Шымкентте клизмадан күйіп қалған сәбидің жағдайы анасын алаңдатып отыр

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Клизмадан күйіп қалған бала әлі толық жазылмаған, қазір жергілікті дәрігерлер емдеп жатыр

АЛМАТЫ, 24 сәуір – Sputnik. Шымкентте клизмадан күйіп, Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында емделіп шыққан шымкенттік сәбидің анасы Арайнұр Қалқаман Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді.

Оның айтуынша, бала толық жазылмаған, олар жергілікті дәрігерлердің қарауымен әлі ем қабылдап жатыр.

22 сәуір күні Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығынан Шымкентте күйік шалған сәби емделіп шыққан болатын.

Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасымен бас дәрігерге сөгіс жарияланды 

«Баланың жағдайы жақсы, күйік жаралары толығымен жазылды. Бала 19 күн бойы емделді, қазір белсенді, температурасы жоқ, тәбеті жақсы», – деп жазылған Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сәбидің анасы бұл айтылғандарды жоққа шығармайды, бірақ жара толық жазылмағанын айтады.

Клизмадан күйген баланың қазіргі жағдайы

«Алматыдағы емханаға түскенде балама қиын болды. Өйткені күйікке қызылша мен тұмау келіп қосылды. Көп ине, антибиотик алдық. Бала шаршап қалды. Содан дәрігерлер үйге шығып, демалуға кеңес берді. Қазір температура жоқ. Онда барғанда басында екі күн қан түскен. Одан соң қойды. Үлкен жара кетті, бірақ қызарған орны әлі бар. Соған мазь жағып, дәкемен орап жүрміз», – дейді ол.

Арайнұр Алматыдағы дәрігерлер өзіне уәде бергенін де айтты.

«Бала да, мен де шаршадым. Бірақ толық жазылған жоқпыз ғой. Содан шығып кетсек, бұл кісілер қайта бізді қарамай қоя ма деп қатты күмәндандым. Осыны айтып едім, олар күлді. Қандай да бір күдігіңіз болса, бізге хабарласаңыз, мүмкіндік болса келіңіз, біз міндетті түрде қараймыз деп уәде берді», – дейді ол.

Қазір ем алған кішкентайдың іші қатып қалып жатыр екен. Анасы соған да қатты мазасыздануда.

«Үлкен дәреті кеше болмаған. Міне, бүгін де жоқ. Соған мазасызданып тұрмын. Әбден қорқып қалдым ғой. Бүгін біз тіркелген №7 қалалық емхананың хирургы мен педиатры келіп баланы көріп кетті. Дәкесін орап берді. Дәрігерлердің қарауымен ем алып жатырмыз», – дейді ана.

Оқыс оқиға қалай болды?

Бір жасар Нұрислам Тасболат 25 наурызда Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Оған ЖРВИ диагнозы қойылған. Тамырына тамшы дәрі жіберілген соң жағдайы оңалып келе жатқан. Алайда 28 наурызда баланы қараған дәрігер оған клизма белгілеген. Өйткені бала 3 күн бойы үлкен дәретке отырмаған. Ал медбике клизма жасаған соң бала жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан.  Себебі клизманың суы ыстық болған. Зардап шегушінің анасы судың температурасы 50-60 градус болғанын айтады.

Бұдан кейін бала облыстық балалар ауруханасының күйік шалу бөліміне ауыстырылған.

Кейіннен сәби санавиациямен Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілді.

Кінәлілер жазаланды ма?

Даулы іс Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің тікелей бақылауына алынған. Термиялық күйіктен соң баланың әкесі полицияға шағым түсірген. Тексеріс нәтижесінде 10 айлық сәбиге клизманы тиісті рұқсаты жоқ инфекционист-дәрігер жасағаны анықталды. Жауапты қызметкерлер оны қадағаламаған.

Осыдан кейін Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасының екі медбикесі жұмыстан босатылып, бас медбике қызметінен алынды. Сонымен қатар, бас дәрігер әкімшілік жазаға тартылып, оның орынбасары мен емдеуші дәрігерге қатаң сөгіс жарияланды.



sputniknews.kz

Загрузка...