«Сбер» үшін Маминнің үстінен сотқа шағым кетті

0

Келісімге сай Ресейлік “Сбер” елімізде ескірген Egov-тың орнына мемлекеттік қызмет көрсететін жаңа платформа әзірлейді. Қыркүйектің басында “Сбер” компаниясы тобының төрағасы Герман Грефпен жүздескен Мәмин Қазақстанның цифрлық саясаты транформацияға мұхтаж деп мәлімдеп, бұл істі ресейлік компанияға тапсырғанды білдіретін меморандумға қол қойған  деп жазады Kznews.kz  Dalanews.kz. –ке сілтеме жасап.

Былайша айтқанда, бұдай былай бүтін бір мемлекеттің ақпараттық жүйесін  ресейлік “Сбер” сүзгіден өткізетін болады.

Азаматтық белсенді Санауар Зәкірова бастаған көпшілік қазақстандықтар бұл келіссөз мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп санайды.

Онсыз да Ресейдің ақпараттың кеңістігінде өмір сүретін Қазақстан үшін бұл мемлекеттік деңгейдегі құпияны жария етумен пара-пар.

Зәкірова әлемжелідегі жұрттың қарсылығы пост жазуымен ғана шектелгенін айтады, тақырып талқылаудан әріге аспағаннан кейін Үкімет те саспай отыр. Сондықтан Мәмин үкіметін сотқа сүйреп, мұндай қадамға бармауды талап етпек.

– Тұтас мемқызметтің жұмысын бөгде елге табыстау ақылға сыймайды. Мен бағдарлама жасаумен айналыспаймын, әйтсе де бұл іспен шет жағалай таныспын.

2016 жылы “Сделка” атты мобильді қосымшаны жасаттым, сол тұста жаңа технологияның құлағында ойнайтын адамдардың көмегіне жүгінгенмін.

Оның қалай жасалары, техбағдарлама қалай әзірленіп, тапсырыс берушіге түпкі кодтарды табыстау қалай рәсімделерінен хабарым бар, – дейді ол.

Белсендінің айтуынша біртұтас платформа құру мәліметке қол жетімділік тұрғысынан алғанда – қауіпті. Бір бағдарлама бүлінсе, онымен байланысы басқа 400 бағдарлама да істен шығады.

Белсендіні қазақстандықтардың жеке мәліметі қаншалықты құпия сақталары алаңдатып отыр.

– Әрбір қазақстандықтың электронды кілтке байланған жеке мұрағаты бар. Еговқа балама боларлық бағдарлама әзірлейтін “Сбер” компаниясы бұл платформаны ұдайы бақылап, техқолдау жүргізіп отырады. Кемшіліктері болса, түзейді, күзейді. Бағдарламаның кепілдік мерзімі шамамен бес жылға созылуы мүмкін.

Осы бес жыл бойына біз ресейліктер әзірлеп шығарған базаға өзіміз туралы ақпаратты енгіземіз. Жеке басымызға қатысты мағлұмат, дүние-мүлкіміз туралы мәлімет әлгі бағдарламада мен мұндалап тұрады.

“Сбер” порталдағы кез-келген мәліметті суырып ала алады, біз мұны сезбейміз де. Кез-келген адам туралы толыққанды мәлімет жинап, көлденең көк аттының қанжығасына байлап жіберуі ғажап емес”, – дейді ол.

Оның пайымдауынша, порталдың қауіпсіз боларын айтып ант-су ішкен Греф осы жобаны әзірлейтін ұжымның іші-бауырына кіріп шыққан жоқ, олардың қандай пиғылы барын білмейді.

Оның үстіне “Сбер” тәуелді ұйым, құрылымның 51 пайыз акциясы Кремльге тиесілі, тиісінше Қазақстанның электронды үкіметі Мәскеуден басқарылатын болады.

Ресейдің қырын қабағына іліккен қазақстандықтар туралы құпия мәлімет Кремль көсемінің алдында сайрап жатады.

– Осы бағдарламаны әзірлегендер қазақстандықтардың жеке дерегін саудаға салмасына кім кепіл? Мұны жария ету үшін 5 минут жеткілікті. Греф пе? Оның сөзіне сенуге болмайды, ертең-ақ тайқып шығады. Біз оның жағасына жармаса алмаймыз…, – дейді белсенді Зәкірова.

Оның пікірінше, платформаны жаңалағысы келсе Мәмин үкіметі мемқызмет порталын жасауда тәжірибесі бар қазақстандық компанияны таңдап алуы тиіс еді. Белсенді Үкіметтің отандық ІТ мамандарға мұндай ұсыныспен шыққан-шықпағанын білгісі келеді.

“Еговты жаңалайтын мамандарды алдымен өз ішімізден қарап, кейіннен конкурс негізінде шетелдік компаниялардың арасында іріктеу жүргізсе мұндай шу шықпас еді”, – дейді ол.

Белсендінің арызын Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық соты тіркеуге алған. Зәкірова соттың шешімі оның пайдасына шешілеріне сенбейді, солай бола тұра апелляция кезінде өз пікірін білдіріп қалмақ.

“Бұл құжатқа қол қою процесін кешеуілдетеді” – дейді ол.

Фотолар дереккөзден алынды.