Қазақтың қыз-келіншектері омырауын үлкейтуге неге құмар және құны қанша: Маман жауап берді – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Тәуелсіздік алғалы елімізде пластикалық ота нарқы қарқынды дамып, жыл сайын хирургтың көмегіне жүгінетіндер көбеюде. Кез-келген адам жасына, қызметіне, жынысына қарамастан сұлу болып қалғысы келеді. Қазақ келіншектерінің арасында әсіресе омырауын үлкейткісі келетіндер өте көп көрінеді. Мұндай отаны өткізу құны, қауіпсіздігі және жүгінетін қыз-келіншектер туралы Stan.kz тілшісі алматылық танымал пластикалық хирург Айна Досанмен әңгімелескен еді. 

омырау

Айна Досан төсін үлкейтуге көбіне бала туған әйелдер келетінін айтады. Сондай-ақ, жас қыздар да жоқ емес. Олар омырауының кішкентайлығынан ұялғандықтан келуге мәжбүр екен.

«Төсін үлкейтуге маған көбіне бала туған әйелдер келеді. 3-4 баладан кейін сүт безінің формасы кішірейеді. Ол өзгергенде төс салбырап қалады. Одан кейін әйел, әрине, төсінің бұрынғыдай болғанын қалайды. Енді бала тумаймын, бала емізіп қажет емес деген әйелдер келеді. Ол кезде артық теріні алып тастаймыз. Яғни, кішірейтетін жағдайда кішірейтеміз. Бала емізгеннен кейін омырау солып қалады да көлемі кішірейіп қалады. Ол кезде іші бос боп қалады. Сол ішкі қуысты имплант салып толтырып береміз», – дейді дәрігер. 
Омырауын үлкейткеннен кейін қыз-келіншектерде өзіне деген сенімділік басым болады екен. Өздерін әдемі сезініп, көңілдері жадырап шыға келетін көрінеді. 

«Мұндай отадан кейін науқас өзін сенімді ұстай бастайды. Психологиялық жағдайына жақсы әсер береді. Мысалы, көбісі «Купальник кигенде іші бос болып тұрады. Ұяламын» дейді. Көп қыздар кішкентай омырауынан қысылады. «Поролон киемін, ішіне мақта толтырып қоямын» деп айтады. Ал имплантатта мақта, поролон қажет емес. Төсек қатынасы кезінде төсі кішкентай болғаны үшін де әйелдер күйеуінен ұялып жатады. Кейде жаңа туған көп әйелдер бір жағымен ғана емізеді. Мұндай кезде бір жағы көбірек салбырап, ал екінші жағы кіші болып қалады. Яғни, екі түрлі болып ассиметрия болып тұрады. Үлкен комплекс тудырады. Өзіне деген сенімісіздік пайда болады. Ондай жағдайда кішірейтеміз. Екі төстің де көлемін бірдей етіп жасаймыз. Осы отаны жасағаннан кейін көп қыздар қуанышқа кенеледі. Киім кигенде де төсі домаланып әдемі болып тұрады. Бұл отаның жақсы жағы осы», – дейді дәрігер. 

Дегенмен, хирург әр отаның өзіндік қаупі барын айтады. Төс үлкейткеннен кейін аса мұқият күтім керек. Жаңа омырауды біраз уақыт қозғалтпай ұстап тұратын арнайы іш киім киюге тура келеді екен. 

«Ал минус жағына келсек, бұл – ота. Кез-келген ота – ол тәуекелге бару. Кез-келген отада дәрігер сізге 100% кепілдік бере алмайды. Отаның жері қанауы мүмкін, кейде тіпті іріңдеп те кетіп жатады. Жүз адамның біреуінде қауіп шығуы мүмкін. Көп жағдайда имплант қозғалып кетеді. Оның орнын қайта өзгертеді. Кішкене ассиметрия беруі мүмкін. Имплант ағзаға сай келмейтін жағдайлар да бар. Бірақ бұл өте сирек кездеседі. Ағза кері реакция беруі мүмкін. Содан асқынулар пайда болады. Осының барлығын біз алдымызға келген науқастарға түсіндіріп айтамыз. Бір ай бойы компрессті іш киім киіп жүреді. Спортпен шұғылданып, физикалық ауыртпалықтар түсіруге болмайды. Отаның бірден-бір минусы осы. Бірақ бұл төс үлкейту отасының минусына қарағанда плюстері көбірек. Сол үшін бұл ең таңдаулы ота қатарына кіреді», – дейді Айна ханым. 

Төс үлкейтудің бағасы әртүрлі. Бірі тіпті арзан бағаға да жасап беруі мүмкін. Алайда, өмір бойы имплантпен жүретіндіктен дұрыс дәрігерге жасату керек. Барлық құрал-жабдықтары жақсы қамтылған емханалар қымбат бағаға жасайды екен.

«Негізі баға әртүрлі. Мысалы, төсті әйелдің денесіндегі өз майын сорып, сонымен үлкейту бар. Оның бағасы аса қымбат емес. Ал имплантпен үлкейтетін ота 1 миллионнан басталады. Өйткені сіз өмір бойы сол имплантпен жүресіз. Ол өте сапалы болуы керек. Ал сапалы дүние қымбат тұрады. Силиконмен үлкейтемін десеңіз, бір миллионнан жоғары», – дейді маман.

Пластикалық оталардың ішінде ең қауіптісі де бар. Алайда маманның айтуынша, әр ота өзінше қауіпті.

«Әр ота қауіпті деуге болады. Егер науқас хроникалық аурулармен ауырса, онда оған қандай да бір ота жасау қиын. Қауіп тудырады. Тіпті меңді алу денсаулығына кері әсерін беруі мүмкін. Сол үшін біз ота жасамас жан-жақты тексертуден өткіземіз. Бет тарту, іштегі майды алу деген сияқты көлемді оталар бар. Бірнеше отаны қатарынан жасау да қиын. Оның наркоз уақытын есептеп аламыз. Мұндай оталарда қауіп жоғары. Ота уақыты ұзарған сайын ол қауіпті деп саналады», – дейді хирург.

Айна ханымға бармаған әншілер аз шығар. Өйткені білікті маман болғандықтан көпшілігі жүгініп жатады екен. Кейбірі көзін үлкейтіп жатса, енді бірі бетін тарттырып, кеңесін алады. Маман науқастарды бөліп-жармайтынын және әр адамның өзіндік сұлулығы барын айтады. Алайда, әншілермен жұмыс жасау ләззат сыйлайды дейді.

«Біз әншіге де, науқасқа да бір ота жасаймыз. Олар да адам. Менің алдыма олар әнші емес, науқас ретінде келеді. Әншілер өнер иесі болғандықтан олармен жұмыс істеуден ләззат аламын. Кейбіреулер «Жұлдыздар да мұрындарын көтере ма?» деп сұрайды. Әрине жасатады. Олар да сіз сияқты, мен сияқты адам. Әр адам өзінше бір сұлу. Кейде ота жасатуға келген қыздарды орта жолдан қайтарамын. Өйткені оған ешқандай отаның қажеті жоқ екенін айтамын. Көп науқастар еуропалық түрді қалайды. Бірақ ол қанша еуропалық түрді қаласа да, біздің қазақтардың сүйек құрылысы, бет-әлпеті оған сай келмейді. Оның көзін, мұрнын барлығын өзгерте аламыз. Десек те отадан кейін науқасқа әдемі боласың деп сөз бере алмаймын», – дейді Айна ханым.

Хирург өзінің ота жасаудан бас тартқан кездері де болғанын айтады. Науқастың өміріне үлкен қауіп төндіруі мүмкін деген отаны жасағым келмейді дейді. 

«Менің жасағым келмейтін оталарымның бірі ол – липосакция. Яғни, іштегі майды сорғызу. Іштегі май адамның өзінің жалқаулығы мен еріншектігінен пайда болады. Өйткені сіз туылғанда сол қарындағы маймен туылмадыңыз ғой. Сол үшін ондай отаны көп жасай бермеймін.

«Сіз өзіңіз тапқан ауру бұл. Сол үшін онымен мен емес, өзіңіз күресіңіз» деймін», – дейді дәрігер. 

Дайындаған Анар ДӘУКЕН

stan.kz

Загрузка...