Ресей депутаты «Тіл патрулінің» артында АҚШ тұрғанын айтты
Қазақстандағы тіл мәселесінің астарында АҚШ-тың ықпалы болуы мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz Sputnik ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Ресейдің Федерация Кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитеті мүшесі, сенатор Андрей Климов айтты.
«Мен Ресейге қарсы бағытталған америкалық бағдарлама бар екенін білемін. Аталған бағдарламада осындай бағыттағы шаралар қарастырылған. Мен Қазақстанда да мұхиттың арғы жағындағы елден нәр алатын үкіметтік емес ұйымдар бар екенін нақты айта аламын. Олар ұлтаралық араздық қоздыруға мүдделі. Бұл мүддені көздейтіндер арғы жағада отырып, «Бұлар бірін-бірі қашан түтіп жейді» деген ойда болады. Мен ешнәрсені асыра сілтеп отырған жоқпын. Өкінішке орай олардың пиғылы теріс,– деді Андрей Климов
Спикер «қоздырушы қозғалыстардың» орыс пен қазақ арасындағы ұлтаралық жағдайды шиеленістіруге тырысып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ сенатор «Тіл патрульдері» қозғалысына қарамастан орыс тіліне ТМД кеңістігінде ешқандай қауіп төніп тұрмағанына да назар аударды.
Климов «Тіл патрульдері» қозғалысының ұйымдастырушысы Қуат Ахметовтің Ресейге кіруіне тыйым салуын қолдайтынын да жеткізді.
«Мен Қазақстандағы тиісті органдар мұндай жағдайдың алдын-алуға барынша тырысып жатқанын да жақсы білемін. Олар бұл мәселені соңына дейін жеткізеді деп үміттенемін», – деді ол.