«Томирис» фильмі Түркияда прокатқа шықты
Режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі бүгіннен бастап Түркия елінде прокатқа шығады. Отандық кинотуынды Түркияның 62 қаласында 200-ден астам кинотеатрларында көрсетіледі. Тарихи фильмді осы елде көрсету құқығын жергілікті Siyah Beyaz Movies компаниясы сатып алған болатын.
Айта кетсек, осы іс-шараға байланысты Ыстанбұлда фильмнің тұсаукесері өтті. Отандық фильмді Түркия көрермендеріне режиссер Ақан Сатаев пен басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын таныстырды. Сондай-ақ көрсетілімге Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, Түркияның саясаткерлері, шығармашылық зиялы қауымы мен қазақ диаспора өкілдері қатысты.
— «Томирис» фильмінің Түркиядағы прокатты карантин шараларына байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылған болатын. Біз үміт үзбей күттік. Енді міне, бүгіннен бастап біздің фильм Түркияның кинотеатрларынан көрсетілетін болады, – деді Ақан Сатаев.
Еске салсақ, «Томирис» фильмі біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдағы Ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында Sataifilm компаниясының қатысуымен түсірілген.
Былтыр аталған кинотуынды Парижде өткен франциялық L’Étrange Festival кинофестивальінің Гран-приін жеңіп алды. Осыған орай Франциядағы ең ірі ақылы телеарналардың бірі Canal+ фильмді көрсету құқығын сатып алып, прайм-тайм уақытында көрсетті. Сонымен қатар, Жайдарбек Күнғожинов бастаған қазақстандық Nomad Stunts каскадерлер тобы фильмде трюктерді қойғаны үшін дүниежүзілік Каскадерлер Академиясының (АҚШ) беделді Taurus сыйлығын алды.
Ұлы дала патшайымы туралы фильмнің көрсету құқығын сондай-ақ Америка, Ұлыбритания, Италия, Испания, Жапония, Таяу Шығыс, Оңтүстік Корея, ТМД, Сингапур, Румыния және Францияның дистрибьюторлары сатып алғанын айта кеткен жөн.