Балғынбек базар салмақшы

0
466

Белгілі айтыскер, ақын Балғынбек Имашев ендігі бағын базардан сынап көрмекші, деп жазды nege.kz сайты.

Базардың құрылысына үлескер іздеп жүрген Балғынбектің бұл бизнесіне қызығушылық танытып жатқандар да көп екен. Айтыскердің айтуынша, бұл криптовалюта не болмаса қаржылық пирамида емес.

Әдетте, адамдар үлескерлікке пайда табамын деп ақша салып, соңында жер сипап қалып жатады. Халықтың көпшілігі осындай дүниелерді танымал тұлғалардың жарнамалағанына сеніп, қолындағы соңғы тиынын санап беретіні тағы бар. Қазір туғаныңа сену қиын болып тұрғанда өзгеге қалай сенбекпіз? Атағы айдай айтыскердің бұл бизнесіне сенім бар ма? Ертең халық алданып, ақын «мен тағы білмей қалдым» деп кешірім сұрап тұрса қайтпекпіз?

Жақында Нұрболхан Шарапов Балғынбек ағасын жарнамалап пост салған болатын. Ол: «Мен Балғынбек ағама өзіме сенгендей сенемін», – деп, халықты да сенуге шақырады.

«Жақында, Астанада салынып жатқан бір базардың үлесі туралы постын көзім шалып қалып, таң қалғанымды сіздерден несіне жасырайын. Сөйтсем, ағамыз біз секілді той тоқтаса, барлық табысы болмаса да, кірісінің көбі кеміп қалатын бауырларына тиімді ұсыныс тастаған екен ғой.

Базарда сауда жасаған адамды Алла аш қалдырмайды, ешкімге қол жайдырмайды. Ал енді сол базардың егесі болсаң, онда Алланың бұйыртуымен тұрақты ризықтың бір есігі ашылды дей беріңіз.

Үлескер болу, үлес сатып алу – сол базардың бір бөлшегіне ие болу деген сөз. Мен Балғынбек ағама өзіме сенгендей сенемін. Өзім де үлес алдым. Жақындарыма да алдырам. Сіздерге де кеңес беремін! Карантин, пандемияның тоқтайтын түрі көрінбейді. Көріпкелдер 2022-2023 жылдары да жағдай мәз болмайды деп отыр. Бәкеңнің базарының төменгі қабаты көтерме азық-түлік базары болмақ. Не жабылса да, дәріхана мен азық-түлік тоқтамайтынын көзіміз көрді ғой. Ендеше, бір үлес алып, болашаққа бір шыбық егіп қояйық. Бір жылда болмаса да екі жылда төгілдіріп жеміс берсін деп дұға қылайық. Айтпақшы, төрт шыбық еккен үлескерге Бәкең бір шыбықты тегін сыйлаймын деп отыр. Бірақ, сыйлық саны шектеулі», – деп жазған инстаграм парақшасында.

Балғынбек Имашевтің «үлескер болыңыз» деп шақырып жүрген базары – Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан «Достық маркет» базары. Базардың 15% үлесі Балғынбектің «New Trend KZ» ЖШС-на тиесілі.

Nege.kz тілшісі «New Trend KZ» менеджеріне хабарласты. Менеджердің айтуынша, базар құрылысы әлі бітпеген. Тек 30%-ы салынып қойған. Базар үлескер құйған ақша есебінен салынатынын түсінідірді.

«1 үлес бағасы – 1млн. теңге. Жыл сайын сізге орта есеппен 300 мың теңге дивиденд алып келеді. Базар 80-100 жыл жұмыс істесе, кейін мұра ретінде балаларыңызға қалдыруға барлық жағдайды жасаймыз. 1 дивидендті базар құрылысы бітіп 1 жыл жұмыс істеу қорытындысы бойынша үлескерлер арасында бөлінеді. Базардың құрылысы 1-1,5 жылда бітеді. Акциямен 4 үлес алсаңыз, 1 үлес қосымша сыйға беріледі», – деп жауап берді менеджер.

Базарда 2000 үлескер болады екен. Сектордың пандемия кезінде де жұмысын тоқтатпайтынын айтып сендірді.

«Достық маркет» базары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен салынып жатқан көрінеді. Базар құрылысының анық-қанығын Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінен де сұрап білеміз.

Тілшіміз базар салып жатқан Балғынбек Имашевтің өзіне де хабарласты. Оның айтуынша, істеп жатқанының барлығы заңды. Ертең ешкім алданбайды деп сендіргендей болды.

– Сіз базар жұмысымен айналысып, үлескерлер жинап жатыр екенсіз. Ертең халық тағы алданып, келеңсіз жағдайлар болып жүрмей ме?

– Қалай келеңсіз оқиға болады. Ол мемлекетпен бірлесіп салынып жатқан базар ғой.

– Құжаттары заңды ма?

– Канешна! Директорым – Айгерім деген қыз. Барлық сұрақтарды соған қоя аласыз.  

– Қарапайым адамдарға кесірі тимей ме?

– Қарындасым, оның қандай кесірі тиюі мүмкін. Бұл жерде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің үкімімен 84 гектар жер бөлінген. Түсінесіз бе? Ол жерде базар жұмыс істей береді. Бұл акция сияқты ғой.

Ақынның айтуымен, үлескер ретінде менеджерлерге хабарластық. Олар бірден келісімшартты жіберді. Содан кейін «Үлескер болуға келісетін болсаңыз, қаражатты компанияның банктегі есепшотына, не болмаса Балғынбек мырзаның Каспи голдына жібересіз», – деп төтесінен қойып қалды.

«Балғынбек мырзаның Каспи голдына…». Шынында да бұл бір қызық жағдай екен! «Каспи голд» мәселесін анықтамаққа ақынға тағы да хабарласамыз, егер мұны түсіндіріп беруге құлық танытса, әрине.

«Құжаттары заңды, ешкім алданбайды» деп ақын сендіруге тырысқанымен, келісімшартты заңгердің қарауына жібердік. Заңдылығына көз жеткізу үшін. Әйтпесе, сақал сенім тудырудан қалғалы қашан?! «Сауда сақал сипағанша» деген тағы бар. Сол үшін үлескер болмай тұрып, құжаттарға үңіліп алған артық етпейді. 

Маржан Сәбет, Алматы.