Серік Абдрахманов: Халық өз елінде биліктің боданы болып қалды…

0

«Дат» газетінің өткен санынан бастап, біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты ел тәуелсіздігінің қалыптасуына қызмет қылған азаматтардың сұхбатын бере бастаған едік. Осы орайдағы «Отыз жылға – отыз сұхбат» айдарының бүгінгі қонағы – Серік Абдрахманов.

-Серік аға, ең алдымен 70 жастық мерейтойыңыз құтты болсын! Сонау комсомолдағы кездегідей әл де күйлі-қуаттысыз ба?

-Құдайға тәуба, өз қатарымнан қалдым деп айта алмаймын, оздым да демеймін, қақ ортасында келе жатқан сияқтымын. Бала-шағам жанымда, өсіп-өніп, адал білім алды, бағыттары дұрыс, еліне қызмет етуде. Немерелерімнің алды студент, білімге ұмтылуда, армандары биік. Соған өзімді бақытты сезінемін…

-Сіздің осы «дөңгелек датаңыз» Қазақстан тәуелсіздігінің биылғы 30 жылдығымен қатарлас келіпті. Енді осы жылдар биігінен кейінге қарайтын болсаңыз, жеке басыңыздың өткен өмірге өкініші жоқ па?

-Биіктен бағдарлап, өмірлік тәжірибеге сүйеніп айтар өкінішім – Қазақстан деген елдің жабайы капитализм жолына түсіп кеткені. Кезінде билікте Назарбаевтың кеңесшісі, депутат та болдым.Үнемі осы жағдайды айтып жүрдім, бірақ өзіме рухани жақын азаматтармен бірге болып, осы қисық жолға бөгет жасай алмадым деген ең үлкен өкінішім бар. Байлықтың ортасында отырып, елдің сорлап қалған бүгінгі жағдайы өкіндіреді.

1994 жылғы парламент сайлауына «Қазақстанның бай жерінде халықты жүдету – қылмыс!» деген өзімнің бағдарламалық ұраным мен ұстанымым болды. Өзімнің сайлау округімде осы ұранды жазып, көшеге іліп қойдым. Әттең, осы мақсатым сол ұран күйінде қалды.

-Секе, сіз Қазақстанның тәуелсіздігін қалауға қатысқан қайраткер азаматтардың бірі екеніңіз даусыз. Бізге «аспаннан түсті» деп жүрген тәуелсіздікті Нұрсұлтан Назарбаев жалғыз өзі қалыптастырған жоқ. Қалай ойлайсыз, біз геосаяси жағдай тұрғысында жан-жақты нығайған, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген, экономикасы дербес ел болып қалыптастық па?

-Расында да тәуелсіздік Мәскеуден – Ельцин (Ресей), Кравчук (Украина), Шучкевич (Белорусь) президенттер үштігінің арқасында аспаннан түскендей болды. Ел-жұрт тәуелсіздігіміздің тәтті дәмін татып, Жоғарғы Кеңесімізді сайлап, демократия жолына шыққан едік. Өзгерістің лебі келіп, алға қарай тәй-тәй қадам басқан едік, 1995 жылғы конституциялық «реформа» орта жолдан тоқтатып, халықты шынайы тәуелсіздіктен, биліктен айырды. Сайлаулар жалған өтті, сол себептен биліктен айырылған халық ешқашан өзін тәуелсізбін деп санай алмайды. Өкінішке қарай, халық өз жерінде өз билігінің боданы болып қалды. Билік басында отырған Назарбаев пен айналысындағы партиялық номенклатурадағы жылпостар өзіндік даму идеялары болмағандықтан, Мәскеуден құтылдық деген пиғылмен, тегін жатқан дүниені бас салып, өздерімен бірге сол иірімге Назарбаевты да тартып әкетті.

-Қазақстанның осы 30 жылғы тарихында елдің саяси басшылығы жіберген басты-басты бес қателікті атап бере аласыз ба?

-Әрине, тізіп беремін. Біріншісі, қазақ десек – ауыл дейміз. Бұрынғы колхоз-совхоздар күшпен таратылды. Оларды акционерлік қоғамға топтастырып, қайта құруға болар еді: елдің табиғаты да осыған келетін. Экономикалық заңдарды нарықтық бағытқа бұрып, ауылдарды трактор-комбайнымен бірге бөлшектеп, талан-таражға түсіру – қылмыс болды. 1994 сайлауға түсіп, ел аралағанымда: «Біз бірігіп, жұмыс істеп жатырмыз, халқымыздың тұрмысы жақсарып келеді, неге біз тарауымыз керек» деген сұрақ қойылды. «Ауылдарды жасанды түрде күшпен таратып жатқаны – жоғарыда отырған басшылар ішіп-жеген соғымдарының есебін жасырудың амалын жасап жатыр» деген едім. Бұл теріс жүргізілген саясат болды. Колхоз – нарықтық қатынастар мен демократиялық даму жолына ешқандай кедергі емес еді.

Екіншісі – өзін өзі басқару туралы заңға сәйкес, ауыл әкімдерін тұрғындардың өздері сайлауы керек еді. Халықтың дауысын алған ауыл әкімі жоғары жаққа жалтақтамайтын жергілікті лидер болып қалыптасар еді. Ал қазіргі жасанды әкімдердің сөзі өтпейді. Егер ауыл өз әкімін сайланса, амал жоқ, ауданның әкімі, одан кейін облыстың әкімі сайланар еді.

Үшіншісі – жерді сату мәселесі. Биліктің жерді саудаға салуы –қылмыс! 2003 жылы Жер Кодексі қабылданып жатқанда, жерді сатуға қарсы 127 ұсыныс бердім, өкінішке қарай күшіміз аз болды, ұсынысым өтпеді. Латифундистерге жол ашылып, ірі жер телімдерін иеленді. Тарихтан білеміз – Бразилия латифундистер мемлекеті: ауыл шаруашылығы сорлап, халқы кедейшілікке тап болды.

Төртінші ең бір үлкен қателік – әділетсіз сайлау мәселесі. Сайлау халықтың қалауымен өтпей, халықты биліктен алыстатып жіберді. Былтыр сол үрдіс жалғасып, мәслихатқа партиялық тізім арқылы депутаттар сайланды Ауылды жерде қайдағы саяси партия? Тіпті «Нұр отан» да жоқ. Бәсекелестік – қағаз жүзінде кабинеттерде жасалды, мандат бөлісі ақшаға сатылды.

Соңғысы – жекешелендіру. 1994 жылғы сайлауда Жоғарғы Кеңес таратылып, кейін Конституцияға енгізілген өзгеріс «Мемлекет – тиімсіз меншік иесі» деген ұранмен, жекешелендіруді жүргізу үшін керек болды. Өкімет жұмыс істеп тұрған зауыт-фабрикаларды тас-талқан етті. Жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары талан-таражға түсті. «Карметкомбинатты» тегін берілгені – миллиардер Миттал өндірістің өтей алмаған 80 миллион доллар қарызын төлеп, комбинатты иеленген деген аңыз тарады. Комбинат 80 млн-ға сатылса, қоймасында құны 200 миллион долларлық дайын өнім жатты. Кейбір білетіндердің айтуынша, ол қор 400 миллон долларға пара-пар болған. «Карметтің» ондаған жылға тұтынушылармен жасалған келісім-шарттары болған, сұранысы үлкен өндіріс орны еді.

Айтпақшы, осы жекешелендірудің солақай саясатында бүгіндері сіздердің «ДАТ» газетінде жиі жарияланатын, сол кездегі елдің премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннің де «үлкен үлесі» бар. Бұл фактіні жаңа тарихтан сызып тастай алмаймыз. Несін айтасыз, сол жекешелендірудің желігімен талай-талай ірі өндіріс ошақтары талан-таражға түсті. Мұнай мен басқа да қазба байлықтары қолдан кеткенін айтып тауыса алмаспыз…

-Осындай қателіктерді тізбелегенде, елдегі барлық билік бір адамның қолына өтуінің кесірі тиді деуге болатын шығар?

-Әрине! Бұл да жаңа тарихтың үлкен бір тарауы болатын тақырып. Қазақстанның байлығы тістегеннің — аузында, ұстағанның — қолында кетті. Саяси билік «мемлекет – тиімсіз меншік иесі» деген арзан ұранның жетегінде кетіп, қатты қателесті. Бүкіл өндіріс жекеменшікке өтсе, пейіш орнайтындай ойлады.

-Айтпақшы, ел тәуелсіздігі жарияланған 1991 жылдың күзінде сіз қайда, қандай қызметте жүрген едіңіз?

-Ол кезде бір жылдай Назарбаевтың кеңесші болдым…

-Сонда 30 жыл бұрын сіз 40 жастағы тепсе темір үзетін нағыз толысқан шақтағы саясаткер азаматсыз, сол кезде өзіңізді президент Назарбаевтың командасында болдым деп есептейсіз бе?

-1991-93 жылға дейін Назарбаевқа менен жақын адам болған жоқ. Жекешелендіру, демократиялық даму, жаңа қоғамдық қатынастар, т.б. мәселелер жөнінде Назарбаевқа дәлелдерімді жиі айтып, ғалымдарды, мамандарды қабылдауына кіргізіп жүрдім. Бір күні ыза болғанымнан: «Қасыңызға өңшең бұзауларды жинап алдыңыз, ойлағандары – қарынның қамы» дегенім бар. Олардың кім екендерін атап бердім. Кейіннен осы әңгіме «бұзауларға» жетіп, бәрі бірігіп алып, Назарбаевпен ара қатынасымды бұзды. Бірақ мен бүгінде бұған соншалықты өкінбеймін. Өкінетінім – Назарбаев төңірегінен қуған білікті азаматтардың орынын сол «бұзаулар» иеленіп алды.

-Ал кейіннен, мәселен 50-ден асқан шағыңызда саяси қызметтен, ел басқару ісінен шетқақпай қалуыңыздың басты себебі неде? Мәселен, сіздің сол кездегі саяси тәжірибеңіз талай жоғары лауазымның басын шолып шыққан кешегі Ахметжан Есімовтен немесе бүгінгі «мыңқылдақ» Мами премьер мен «түсініксіз» Тоғжанов Ералыдан қай жеріңіз кем еді?

-Өте дұрыс, ойландыратын сұрақ екен… Иә, өзіндік пікірі мен елдік ұстанымы бар азаматтар билікке оң ықпал етуден шетқақпай қалғаны рас. Ал менің саясатта жеткен биігім – халықтан депутаттық атақ алдым. Сайлаушылардың сеніміне жеттім – алты рет депутат болып сайлындым. Оның ішінде төрт рет әкімдермен шайқасып жүріп, баламалы түрде халықтың дауысына ие болдым. Өзіңіз айтып отырған азаматтар мен көрген ашық талас-тартысты көрген жоқ. Тағайындалған қызметтің деңгейі қаншалықты биік болса да, соншалықты халықтық сенімнің биігіне жете алмайды. Бұл – саясаттағы бұлжымас аксиома. Жекешелендіруге, жерді сатуға, жемқорлыққа қарсы күрестім. Ашық айтқан сөздерім парламенттің стенограммасында жазылған. 1993 жылы парламент отырысында айтқан: «Қазақстан қарақшылар мемлекетіне айналуы мүмкін» деген сөзім тасқа басқандай жазылып қалды.

-Қасынан кеткен соң, Назарбаевпен кездесіп жүрдіңіз бе?

— Әрине кездестім, билікке сын айтып жүрсем де, біреудің артынан компромат жинаған емеспін. Оппозиция қатарында болған жоқпын. Елдегі саяси жүйені Назарбаев тікелей өзінің қатысуымен өзгертуі тиіс деген тұжырымға тәнті болдым. Жасыратын несі бар, ел президенті өзінен кейін мемлекетті халықтық кейіп-кеспірде қалдырады деген ойға сендім. Сол жылдары халықтың 60 пайызы қолдайтынын Назарбаевтың өзіне де айттым.

Тағы да ашығын айтайын: маған ренжіген кездері де болды. Депутат болған кезде шақырып алып, халықтың не айтып жатқанын сұрайтын. «Өкпе болмай ма?» деймін. «Болмайды» дейді. Содан соң ел ішіндегі халықтың жағдайын ашық айтып беретінмін. «Екі қызыңызға бір әкім екі коттедж сыйлады деген сөз бар ел ішінде…» дедім. «Серік, ондай болған жоқ» деді. Кейін естуімше, Алматыдағы «Таугүл» микроауданында екі үлкен коттедж сатылып кетіпті. Демек, алыпқашпа сөздің бір негізі болған. «Лауазымды чиновниктер сіздің кабинетке дипломат тасып жүр деген сөз бар ел арасында…» дедім бірде. Осындай шындықты Назарбаевқа кім айта алыпты?

-Сөзіңізді бөлейін, 2001 жылы «жастүріктер» оппозицияға келген кезде, бір басылымға берген сұхбатыңызда «ДВК» мемлекет пен Назарбаевқа қауіп төндірді» деген екенсіз…

-Өте дұрыс айттым! «ДВК»-ға шөміштен қағылғандар барды. Дәл сол тұста олар халықтың қамын күйттеді деп ойламаймын. Қазір де дәл сол пікірдемін. Әрине, арасында бірен-саран таза азаматтар болған шығар. Жекешелендіру саясатына араласқан, оны жүзеге асыруға қатысқан – осылар, араларынан миллиардер де шықты.

Ал менің сол сұхбатымнан кейін, 2002-жылдардан соң «ДВК»-ның дұрыс жолға түскені де рас, халықтық қамдағы мәлімдемелері де, сөздері түзелді. Бүгінгі күні Мұқтар Әбілязовтың да айтып жатқаны шындық.

-Айтпақшы, осы тәуелсіздіктің іргетасын қалыптастыруға қатысқан, бірақ аты-жөні атаусыз қалған қандай қайраткерді атай алар едіңіз?

-Ең алдымен Хасен Қожа-Ахметтің атын атар едім. Жиырма жасында жүйеге қарсы шықты. Үнпарақтар жазды, бүгінгі күні әлі сол ұстанымынан тайған жоқ. Композитор, ақын, жазушы, турколог, өзі үш рет түрмеге отырып шықты. Неге ол сенатор болып, парламентте отырмады? Тәуелсіздіктің бір тұлғасы еді ғой! Сол сияқты Ғазиз Алдамжаров, Ғалым Әбілсейітов, Жақсылық Шекеев, Жасарал Қуанышалин, Серікбай Әлібаев, Виталий Воронов, Петр Своик, марқұмдар – Серікболсын Әбділдин, Ерік Асанбаев, Марат Оспанов, Владимир Чернышев… Осы азаматтар тәуелсіздіктің де, саясаттың көркі еді ғой!

Ал тәуелсіздікке тірек болған желтоқсандықтар бір төбе – біреуін де билікке жолатпай қойды. Ұйымдарын жетіге бөліп тастады: «бөліп ал да, билей бер» дегеннің кебі. Төрт жыл түрмеде отырып келген Құрманғазы Рахметов, «Желтоқсан» идеясынан таймаған Гүлбахрам Жүніс деген батыр қыз, Жеңісбек Сабырайымов… т.б. мықты азамат бар.

-Желтоқсанның шындығы әлі құпия, осы көтеріліске қатысты мұрағат бүгінге дейін неге ашылмай отыр деп ойлайсыз?

-Биліктің басқару жүйесі өзгеріп, парламентті халық сайлаған кезде барлық ақтаңдақтар ашылып, жауабы беріледі. Қазіргі билікте сол кезде жастарға қиянат жасағандар отыр. Кеше майор болып, халыққа қоқаңдағандар – бүгін генерал-майор болды. Бірақ шынайы тарих өзінің әділ бағасын береді. Әділеттің кешігіп жүретін әдеті бар…

Мен Назарбаевтың кеңесшісі ретінде «Желтоқсан көтерілісіне» қатысты көп мәселеге қанықпын. Саяси «кухняның» сырын білемін. 25 жасымда комсомолдың аппаратты басқардым.

-Айтпақшы, сол комсомолдар да біраз дүниені былықтырды ғой?..

-«Комсомол» деген – бүгінгі волонтер, еріктілер. Кеңес кезінде комсомол ең демократияшыл ұйым болды. Кезінде екпінді құрылыстарға қатысып, жетімдерге, қарттарға қамқорлық жасап, үздік оқы, адал еңбек ет деген ұрандарды ұстанды. Компартия басқарса да, ол заманның комсомолдары адал ниетті еді… Желтоқсандықтарды қорғап, олардың сөзін сөйлеген – жалғыз комсомол. Осы жағдайды көзі көрмеген, білмеген ақындар бүгінде Желтоқсанның батыры болып жүр. Ал мен батыр емеспін, өкіметтің өкілі ретінде жастардың арасына барып, білгенімді айттым, көргенімді жаздым.

Жалпы, желтоқсанды ұйымдастырған «КГБ» деп, Хасен Қожа-Ахмет дұрыс айтады. Алғашында арнайы жоспармен 100-200 адамды жинады. Кейіннен алаңға мыңдаған адам шығып, халық көтерілді. Жасанды жоспар бақылаудан шығып кетті, «КГБ»-ның қойылымы іске аспай қалды.

16 желтоқсан күні Мәкеудегі «ВЛКСМ» Орталық комитетінде бюрода болып, Колбин бірінші хатшылыққа сайланған соң, 18 желтоқсанда Алматыға ұшып келдім, алаңда болдым. Жастардың арасына әдейі жіберілген бұзықтар, нашақорлар, түрмеден шыққандардың болғанын кейіннен «КГБ»-дағы таныс жігіттер айтты. Бірақ олардың әрекеті мыңдаған халықтың нөпірінде тұншығып қалса да, «алаңға нашақорлар мен маскүнемдер шықты» деген ресми ақпаратқа желеу болғаны рас.

Алаңға жастардың алдына барған кезімде, бір топ жігіт иықтарына көтеріп әкетті. «Жігіттер, сендермен біргемін, бірақ маған да көптеген мәселе түсініксіз» — дедім. Олар менің сөзіме сенді, 5-6 сағат араларында болдым.

Сіздің «комсомол былықтырды» деген сөзіңізге айтарым: Иә, комсомол кеңестік, коммунистік саяси жүйенің бір тармағы болғаны рас. Бірақ оның қоғамда оң ықпалы болғанын да жасырмау керек. Бүнігі танымал тұлғалардың дені – Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаттары: Мұхтар Шаханов, Ұлықбек Есдәулетов, Досхан Жолжақсынов, Гаухар Мырзабекова, Айман Мұсаходжаева, Нағима Есқалиева – бәрі мен ұсынған лауреаттар. Осыдан кейін біз ұлттық мәдениет пен өнерді көтеруге үлес қосқан жоқпыз деп кім айта алады?

-Кейінгі 20-25 жылда елді басқару ісіне саяси әріптестер командасы емес, саяси билікпен ымыралас кландар, ошарлы олигархтар тобы ықпал етуде деген пікірге алып-қосарыңыз бар ма?

— Жоғары жақтағы «жасандылар» өздеріне ыңғайлы «жасанды» әкім, депутат, министрді жинап алған. Бұл – әрине кландық биліктің сипатын білдіретін кері құбылыс. Халық билікке ықпалын жүргізе алмаса, мемлекеттің қалыптасуына қатыспаса, бұл – авторитарлық жүйенің болмысы. Мұндай биліктің болашағы барлық елде бірдей: бүгін болмаса, ертең күні бітеді. Жемқорлық, парақорлық, ұрлық – авторитарлық жүйенің сипаты.

-Коммунистік партиядан кейін сіз қандай да бір саяси ұйымның қатарында болдыңыз ба?

-Коммунистік партияны бүгінгі «Нұр отанмен» салыстырсақ, ол ұйым Құдайға да, халыққа да, әділеттілікке де әлдеқайда жақын болды. Дінмұхамед Қонаев ақсақал Брежневпен жақын болды да, қолда бар мүмкіндігін Қазақстанның экономикасын дамытуға жұмсады. Сол кезеңде экономика 7 есеге дамыды, 43 қала салынды, әлеуметтік жағдайымыз жақсарды. Ішкі өнім бойынша, адам басына шаққанда 28 орында болдық. Брежневтің заманында қоғамды қырып-жойған жағдай орын алған жоқ, әрине шектеу, цензура дегендер болды. Ал қазіргі күні цензура жоқ па? Болғанда қандай!

«Коммунистік» деген түсінікке тереңдсек, оның бір стандартты шаблоны жоқ. Камбоджаның кхмерлері – бір басқа, Қытайдікі – бір бөлек, Италияда коммунист Наполитано 11 жыл президент болды. Социализм де сол сияқты, оның мағынасына қарау керек, ғылыми әдебиетте 200 үрлі атауы бар.

Жасыратыны жоқ, компартиядан кейін, «Отанда» мүше болдым. Бұл – бүгінгі «Нұр отанның» бастамасы болған партия еді. Оған қалай келгенімнің өзі бір хикая. Желтоқсанда жастардың сөзін сөйлегенім үшін, маған қылмыстық іс қозғалды. Комсомодан шығарылдым, қызметтен кетірді. «АДК»-ға құрылысқа барып, электр-дәнекерлеушінің кәсібін оқыдым, директордың орынбасарлығына дейін көтерілдім. Үш жыл жүргенімде, қайта құрудың лебімен «ФНЕК» (Фронт народного единство Казахстана –Қазақстан халық бірлігі майданы) деген ұйым құрдық.

Сөйтіп, 1989 жылы Кеңестер одағы бойынша «АДК»-да бірінші рет балама сайлау өткіздік. Алатау сайлау округінде қазақтың сөзін сөйлеген, құрылыс басқармасының бастығы болған Сафронов деген орыстың жігіті кабиетіне шақырып: «Халық маған сайлауға шық деп жатыр» деді. Мен оны қолдадым, Сафроновты кандидат ретінде тіркеттік. Оған қарсылас үміткер болып, осы округтан Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Владимир Романов түсті, оны Мәскеуден Колбин ертіп келген еді. Қырғын тартыс болды. Желтоқсаннан кейін сілкіністі сайлау өтті. Листовка жазып, сайлау науқанын қыздырдық. Бұл жолы биліктен тыс тәуелсіз саясаткер ретінде Қазақстанға атым шықты. Ол кезде Колбиннің батасын алғандар ғана депутат болатын. Ол мені өзіне шақыртып алып, Сафоновқа көмектеспеуімді талап етті, қасынан кетуімді сұрады, аудандық партия комитетіне басшы болуды ұсынды. Мен келіспедім, алған бетімнен қайтпады, Сафроновтың қасынан кетпедім. Сөйтіп, сол сайлауда биліктің үміткері Романовты жеңіп кеттік.

Сол кезде халық арасында беделім өсе бастаған мені Назарбаев Нұрқаділовке тапсырып, марқұм Зәкең мені Алматы қалалық атқару комитеті (бүгінгі әкімдік – ред.) төрағасының орынбасарлығына шақырды. Алматы – елдің астанасы, барлық саясат жасалатын ең үлкен қала – келістім. Саясатта жүргенді де сағынып қалыппын… (күлді). Митингілерге рұқсат беретін – мен, Назарбаевқа әлдекім жөнсіз соқтығып жатса, жасыратыны жоқ, жанкүйері ретінде қолдайтынмын…

-Бәсе, осы күнге дейін Назарбаевтың айдарынан жел естірген сіздер екен ғой!..

-Жоқ… Осы күнге дейін емес. Сол кезде оның намысын қорғап, шаң жуытпайтыным рас еді. Бір жылдай жүрдім, кейіннен кеңесшілікке шақырды. Одан қалай кеткенімді жоғарыда ай​ттым.

Бір күні – 1992 жылы Назарбаев өзіне шақырып, БҰҰ-ның Бас ассамблеясына бірге баратын делегацияның тізіміне қосқанын айтты. Жол-жөнекей екеуіміздің әңгіме барысында президент маған саяси партия керектігін айтты. «Жақсы, ұйымдастырып берейін» дедім. Елге келген соң, бұрынғы «ФНЕК»-ті «СНЕК»-ке ауыстырдым (Союз народного единство Казахстана). Жақтас жігіттерді жинап, әкімдердің орашолақ қызметін сынап, елдің лидері ретінде Назарбаевты мойындауды шештік.

1993 жылы инвестициялық жұмысқа кірістім, жекешелендіру науқаны басталды, оған қарсы менің өткір пікірлерім осы одақтың төрағасы ретінде «СНЕК»-тің мінберінен айтылды. Сол кезде біреулер мені ақша жинап алып, Назарбаевқа қарсы шығады деген өсек таратқан. Сол сәттен бастап, екеіміздің қарым-қатынасымыз үзілді, арыз жазып, «СНЕК»-тен кеттім. «СНЕК» кейіннен «ПНЕК» (Партия народного единство Казахстана) болып өзгерді. 1995 жылға дейін осы атпен жүрді де, кейіннен «Отан» болып шыға келді. Осылайша мен автоматты түрде «Отанның» мүшесі болып шыға келдім.

1999 жылы Назарбаевқа мен сияқты шындықты айтатын адам керек болды, Мәжіліске депутат болдым. Кейін 2006 жылы Заманбек пен Алтынбек атылған соң, билікте отырып, нарызылығымды білдіріп, билікті кәналап, үндеу-хат жаздым. 2007 жылы 56 жасымда мені саясаттан лақтырып, ақыр аяғы билік менен құтылды (күлді).

-Сіз де озбырлығы асқынып бара жатқан биліктен құтылғаныңызға іштей разы болған шығарсыз (біз де күлдік)?

-Рас, қатты өкініш болған жоқ. Содан бизнеспен айналысайын десем, ісің түскен әркім пара сұрайтын болды, жалғыз жүрсең, жұлымырлар бас салады екен (тағы да күлді). Сол кезде «Әділет» партиясының төрағасы, бүгінде марқұм болған Мақсұт Нәрікбаев ағамыз шақырды. Партияның қатарында небір ғалым-профоссорлар, білікті мамандар бар екен. Жападан-жалғыз жүрмей, елмен бірге болайын деген ойым болды – келістім.

— Ол да президентшіл партияның бірі еді ғой…

-Президентшіл болса да, саяси бағдарламасы өте жақсы еді. Негізі, дүниежүзіндегі барлық саяси партиялардың бағдарламалары жақсы жазылады, алайда орындалуына баға беретін төрешісі – халық. «Әділет» партиясы Назарбаев сүйенер саяси күшке айналып кетсе, «Нұр Отан» көлеңкеде қалатыны анық еді. Ақыры сондай қауіптен қорыққан жандайшаптар президентке сыбырлап жүріп, ол партияны да жоқ қылды.

-Айтпақшы, 30 жыл ішінде оннан астам орден алған чиновниктер бар екен: ал сіз қандай мемлекеттік марапатқа ие болдыңыз?

-Жалғыз «Парасат» деген орденім бар. Бірақ ел есінде қалған еңбегім кез келген марапаттан артық деп ойлаймын.

-КСРО-ның «Халықтар достығы» және «Құрмет белгісі» ордендерін алғаныңызды айтпадыңыз ғой?

-Кеңестік кездің марапаты Тәуелсіздік тағылымына жатпайды (күлді). Ол ордендер сандықтың түбінде жатыр…

-Елдегі бүгінгі протестік қозғалысқа қандай баға бересіз? Соңғы жылдары шыққан жастар бірлестіктері, мәселен, «Оян, Қазақстан!» көңіліңізден шығып жүр ме?

-Көңілден бұрын, ең бір өкінетін жағдай – бізде таза, ашық сайлаудың өтпейтіні. «Оян, Қазақстан!» және кейінгі жастар қозғалыстары сол арам сайлаудың нәтижесінде пайда болды. Олардың іс-әрекеттерін әлеуметтік желілер арқылы бақылап отырамын – қазіргі беталыстары жаман емес. Жекелеген жетекшілеріне ағалық ақылымды айтып жүрмін.

Өткенде өзім сыйлайтын Виталий Воронов заңгер жігіт: «Я не состоялся как юрист, потому что нет справедливого суда» деп айтыпты. Саясатта да сол әділеттілік жоқ. Сол себептен мен де ел мүддесіне қызмет қылар толық мүмкіндікке ие бола алмадым. Ссаясат менің қолымнан келеді, қаусаған шал емеспін. Қайсібір қоймашылар бүгінгі саяси жүйеде қызмет етеді, жастарға көмек қолымды созайын деген мақсатым болды. Өкініштісі – саяси ашық алаң болмаған соң, саясаткерлікке ұмтылған азаматтар тәжірибе жинай алмады, толыққанды саясаткер ретінде қалыптаспады.

Сол себептен болар, оннан астам жастардың ұйымы мені өз қатарына тартты. Жиналған жерге барып, саяси-менеджер ретінде ақыл-кеңесімді бердім. Блогер жастар өзін желіде «лайк» арқылы бағалайды екен: жазғанын мыңдаған адам қараса болды, жұлдыз болып шыға келеді екен. Ешкімді менсінбейді. Ал күнұзақ желіде отырмайтын адам оларды танымайды. Міне, билік бүгінде осындай блогерлерді елдегі саясаттың жасанды сиқын қалыптастыруға жанталасып жұмылуда. Бірақ «лайк» — қоғамға лайықты баға бола алмайды. Атын атамай-ақ қояйын, қатарымызға қосылсаңыз деп шақырған бір жастар жетекшісіне: «Лайк пен халықтың көңілін салыстырма, – дедім. – Жастардың басын қосып, біріктір. Өзара басшы сайлап, бірге жұмыс жүргізейік. Анау жаман, мынау биліктің агенті дегенді қойыңдар!» дедім.

Желтоқсандықтарға да соны айттым. Ал тәуелсіз блогер мен оппозицияның артында билік аңдып отыр. Ортасына жік салады, ыдыратуға, лаң салуға әрекет етеді.

Бүгінгі жастар қозғалысы таза, әділ сайлау үшін күресуі керек! Алаңға атойлап шыға алмайды екенсің, елдегі жағдайды заң шеңберінде өзгертуге күш сал. Ал ол үшін не істеу керек?

-Иә, не істеу керек?

— Халықты саяси сауаттардыруға әрекет ету керек! Билікке халықтың заңды таласы бар екенін түсіндіру қажет. Сол арқылы қоғамды билікке ұмтылуға үйрету керек.

Екі жыл бұрын Тоқаевқа үндеу жаздым. Ұры жүйені өзгерту, бір палаталық парламенттің жартысын округтардан, жартысын партиялық тізіммен жасақтау үшін, референдум өткізуді ұсындым. Биліктің табиғатын өзгерту керектігін жаздым. Менің айтқанымды қырғыз президенті Садыр Жапаров іске асырып жатыр. Сайлау комиссияларынан билікке мүдделі бюджет қызметкерлерін, мектеп мұғалімдерін аластату қажет. Сайлауды қолдан бұрмалап отырған рецидивист қылмыскерлер емес – мұғалімдер. Ескі жүйенің күре тамырын үзу үшін, сайлау жүйесін өзгерту керек…

  • (Сұхбаттың жалғасы газеттің келесі санында).

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«DAT».

20.05.2021.

Біздің анықтама:

  • Серік Абдрахманов 1951 жылы 8-мамырда Алматы облысы, Кеген ауданының Жалаңаш ауылында туған. Уикипедиядағы анықтамалықта (жолма-жол): «Происходит из рода албан Старшего жуза» деп жазылған.

1965 жылы комсомол қатарына алынған. 1973ж. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «құрылыс инженері» мамандығы бойынша бітірген. 1982 жылы Алматы Жоғары партия мектебінен «саясаттанушы» мамандығын алған.

1973 – 1981жж. Қазақстан ЛКСМ жүйесінде, Алматы қалалық партия комитетінде әртүрлі қызметтер атқарған.

1981-87жж. Қазақстан ЛКСМ ОК-нің бірінші хатшысы болған. Желтоқсан көтерілісіне байланысты комсомол қатырынан шығарылған соң, қатардағы құрылысшы, 1990-91жж. Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған.

1991-92жж. – ҚР Президентінің кеңесшісі.

1992-94 және 1995-99жж. – «Елім-ай» Халықаралық экологиялық Қорының президенті.

1994-95жж. – ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

1999 – 2007 год – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

2007 жылдан – Қазақстан Еңбек конфедерациясының президенті.