі. Үрпиіп самайынан шығып тұрған шашын көріп, таз екенін біледі. «Енді жайыңды таптым», — дейді ішінен.

— Қой баққан деген азап қой. Мен де талай қой баққанмын, — деп, Алдекең үлкен кеңеске түседі — қой бағудан көрген бір азабым сол, шаңырақта, азапта жүріп, сар қотыр таз болғанмын. Тазша деген ат қандай жаман! Құтыла алмай жүргенде, тәңір жарылғағыр, бір емшінің емдеп жазғаны, — дейді.

— Ол қандай ем істеп еді, — деп, қойшы шап ете түседі.

«Енді қармаққа іліндің бе?» — дейді де ішінен, қалай емдегенін айтады.

— Бір күні қойымды жайып отыр едім. Мойнында дорбасы бар бір адам келді. Келіп отырып, басымның таз екенін көріп: «сорлы, өлесің ғой, емдетпейсің бе?» — дейді. Мен ем таба алмай жүргенімді айттым.

— Ем таба алмады деген не? Мен-ақ емдеп берейін, — деді. «Емдеңіз», — деп, жабыса кеттім.

— Бірақ, байдың көп қойын аяйсың ба, қасқыр жеді дерсің. Біреуін сой. Әрі етіне тоялық, әрі басыңды жазалық. «Басыңды жазу үшін құйрығы мен іш майы керек», — деді. Бір қойдың несін аяйын, сол жерде сойдым да, әрі етін асып, етке тойдық, әрі құйрығы мен ішкі майын басыма тартып, тазымды жазып алдым. Сол емшіден үйреніп, бастары таз ауылдас балалар бар еді, солардың бәрін емдеп жаздым… Қой, ойбай, әңгіме айтам деп, жолымнан қалдым. Енді жүрейін, — деп, Алдар тұра келеді.

— Ойбай, ағатай, менің басымды да емдеп кет, — деп, тазша жабыса кетеді.

— Ойбай-ау, сен де таз ба едің? Манадан бері айтсайшы! Онда емдейін, — дейді.

Тазша қойдан таңдап жүріп, бір семіз қойды ұстап, алып келіп, ұрып, сояды. Етін асады. Етке тойып алып:

— Ал, еміңді істе, — дейді.

— Емімді істейін, бірақ, сен шартымды орында, әйтпесе, жаза алмайсың,—дейді Алдар.

— Орындаймын, — дейді тазша.

— Орындасаң, құйрық пен шарбы майды басыңа ораймын. Сен ықтау жерде бір күн, бір түн қимылдамастан, көзіңді ашпастан жатасың. Содан кейін тазыңнан түк те қалмайды. Оған дейін қойыңды мен жая тұрамын, — дейді.

— Жарайды, — дейді тазша.

Алдар қойшының басына құйрық пен шарбы майды орап, бір апандау жерге апарып, жатқызады.

— Ал, қыбыр етпе. Май әбден сорып алсын, — деп, жатқызып тастайды. Сөйтеді де, жүз өгізге қосып алып, қойды да айдап жүре береді.

Қойшы басының тазын майға сорғызып жата тұрсын, енді кетпен күтіп қалған керуенге келелік.

«Алдарды кетпен әкеледі» деп, керуеншілер әні жатады, міні жатады. Бір күн өтеді, екі күн өтеді, үш күн өтеді.

— Әй, осы қу алдаған болар, — дейді.

Біреуі барып қараса, өгіз түгел дәнеңе жоқ, бәрі де әшейін шаншылған құйрық, «Ұрған екен!» — дейді. Енді бәрі жиналып, күшіне мақтанған керуенбасын жатып келіп мазақтайды.

— Апыр-ау, бұл не деген күш! Құйрықты нағып көтерген?! — дейді біреуі.

— Апыр-ай дейсің! Батпақ қалай бірге қопарылмағаны! — дейді екінші біреуі.

— Оны айтасың-ау! Жер нағып дірілдемеген десейші! — дейді үшіншісі.

— Дірілдемегені несі! «Әуп» деп, құйрықты тартып келіп кеткенде, жер теңселіп, көктегі Күн домалап барып, азар қалған жоқ па? — дейді енді біреуі.

— Әжүз-Мәжүз шығады дейтін еді. Тауды тауға соғады дейтін еді. Осы сол Мәжүзің…. — деп, енді біреуі келекелеп келе жатқанда, керуенбасы ұшып тұрып:

— Тоқтатыңдар енді, бірдеңе көрейін демесеңдер! Сол қуды тауып алып, құйрығына таңба басып, құл қылмасам, жер үстінде жүрмейін, — деп, тұра көліктерін жектіреді.

— Айтамыз ғой! Осыда бір күш бар, — деп, керуеншілер сықақтайды.

Керуеншілер күн жүріп, түн жүріп, Алдарды іздейді. Алдардың кеткен жолымен келе жатса, басына шарбы орап, апанда жатқан біреуге кездеседі. «Дәу де болса, осы болар», — деседі.

— Тұр! — деп айқайлайды. Қойшы тұрмайды. Біреуі келіп, теуіп қалады, оған да тұрмайды.

«Мынау өлген адам екен», — деп, басындағы майын жұлып алса, бір тазша. Өлуі былай тұрсын, бетіне май сіңіп, нарттай болып алған.

— Не ғылып жатырсың?

— Емделіп жатырмын.

— Неден?

— Тазымнан.

— Құйрық пен шарбыдан емделуге болады деп кім айтты?

— Ар жақтарыңдағы қой жайып жүрген адам айтты.

— Қайдағы қой жайып жүрген адам?

— Ар жақтарыңдағы.

— Ар жағың қайсы?

— Е, ар жақтарыңда қой жатқан жоқ па?

— Қой, түге, шайтан да жоқ.

— Қойшы, әй! — деп, тазша ұшып тұрады. «Өзің қойшы», — деп, керуеншілер күліседі.

Тазша қараса, қой түгіл, дәнеңе де жоқ. Алдардың алдап кеткенін енді біледі. «Енді бай өлтіреді» деп, еңіреп, отыра кетеді.

— Сен жылауыңды қой. Біреу алдап, жүз өгізімізді айдап кетті. Соны қуып, іздеп келеміз. Бізге ер, сен де табарсың, — дейді керуенбасы.

— Ойбай, жүз өгіз айдаған тап — сол, — дейді таз.

— Е, олай болса, бізді алдаған қу сені де алдаған екен. Жоғымыз бір жерде екен. Жүр, ізделік, — дейді.

— Жарайды, — деп, тазша бұларға қосылып, Алдарды бірлесіп іздейді.

Керуеншілер мен тазша Алдарды айлап, жылдап іздейді. Бармаған, сұрастырмаған жерлері қалмайды. Ақырында, Алдардың ауылы қайда екенін біледі.

Керуеншілер мен тазшаның тынбастан іздеп жүргенін бір күні Алдар да есітеді. «Енді не амал қылдым?» деп, ойлап-ойлап, ақыры, амалын табады. Бір күні еліндегі қарияларын жиып, Алдар садақа беріп:

— Ал, елдің жақсылары, кәриелері! Бармаған жерім жоқ, баспаған тауым жоқ. Соншама ел кезіп жүріп, істеген жақсылығым да болар, жамандығым да болар. Енді бүгінгі күн тәубаға келіп, өткендегіден безіп отырмын. Өмірімнің ұзақ еместігі өзіме аян болып жүр. Сол себептен сіздерден патиқа алу үшін, сонымен бірге көзімнің тірісінде қабірімді тұрғызу үшін шақырып отырмын, —дейді.

Көпшілік «әумин» деп, патиқа қылып, садақа етін жеп, Алдардың қабірін тұрғызысуға кіріседі.

— Алдардың тірі отырып, моласын салғызғаны — тәубаға шын келгені екен, — деседі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: