«Құрбандыққа шалдым»: Гүлдана Санақбайды не үшін өлтірген?
Жамбыл облысы Шу өзенінің бойынан денесі табылған Гүлдана Санақбайдың өліміне күдікті деп танылған бұрынғы күйеуі мен оның жолдасына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды kznews.kz сайты caravan.kz порталына сілтеме жасап.
Алғашқысы Берік Қалқан 18 бас бостандығынан айырылса, досы Нұрлан Дархан 3 жылға темір торға тоғытылды.
Естеріңізге салсақ, биылғы 11 ақпан күні Гүлдана Алматы қаласына емделуге жолға шығып, сол бойы із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Бұл оқиға елді дүрліктіріп, оны іздеуге туыстары, полицейлер мен еріктілер шыққан.
Тіпті, Гүлдана Санақбай «Тасөткел» су қоймасына батып кетуі мүмкін деген болжаммен сүңгуірлер жіберілген еді. Алайда су айдынында үлкен толқын көтеріліп, сүңгуір Жұмағали Әбдірахмановтың өзі ажал құшқан. Бұдан кейін көп ұзамай Гүлдананың денесі Шу өзенінің бойынан табылды. Күдікті ретінде Гүлдананың бұрынғы күйеуі мен қылмысқа қатысы бар автокөлік жүргізушісі қамауға алынған.
Алайда Гүлдананың анасы Индира Татиябекқызы соттың алғашқы отырысында қарсылық білдіріп, істі «ұйымдасқан қылмыс» бабымен қарауды сұраған еді.
– Қылмыстық іс амалдарымен келіспеймін. Бұрынғы күйеубалам Берік Қалқан ісінің Қылмыстық кодекстің 99-баптың 1-тармағы бойынша дәрежеленуіне қарсымын. Өйткені қызымды алдын ала келісіп, көліктен-көлікке ауыстырып, адамдарды дайындап, әдейі алдын ала жоспарлап өлтіргені туралы айғақ бар. Қасындағы бала 434-баппен айыпталып жатыр, оның да 99-баптың 2-тармағымен ісі қаралуын талап етемін. Прокуратура неге бұлай шешті? Осы сұрақтың қаралуын сұраймын, – деген еді Индира Татиябекқызы.
Ана жүректің бұлайша шырыл қағуы бекер емес екен. Себебі сот отырысында көлік жүргізушісі ретінде ұсталған Нұрлан Дархан бар кінәні Гүлдананың бұрынғы күйеуі Берік Қалқанға жабуға тырысты. Оның сөзіне сүйенсек, Шу ауданындағы қылмыс әлемінде беделі бар Берік Қалқаннан қорыққанынан Гүлдананың өлі денесі қайда жатқаны туралы айтпаған екен. Егер тіс жаратын болса, Берік Қалқан Нұрланның бүкіл отбасын «өлтіремін» деп қорқытқан көрінеді.
Сотта Берік Қалқан өз қылмысын мойындамады. Ал Нұрлан Дархан екінші сот отырысында Берік Қалқанның Гүлдананың денесіне пышақ сұғып, суға лақтырып жібергенін айтқан. Бұл жайында бізге Индира Татиябекқызы баян етті.
– Үкім шығарған сотқа да, прокурорға да еш өкпем жоқ. Тек іс басында тергеу амалдары бұрмаланып кеткен. Сондықтан бұрынғы күйеубалам Қылмыстық кодекстің 99-баптың 1-тармағы бойынша жаза алды. Бірақ мен 99-баптың 3-тармағы бойынша сотталуын сұрап едім. Себебі менің қызымды бұлар ұйымдасқан түрде қасақана өлтіріп отыр. Оған дәлел ретінде «Бахар» сауда үйінен Гүлдананың азық-түлік алып, ақ түсті көлікке отырған видеосын таптым. Осы ақ көліктің иесін іздеп барып сұрағанымда ол қызымды бір жерге апарып тастағанын, одан кейін көрмегенін айтты. Алайда осы азамат сотқа куәгер ретінде қатысып, күйеубалам мен Нұрлан Дархан екеуі оған ұялы телефондарын қалдырып кетіп, төрт сағаттан кейін оралғанын айтты.
Демек, ол да қызымның өлгенін білген. Бірақ ол 77 күн бойы осыны жасырып, сотта ғана шындықты ашты. Ал Нұрлан сотта күйеубалам қызымның денесіне пышақ сұғып, суға лақтырып жібергенін мойындады. Пышақ қадалған бойы қызымның денесінде кеткен. Кейін күйеубалам Нұрланға «Ислам шариғатында адамды құрбандыққа шалу деген бар, сол үшін әйелімді өлтірдім» деп өзінің қылмысын түсіндіріпті. Осының бәрін олар жасырып келді. Сондықтан бұл – «адам өлтіру емес», «қасақана, ұйымдасқан түрде адам өлтіру» қылмысы. Тергеу амалдарының дұрыс жүргізілмеуінен күйеубалам 25 жылға бас бостандығынан айырылатын баптан құтылып отыр.
Сот үкімді апелляцияға беруге болатынын айтты. Бірақ мен бермеймін. Оған денсаулығым жарамайды. Асырап алған 5 жасар немеремді ойлауым керек. Құдалар жақ апелляцияға бермейтін секілді. Себебі олар да қылмыстық істің жазасы ауырлап кетуінен қорқады. Оған қоса, бұл күйеу баламның үшінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылуы. Бірінші кезде ұрлықпен ұсталса, екіншісінде анашамен абақтыға қамалған. Енді, міне қызымды өлтіріп отыр.
Мен сот үкімін апелляцияға бермесем де, қызымды дүкеннен алып кеткен ақ түсті көліктегі азаматтың үстінен шағым түсіремін. Оның да бұл қылмысқа қатысы бар, – дейді Индира Татиябекқызы.
5 жасар жиенін бауырына басып қалған ана осылайша жүрек үнін жеткізді. Әрине, сот куәгер деп тапқан азаматты кінәлаудан аулақпыз. Оның қылмысқа қатысы бар, әлде жоғын құзырлы органдар анықтай жатар. Бір анығы – қылмыстық істе басты күдікті ретінде танылған Берік Қалқан 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Нұрлан Дархан да жазасыз қалған жоқ.
Одан бөлек, сот Берік Қалқан мен жолдасына қайтыс болған Гүлдана Санақбайдың анасына 10 миллион теңге өтемақы төлеуін міндеттеді. Берік Қалқан 8 миллион теңгесін, екінші айыпталушы 2 миллион теңгесін өтеуі керек. Осы материалдық өтем қайғыдан қан жұтқан отбасының жүрегіне аз да болса жұбаныш болсын деп тілейміз.