Азаттық радиосы полицияның әрекетсіздігіне қатысты бас прокурорға арызданды

0

16 шілдеде Азаттық радиосының Нұр-Сұлтандағы тілшілері Өркен Жоямерген, Ержан Әмірханов, Ғанизат Оспанов бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов атына арыз тапсырды.

Арызда Азаттық радиосының тілшілер өздерінің кәсіби жұмысына әлдекімдердің жиі кедергі келтіріп, қоқан-лоқы жасайтынын, оған сол маңда жүрген полицияның ешқандай әрекет етпейтіні жайлы айтылған.

Азаттық радиосы журналистері биыл 22 наурызда Нұр-Сұлтандағы (сол кездегі – Астана) билікке қарсы наразылық шарасынан хабар таратпақ болғанда, бір топ жас журналист пен телеоператор жұмысына кедергі келтіріп, камераны қағазбен көлегейлеген.

Видео: Азаттық тілшілеріне бөгет. Нұр-Сұлтан, 22 наурыз 2019 жыл.

​1 мамыр, 9 мамыр және 9 маусым күндері билікке және сайлауға қарсы наразылық кезінде полиция адамдарды жаппай ұстаған сәттен хабар таратпақ болған Азаттық тілшілеріне маска киген, қолшатыр ұстаған белгісіз біреулер тағы да кедергі келтірген.

6 шілде күні Нұр-Сұлтандағы билікке қарсы наразылық шарасын түсіруге барған журналист Өркен Жоямерген мен телеоператор Ержан Әмірхановқа бетін маскамен тұмшалап алған, қолшатырлы белгісіз адамдар жұмыстарына бөгет болған. Кедергі келтіргендердің бірі тілшілерге газ шашқан.

Ал журналистер өздерінің кәсіби қызметіне кедергі келтіріп жатқандар жайлы сол маңда жүрген Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев пен басқа да полиция өкілдеріне бірнеше рет айтқанымен, олар ешқандай шара қолданбаған.

Азаттық тілшілерінің бас прокурор атына жазған арызында Бақытжан Малыбаевтың да әрекет етпегені айтылады.

Видео: Азаттық тілшілеріне кедергі және полицияның әрекетсіздігі

Елдің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев журналистерге кедергі келтіру оқиғасы жайлы білмейтінін, егер ондай оқиға болса «ресми органдарға арыздану керегін» айтқан.

Бас прокуратура өкілдері Азаттық тілшілерінің арызына 15 күн ішінде жауап беретінін мәлімдеді.

Азаттық тілшілерінің адвокаты Айман Омарованың сөзінше, Азаттық тілшілеріне жасалған іс-әрекеттерден қылмыстық құрам байқалады.

Омарова 22 наурызда камераны қағазбен көлегейлеу әрекетінің соңы газ шашумен жалғасқанын, мұндай заңсыздықтың алдын алмаса, журналистерге қарулы шабуыл жасалуы мүмкін екенін айтады.

Azattyq