Домой Басты тақырып Ресей мен Украина соғыс жағдайында тұр

Ресей мен Украина соғыс жағдайында тұр

0
2089

Украинаның әскер, конверсия және қарусыздану орталығы директорының орынбасары Михаил Самусь Ресейдің Қырымға С-350 зенит-зымыран кешенін әкелудегі мақсаты Украинаның Қара теңіздегі «Нептун» зымыран кешеніне нысана көрсетіп тұратын «Байрактарды» атып түсіру деп санайды. Ол бұл жөнінде Крым.Реалии-ге берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Азаттық радилсы.

— Менің ойымша С-350 «Байрактарды» көре алады, «Байрактар» да, «Акинчи» екеуі ұшқышсыз ұшатын үлкен аппараттар. Батыс технологиясы пайдаланылуы мүмкін бұл жаңа кешенді сол үшін жіберіп отыр,– дейді Самусь.

Алайда, кей әскери сарапшылар «Витяздың» мүмкіндігіне күмәнданады. Олардың сөзінше, әуе күштеріне қарсы қарулардың, әсіресе Ресей қаруларының ең әлсіз тұсы — әрең байқалатын нысаналарды анықтай алмайтынында. Ал қазіргі дрондар барынша байқалмайтындай етіп жасалған.

«Түріктердің «Байрактары» секілді қазіргі заманғы дрондар мейлінше көрінбейді. Оларды атып түсіру үшін радиолокация станциялары көруі керек. Ол өте қиын», – дейді Ресейдің әскери сарапшысы Юрий Федоров Крым.Реалии-ге айтқан пікірінде.

Ресейдің Оңтүстік әскери округінің қолбасшысы Александр Дворников биыл қарашаның бас кезінде жаңа буындағы С-350 зенит кешені көп ұзамай Қырымға жеткізілетінін хабарлаған.

Оның сөзінше, қазір Қырым түбегіндегі Ресей әскери әуе күштері мен әскери әуе қорғанысы күштері 100 пайыз соңғы әскери технологиямен жабдықталған.

С-350 «Витязь» – Ресейдің зенит-зымыран әскеріне арнап жасалған көп арналы, орта қашықтыққа ұшатын ұтқыр зымыран жүйесі. Кешен аэродинамикалық және баллистикалық қарулармен күреске арналған. Кешеннің бір құрылғысында 12 зенит зымыран бар.

«Витяз» 60 км жердегі нысананы жоя алады. Қырымда Ресейдің «С-400» кешені де бар, ол 400 км-дегі нысананы жоя алады.

Украина қорғаныс министрі Алексей Резников келесі жылы да Украинаның Түркиядан «Байрактар» ұшқышсыз кешенін сатып алуды жоспарлап отырғанын айтқан болатын. 26 қазанда Украина қарулы күштері «Байрактарды» Донбасс маңында қолданып көрген.

Түркияның ұшқышсыз басқарылатын «Байрактар» аппаратын 2020 жылы күзде Әзербайжан Таулы Қарабақ жанжалында қолданған. Сарапшылар «Байрактар» Қарабақ конфликтісінде Әзербайжанның әскери күшіне елеулі ықпал етті деп санайды. Осы конфликтіден кейін Украина Түркиядан «Байрактарды» сатып ала бастаған.