Жүлде қоры 1 млн теңгені құрайтын олимпиада өтіп жатыр

0

Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana hub кешенінде «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының ұйымдастыруымен VI кезекті «Алтын сақа» математикалық олимпиадасы өтіп жатыр, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Дәстүрлі олимпиада «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығымен бірлесіп өткізілуде. Осы жылы карантинге байланысты олимпиада онлайн режимде ұйымдастырылды. Олимпиаданың ашылуына «Астана дарыны» ДДжПС орталығының директоры Тұрсынов Ғаждембек Қуанышұлы, «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының директоры Ырысбек Мәуіт арнайы қатысып, оқушыларға сәттілік тіледі.

«Бұл олимпиаданың мақсаты — Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық мектеп оқушылары ішінен математика пәніне бейімді балаларды анықтап, ол балалармен ары қарай кешенді жұмыс жасау. Жеңімпаздарды жыл бойы оқу жаттықтыру жиындарына шақырып отыру. Қаладағы ең үздік математик мұғалімдерінің мастер кластарына қатыстыру, сабақ алуын ұйымдастыру арқылы олардың деңгейін жетілдіру», — деді Ғаждембек Тұрсынов.

Ал онлайн режимде өтіп жатқан олимпиаданың техникалық мүмкіндігі мен ұйымдастыру жұмыстары туралы Ырысбек Мәуіт былай баяндады:

«Бұл олимпиаданың техникалық мүмкіндігі өзгеше деуге болады. Шетелдік ең озық инновациялық технологиямен жабдықталған студиядамызда өтіп отыр. Тікелей трансляцияның сапасы, байланыс мүмкіндігі, ғаламторлық жылдамдығы да жоғары деңгейде. Олимпиаданың академиалық тазалығына баса мән беріліп отыр. Әрбір сұраққа берілген уақыт — 3 минут. Сұрақтардағы 6 жауаптың 1, 2, 3 жауабы дұрыс болуы мүмкін.

Уақытынан кешіккен жауаптар қабылданбайды. Ал, іріктеліп алынған үздіктердің өзі арнайы комиссия алдында өз жауаптарын дәлелдеп, сыннан өтеді. Бұл критерийлер қатысушылардың көшіру, басқалардың көмегіне жүгіну ықтималдығын барынша төмендетеді. Техникалық процесс пен жауаптарды қадағалау үшін екі бірдей орталығымызда 30-дан астам білікті менеджер мамандар жұмылдырылды».

«Алтын сақа» басқа олимпиадалардан өзгеше. Олимпиадаға қатысу – тегін. Және жеңімпаз атану оңай емес! Өз білімің мен біліктілігіңді дәлелдейсің. Сонымен қатар, сайыстың тағы бір өзгешелігі — жеңімпаздар қаржылай марапатталады.

Жүзден жүйрік шыққан жүлдегерлер үшін демеушілер көмегімен жалпы қоры 1 миллион теңгені құрайтын қаржылай сыйлық қарастырылған. «Алтын сақа» олмипиадасы жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл реткі олимпиада 6-рет өтізіліп отыр.