Ресей қазақ ұлтшылдарына ақпараттық шабуыл жасауда – EuraisaReview

0
1786

Ресейдің Қазақстандағы ұлтшылдыққа қарсы ақпараттық науқаны Батысқа қарсы конспирологиялық риторикамен ұштаса бастады. EuraisaReview авторы Ақас Тәжуітов соңғы мақаласында осындай тұжырым жасайды, деп жазады Азаттық радиосы.

«Қазақстанға қатысты хабарларды Батысқа қарсы конспирологиямен ұштастыруға бағытталған, Ресейдің телерадио, баспа және онлайн басылымдарын қамтитын ауқымды ақпараттық науқаны екі айдан бері жүріп жатыр. Науқанның бітетін түрі жоқ. Ресейдің мемлекеттік агенттігі – «Россотрудничество» басшысы Евгений Примаков Нұр-Сұлтанды русофоб көзқарасы бар қазақстандық ұлтшылдарға қарсы шара қолдануға көндіру үшін бастап берген науқан қазір Қазақстан басшылығының кадр саясатына ықпал етудегі маңызды құралына айналып барады» деп жазады автор.
Мысал ретінде Тәжуітов «путиншіл басылым» аталып жүрген Gazeta.ru сайтында жақында жарық көрген «Кім екендеріңді ұмытпаңдар» деген мақалаға назар аударады. Онда автор бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң Қазақстанда дерусификация күшейе түседі деген болжам айтылғанына назар аударады. «Қазақстанда кирилл қарпінен бас тарту процесі жүріп жатыр, ал орыс тілінің мәртебесі төмендеп барады. Саяси элита өкілдері бұл процесті ашық қолдап, оны егемендікті қолдаудың қажетті алғышарты деп атайды» делінген.
Ресей сайты авторының айтуынша, қазір Қазақстанды «қазақтандыру» процесін «билікте отырған америкашыл ұлтшылдар» жүргізіп жатыр, ал олардың мақсаты – «екі ел арасындағы тілдік байланысты үзіп, АҚШ-тың елдегі ішкі саяси процестерге ықпал етуіне көбірек мүмкіндік беру».
Тәжуітовтың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген соң лауазымды қызметке барған адамдарға «америкашыл ұлтшыл» деп айып тағу арқылы Ресей басылымы елдегі «қазақылануға» Қазақстанның жаңа билігін жауапты еткісі келеді. Ал Нұр-Сұлтан болса өзіне бағынышты ақпарат құралдары арқылы бұл ақпараттық науқанға «тойтарыс беруге» тырысқан. «Бұл мәлімдемелер Ресей жағын әлі қанағаттандырмағанға ұқсайды» дейді автор.
Ең қызығы – ақпараттық науқан «қырықпышақ болған Ресей қоғамында ортақ консенсус туғызып», оларды бірауызды ете түскен. «Бұл тақырып бір-бірімен байланысы жоқ адамдардың өзінде ұқсас реакция туғызды. Сондықтан Ресей қоғамындағы әсіресолшылдардан бастан әсіреоңшылдарға дейінгі саяси спектрдің ресми Мәскеуге жақын ақпарат құралдары мен саяси орта бастаған бұл ақпараттық науқанға түгелдей қосылғаны таңқалдырмайды» деп жазады автор.