Алдар Көсе мен Алаша хан — Ертегілер
Баяғы Алаш алаш болғанда, сол уақыттарда Алаша деген кісі хан болып тұрғанда, Алдар көсе деген адам алдайтын біреу болған екен. Бір күні сол Алдар көсе Алаша ханға келіп айтыпты:
— О, тақсыр, менім бір өнерім бар, сізге айтайын деп келдім, — депті.
Сонда хан:
— Рұқсат, айта бер, қандай өнерің бар? — деді.
Көсе айтады:
— Тақсыр, мен алтынды егіп шығаратын өнерім бар. Егерде бір батпан алтын берсеңіз, мен сол алтынды егіп, сізге бір қызмет қылсам, — деді.
Хан көріп, айтады:
— Егер де алтынды алып, егіп шығара алмасаң, не қыламын? — деді.
Көсе:
— Тақсыр, өлтіріңіз, — деді.
Хан мақұл көріп, мың тілләлік алтын береді. Алдар көсе алтынын үйіне алып келеді. Хан Алдар көседен күнде хабар алдырып тұрды, не қылып жатыр екен, — деп.
Ханның хабаршылары келгенде қос өгіз алып, бір таудың бөктерін айдап, егін егіп жатқан кісі болып егіп жүріп, «бір мың бол!» — деп, хан жасауылдарына естіріп айтады. Сөйтіп, өтіріктен көсе алтынды егіп болды. Енді жұрт күзгі егінін орып болған соң хан көсеге жасауыл жібереді:
— Алтынды алып келсін, — деп. Жасауылдар көсенің үйіне келіп, сөйлес қылды. Үйінің ішінен бір әйелдің даусы шығады, «Үйде жоқ», — деген. Сонан соң жасауылдар аттан түсіп, көсенің үйіне келіп қараса, үйінде бір сұлу қыз отыр. Жасауылдар бұл қыздан көсе қайда кетті деп сұраса, қыз айтады:
— Биыл жауын жоқ болған соң ағамның еккен алтынының мәнісі болмай, ханнан қорыққанынан алтын іздеп кетіп, тапсам — келемін, таппасам келмеймін деп кетті, — деді. Сонда жасауыл:
— Сіз кім боласыз? — деп сұрады.
Сонда қыз тұрып:
— Мен сол көсенің қарындасы боламын, — деді. Сондағы «қыз» болып отырған көсенің өзі еді. Жасауылдар бұл сөздерді айтып, жасауыл ханға барып, көрген-білгендерінің бәрін ханға сөйледі. Хан бір адамға бұйырып, дереу барып, көсенің үйіндегі қарындасын алып келіңдер, — деп, бұйрық қылды. Ханның жарлығын екі қылмады, жасауылдар барып, көсенің қарындасын алып келеді. Алып келген соң хан өзінің қыздарының қасына қосып қойды. Ханның екі қызы бар еді.
Көсенің өтірік қарындасымен үшеу болды. Үшеуі тату болып, күліп-ойнап, бір табақтан ас ішіп, бірінің төсегіне бірі жатып, сырласатын болды. Бір күндері түнде ханның қызының біреуі тұрып айтады:
— Осы Құдайдың құдіретіменен үшеуміздің біреуімізді еркек қылса, көп жақсы болар еді, — деді. Сонда көсенің «қарындасы» тұрып айтады:
— Мен бір дауа білемін, соны қылып қарайық, қандай болар екен, — деді.
Ханның қыздары «қыла гөріңіз» деп, өтініп қоймаған соң сонда тұрып көсенің қарындасы ханның қыздарына айтты:
— Үш аяқ су алып келіңіздер, — деді.
Ханның қыздары үш аяқ суды алып келді. Көсе үш аяқ суды қатар қойып, ханның қыздарын бастарына орамалдарын жапқызып, отырғызып қойды. Өзі аяқтарды алдына алып, бірдеме оқып отырған болып, аузын күбірлетіп, дем салып, ханның қыздарына айтады.
— Береді Құдай, бере гөр, Құдай. Бере гөр, Құдай, — деп, тілей беріңіздер, — деді.
Ханның қыздары айтқанына еріп, «Бере гөр, Құдай, бере гөр», — деп, тілеп отыра берді. Сонан соң әлгі суды үшеуі де ішті.
— Енді жатып ұйықтайық, — деп, үшеуі де жатты. Біраз уақыттан соң көсенің «қарындасы» шыр етіп, оянған болып:
— Айналайын, Құдай! Маған берді, — деп, бұтындағы «аспабын» ханның қыздарына көрсетіп, Құдай тілекті берген соң тоқтау бар ма, — деп, қасындағы ханның екі қызын көсе батыр күні-түні көтеретін болды.
Бір күні ханның бір жақсы көретін уәзірі ханға жаушы жіберді.
— Хан екі қызының бірін маған берсін, — деп. Жаушылар бұл сөздерді естіген соң хан ойланып, өз қыздарын қойып, Көсенің «қарындасын» бермек болды. Отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, жорға бие сойдырып, елдің бәрін шақырып, тойындырып, үлкен атақты тойыменен көсенің қарындасын уәзірге ұзатып беретұғын болды. Сол уақыттарда Көсенің «қарындасы» ханға келіп:
— Тақсыр, менің алдыма екі күң қосып беріңдер. Біреуінің құлағы сөз естімейтін керең болсын, біреуі тілі жоқ мылқау болсын, — деді.
Хан бұл сөзін мақұл көріп, халқына хабар салып, айтылғандай екеуді тауып, Көсенің «қарындасының» алдына қосып, ұзатып жібереді. Уәзірдің үйіне жеткенше үш-төрт күншілік жол екен. Жолда келе жатып, қонған жеріне қасындағы жолдастары ұйықтаған мезгілде көсенің «қарындасы» баяғы ханның қыздарына қылатын өнерін тілі жоқ күңге қылады. Әбден тыныштық бермейді. Күң сорлы ертеменен тұрғанда қасындағы кереңге өз қолының саусағын жұмалақтап, білегін саптап, шынашағын бір қолымен ұстап, Көсенің «қарындасының» «аспабындай» қылып, онан өзіне істеген қимылын «Мені осындай қылды» деп көрсетсе, керең білмей, қорқады.
— Маған барған, үстіп ұрғызасың, — деді. Осылай етіп жүріп, уәзірдің үйіне келіп жетті. Уәзір үйіне кіргізіп, ойын ойнамаққа қасына жақындық қылмаққа ойланды. Сонда көсенің «қарындасы» уәзірден үзір тіледі.
— Неше күннен бері жол жүріп, шаң, топырақ ұрып, үсті-басымызға кірменен тозаң жабысқан. Бір аптаға сүрек берсеңіз, кір-қоңымды жуып, тазаланайын. Және тағы екі ат жақсылап ерттетіп қойсаңыз, мініп, далаға шығып, көңіл көтеріп келсек, онан соң мейліңіз, — деді.
Уәзір бұл сөздерін мақұл алып, екі ат ерттетіп қойды. Көсенің «қарындасы» уәзірге: — Тағы арақ-шарап келтірсеңіз екен, ішіп, көңілімізді хан қылып отырсақ, — деді. Уәзір дереу бір адамына арақ-шарап алып келуге бұйырды. Арақты алып келген соң екеуі әбден ішіп, уәзірді әбден мас қылып тастап, уәзірдің үйіндегі барлық қазына-мүліктерін алып, екі атқа артып, уәзірдің сорын қайнатып, кетіп қалды. Біраздан соң уәзір мастығы тарқап, ұйқыдан тұрса, қатыны, екі ат, қазына-мүлкі жоқ. Бұларды өз дұшпандарым қылғанды деп, халқына қатты қысым қылып, еш бірін таба алмай, әуре бола тұрсын. Ендігі сөзді көсенің «қарындасынан» естіңіздер.
Көсенің «қарындасы» банағы екі атқа артқан зерді алып, қыз болған киімін тастап, кәдімгі көсенің өзі болып, ханға келіп, екі аттағы артқан зерін көрсетіп, ханға айтады:
— О, тақсыр, биыл жауын болмай, берген алтындарыңызды егіп едім, бітпей қалған соң сізден қорқып, алтын іздеп, тауып келтірсем деп жүргенде үйімді талап һәм қарындасымды алып келіп, уәзіріңізге беріпсіз. Тақсыр, бұл қандай зорлық, қандай қорлық, — деп, ханның ордасында айқайлап жаңғыртып, ханның әбден есін кетіреді. Сонда хан тұрып айтады:
— Қарындасың болса, қор қылғаным жоқ, жерін тауып бердім. Алтының бітпей қалғаны Құдайдың ісі, айып емес. Мойныңыздағы алтындарымды кештім. Алып келген зеріңді өзің алып, бай бол, — деді.
Бұл арада уәзірдің кісілері келіп, ханға айтады:
— Көсенің қарындасы мен қазынамыз, ерттеулі екі жарамды атымыз жоғалды. Қайдағы қуға бізді кез қылдыңыз, — деп, көп сөздер айтыпты. Мұны Алдар көсе естіп, бұрынғыдан да бетер айқайлап, қарындасымды ұрып өлтірген, соны сылтауратып, өтіріктен жоғалды деп, қарсы дау қылып тұрғаны деп, ханның мазасын алды. Хан, тіпті, болмаған соң біраз ойланып отырып:
— Ау, көсе, көп сандырамай, менім бір қызымды ал! Өзің менім алдымда уәзір бол, — деді. Көсе «құлдық» деп, ханның бір қызын алып, алдында уәзір болды. Екінші қызын хан қатыны қашқан уәзіріне ұзатып береді. Сөйтіп, көсе де, уәзір де мұраттарына жетіпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: