Жаза қатаңдатылды: Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар арыз жазылмаса да, жауапкершілікке тартылады
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар ескерту немесе айыппұлмен құтылып кете алмайды. Оларға заң күшейтілді деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Жәбірленуші полицейлерге арыз бермесе де, қаскөйлер жауапкершілікке тартылады. Куәгерлер, көршілерінің айғақтары мен бейнебақылау камераларының жазбалары болса, тәртіп сақшылары хаттама толтырады.
Тұрмыстық жанжалға байланысты әкімшілік және қылмыстық кодекске бірқатар өзгерістер енгізілді. Отбасылық зорлық-зомбылықтан соң тараптардың бірнеше рет татуласуына мүмкіндік берілмейді. Жәбірленуші мен зәбір көрсетуші сот арқылы тек бір рет татуласа алады.
Отбасылық жанжал кезінде ұрып-соғу деректері бойынша құқық бұзушы 10-15 тәулікке дейін қамалса, енді оларды 10-20 тәулікке қамайды. Жеңіл жарақат салғандарды қамауға алу мерзімі 15-25 тәулік болады. Қорғаныс нұсқамасын бұзғандарға қазіргідей ескерту берілмейді, бірден 10 тәулікке қамалады.
Өзгертілген қылмыстық кодекс 19 мамырда, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 1 шілдеде күшіне енеді.
“Жәбірленушілер денсаулығына немесе өміріне қауіп келгенде, полицейлерге хабарласады да, тәртіп сақшылары келгенде, арыз жазудан бас тартып жатады. Полицейлер кеткен соң, жанжал қайта жалғасады. Былтыр осындай 70 мыңға жуық дерек тіркелді. Ендігіде заңнамадағы өзгерістерге сәйкес арыз жазбаса да, дерек бойынша іс қозғалады”, – деп мәлімдеді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров.