Қостанайда «Kostanai – Adaldyq Alany» жобалық офисі ашылды

37
- Жарнаманы баса кетіңіз -

Бұл еліміздегі Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жеимқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменттері құрған үшінші офис болып саналады. Оған кәсіпкерлер, қарапайым адамдар мемлекеттік органдар жұмысына қатысты арыз-шағымдарымен келеді. Сонымен қатар офис қызметкерлері сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, оған қарсы күресті насихаттайтын профилактикалық шаралар өткізеді. Мұнда қызмет істейтін мамандар іріктелді, жұмыстың әдістемелік базасы жасалып, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау салалары жұмысы бойынша сарапшылар тобы құрылады. Кеңседе күн сайын негізгі департаменттер мен ведомстволардың бес өкілі азаматтарды қабылайды.

«Жаңа жылдан кейін қоғамдық бақылаудың интерактивтік картасын жасайтын боламыз. Кез келген азамат сайтқа, порталға кіріп, қаржының қайда, қандай мақсатпен жұмсалып жатқандығын біле алатын болады. Бұл офис мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы көпір міндетін атқарады. Кез келген тұрғын біздің офиске келіп, мемлекеттік қызметке, мен айтқан салалар жұмысына қатысты шағымын, тілегін, ұсынысын айта алады. Тұрғындар шағымы мен ескертулері міндетті түрде қаралатын болады» дейді офис жетекшісі Евгений Бедыч.

«Kostanai – Adaldуq Alanу» жобалық офисін Қостанай облысына іс-сапармен келген ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов келіп көрді.

«Жұмыс мақсаты – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Елбасы 2020 жылға дейін саланы цифрландыру керектігін айтты. Қазір бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Мөлдірлікті қамтамасыз ететін барлық жұмыс цифрландырылады, соған қарамастан қалған мүмкіндіктерді де барынша пайдалану керек. Осылай тұрмыстағы сыбайлас жемқорлықпен күресу керек, тіпті,оны жеңуіміз керек» деді Алик Шпекбаев.

Мұндай офистер Елбасының бастамасы бойынша барлық облыс орталықтарында құрылатын болады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Загрузка...