Айтыс ақындары мен жыршылар одағы Тоқаев кандидатурасын қолдады

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы «Нұр Отан» партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайды. Бұл туралы 24 сәуірде Алматыда өткен одақ құрылтайында айтылды.

Одақ төрағасы Жүрсін Ерман президент сайлауына түспейтінін мәлімдеді. Бұған дейін қазақстандық кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде «Жүрсін Ерман сайлауға түспек» деген ақпарат тараған.

Құрылтайда Жүрсін Ерман «әуелде президент сайлауына түсуді ойлағанын айтады. Бірақ Нұр-Сұлтан жақтан бір адамдар «сайлауға қатыссаң,айтыстың жолын жауып алуың мүмкін деп ескерткен». Осыдан кейін ол «сайлауға түсу ойынан айныған».

Жүрсін Ерман президент сайлауына түсіп, халықтың, биліктің назарын қазақтың айтыс және жыр-терме өнеріне аударғысы келген. Ерманның айтуынша, құрылтайға дейін ол Алматы әкімі, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының жетекшісі Бауыржан Байбекпен кездескен.

«Әкім айтысты сіз сайлауға түспесеңіз де қолдаймыз деп уәде берді» дейді Жүрсін Ерман.

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты 23 сәуірде «Нұр Отан» партиясы президент сайлауына кандидат ретінде ұсынған.

Сондай-ақ «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы Сәдібек Түгелді, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясынан (ҚРКФ) Амангелді Таспиховті, «Ақжол» партиясы мәжіліс депутаты Дания Еспаеваны президент сайлауына кандидат ретінде ұсынған.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде, ал тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Azattyq

Загрузка...