Алматыда Карл Байпақовты ақтық сапарға шығарып салды

2

Ғалым 1940 жылы Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келген.

Қаралы жиын барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы марқұмның туыстарына көңіл айтып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді, деп хабарлайды BNews.kz.

“Көрнекті археолог ғалым Карл Байпақовтың дүниеден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Академик Карл Молдахметұлы Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы көне археологиялық жәдігерлер бойынша білім-танымы терең және есімі қалың жұртшылыққа кеңінен танымал беделді де зиялы азамат еді. Ол көп жылдар бойы Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалашықтарды зерттеу арқылы тарихи маңыздылығы құнды еңбектер жазды. Сондай-ақ ол Ұлттық ғылым академиясының археология институтынына жетекшілік жасай отырып еліміздегі осы саладағы жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі іргелі істерді тыңдырды. Ғалымның жемісті әр жылдары еліміздің Уәлиханов және Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтармен және өзге де жоғары дәрежелі марапаттармен атап өтілді. Қазақстандықтар туған елі мен халқының игілігі жолында аянбай қызмет жасап, өзіндік өшпес ізін қалдыра білген ғалымның еңбегі мен есімін ұмытпайды деп сенемін”, – делінген жеделхатта.

Карл Молдахметұлы Байпақов 1940 жылы Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келген.

Карл Байпақов тарих ғылым докторы, профессор (1995), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (2003) және ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі (1996), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1998). 1964 жылы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген.

ЮНЕСКО ұйымдастырған “Жібек жолы” халықаралық экспедициясына Қазақстан тарапынан жетекшілік етті (1991). ЮНЕСКО-ның Орталық Азия тарихымен айналысатын Халықаралық ғылым комитеті мен “Ұлы Жібек жолы” Қазақстан ұлттық комитетінің мүшесі болған.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!