Журналистерге шабуыл жоспарлы түрде жасалды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің пікірінше, Алматыда баспасөз жиынына барған журналистерге шабуылды жоспармен жасалған. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі хабарлады. Заңгер өзі куә болған оқиғаны «қатардағы жанжал» ретінде сипаттаған ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәлімдемесі БАҚ өкілдеріне қатер төндіреді деп санайды.

«(Шабуыл) мұқият жоспарланған сценариймен жасалды. Оксана Шевчуктың анасы екеуміз баспасөз залына кіргенімізде шымыр денелі бірнеше «көп балалы ана» бірден бізге ұмтылып, екеумізді екі жаққа бөліп тастауға тырысты» дейді Нұрпейісов.

Ол залда нақты мақсат көздеген екі топ болды деп санайды. Адвокаттың сөзінше, бір топ айғай-шу шығаруға тырысса, екінші топ осы оқиғаны түсіріп жатқан азаматтарың телефондарын тартып алып, видеокамераларды сындырған. Нұрпейісов «көп балалы анамыз» деген әлгі әйелдер өзін қапсыра ұстап, бұрышқа тықсырғанда олардың «қолы ауыр, қайратты» екенін сезінгенін айтады.

Сонымен бірге адвокат Ғалым Нұрпейісов 22 шілдеде Алматыда баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар мен БАҚ өкілдеріне шабуыл жасалған оқиғаны «екі тарап арасындағы жанжал» деп атаған ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың сөзі көңіліне күдік ұялатқанын айтады.

«Бұл оқиғаны кінәлі екі жақ арасындағы әдеттегі жанжал деген министрдің мәлімдемесі адвокат және қарапайым азамат ретінде мені аса қатты алаңдатады. Бұл жерде журналиске қол сұқпау мәселесі сөз болып отыр, өйткені заңға сәйкес, журналистер – ақпаратты жинап, тарататын ерекше санаттағы адамдар. Яғни оларсыз біз ешқашан шынайы ақпаратқа қол жеткізе алмаймыз. Қылмыстық кодекстің 158-бабы журналистерді қорғау үшін арнайы жазылған. Егер жауапты лауазымды тұлғалар мұндай оқиғаға қатардағы жайт деп қараса, бұл бізде сенім дағдарысы барын білдіреді» дейді адвокат.

Бұған дейін, сейсенбі күні Нұр-Сұлтандағы үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбатында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыда 22 шілдеде Азаттық пен өзге де бірқатар БАҚ өкілдеріне белгісіз әйелдердің шабуылы «ұйымдастырылып жасалған» деп топшылайтын құқыққорғаушылардың сөзін үзілді-кесілді жоққа шығарған болатын.

«Кеше Алматыда баспасөз мәслихаты я брифинг кезінде болған оқиғада екі жақ жанжалдасып қалған. Сондықтан бұл оқиға көпшілікке тарады. Қазіргі кезде екі тараптан да өздеріне дене жарақаты түскені және бұзақылық қылық жасалғаны туралы арыз түскен. Әр тарап полиция мен дәрігерге жүгінді. Екі арыз тіркелді, анықтаймыз» деді министр.

22 шілдедегі оқиғаның куәгерлері «екі тарап арасында жанжал» болған жоқ дейді. Алматыдағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросында елде тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысы бар деген күдікпен тұтқындалған көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың үстінен қозғалған істер туралы баспасөз жиыны өтуі тиіс еді. Жиын өтетін ғимаратқа келген Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаева мен операторы Тоқмолда Құсайыновқа тап берген бір топ әйел журналистерге қол жұмсап, видеокамераны сындырып тастады. Олардан зардап шеккендердің арасында ҚазТАГ агенттігі мен жергілікті билікке қарасты «Алматы» телеарнасы өкілдері де бар.

Оқиға болған жерге жарты сағаттан кейін келген полиция өкілдері шабуылға қатысқан бір әйелді ұстады. Өзгелері полиция келгенше кетіп қалды. Алматы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің «Өзінше билік ету» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Полицияның дерегінше, баспасөз жиынын ұйымдастырушылар мен журналистер – барлығы бес адам арыз тапсырған. Сонымен бірге полиция «шараны ұйымдастырушылар мен журналистерден жапа шеккенін» айтқан үш адамнан шағым түскені туралы хабарлады.

23 шілде күні интернетте Азаттықтан кешірім сұраған екі әйелдің сөзі жазылған видео жарияланды. YouTube-те былтыр тіркелген «Мас Киеубала» каналында жарияланған видеода аты-жөнін атамаған әйелдердің бірі: «Егер біз Азаттық радиосына зиян келтірсек, шын ниетіммен Азаттық радиосынан кешірім сұраймын» дейді. Екіншісі «Азаттық радиосынан кешірім сұрағымыз келеді, олардың айтуынша, біз зиян келтірген екенбіз. Біз жағдайды түсіндіру үшін телефон шалдық, бірақ олар қолы бос емес екенін айтты» деп мәлімдеген.

Азаттық редакциясына және дүйсенбі күні шабуылға ұшыраған Азаттық журналистеріне бұған дейін кешірім сұрап ешкім хабарласқан жоқ.

Азаттық тілшілерінің кәсіби қызметіне кедергі келтіру оқиғалары бұған дейін де бірнеше рет болған. 6 шілдеде Нұр-Сұлтанда белгісіз біреу Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Ержан Әмірхановқа көзден жас ағызатын газ шашқан. Журналистер биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткенімен, билікте ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен сәйкес келетін Астана күні наразылық білдіріп көшеге шыққан ​азаматтарды полицияның ұстағаны туралы хабар дайындап жүргенде шабуылға тап болған еді.

Оқиға болған жерде жүрген полиция өкілдері Азаттық журналистерінің кәсіби жұмысына жүздерін жасырып, қолшатыр ұстаған белгісіз адамдардың кедергі келтіргені туралы айтқан арыз-өтініштерін елеусіз қалдырған. 16 шілдеде Азаттық полицияның әрекетсіздігіне шағым айтып, бас прокуратураға арыз жазды. Әзірге оған жауап келген жоқ.

Azattyq

Загрузка...