Қытайдың құлына айналған билік Бунинді елге кіргізбей тастады
Шыңжаңдағы қуғын-сүргін құрбандарының базасын әзірлеген америкалық зерттеуші Евгений Бунинге Қазақстанға кіруіне 5 жылға тыйым салынды. 4 қыркүйек күні Бішкектен Алматыға ұшып келген белсендіні кеден қызметі елге кіргізбей қойған. Қытайдағы қазақтардың мәселесін көтерген азаматты билік неге елге кіргізбей тастады?
Экс-дипломат Қазыбек Бейсебаевтың айтуынша, бұл тыйымның астарында Қытай билігінің Қазақстанға әсері болуы мүмкін.
«Әрине елге біреуді кіргізіп, енді біреудің кіруіне тыйым салу мемлекеттің ішкі жұмысы. Заң жүзінде мұндай санкциялар елге қарсы әрекет жасап, ішкі-сыртқы саясатына араласқысы келетін шетелдіктерге қолданып жатады. Ал Буниннің жағдайында мұндай фактордың болуы мүмкіндігі жайында ресми мәлімдеме жасалмады. Бірақ бір белгілісі Бунин біздің мемлекетке ешнәрсе жасаған жоқ. Қазақстан туралы сыни материал жазбады. Бар болғаны Шыңжаңдағы қуғын-сүргін құрбандарының базасын жасады. Демек оның Қазақстанға кіруіне тыйым салуына кім мүдделі болуы мүмкін? Әдетте мұндай жағдайда еске алғашқылардың бірі болып түсетін Ресейдің де Бунинде еш шатағы жоқ. Сонда Евгенийдің Қазақстан аумағына кіруіне тыйым салуғы Қытай әсер етіп жатқандай көрінеді», − дейді сарапшы.
Осы орайда Қазыбек Бейсебаев «Қазақстанның жекелеген мәселелерде дербес саяси шешім шығара алуға құқығы бар ма?» деген заңды сұрақтың туындайтынын жасырмады.
«Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болса да елдің ішкі-сыртқы саясатына көрші елдердің немесе басқа да топтардың әсер етіп жататындығын көргенде «біз шынын мәнінде тәуелсізбіз бе?» деп ойланамын», − деді ол.
Әзірге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты қандайда бір мәлімдеме жасаған жоқ. Есесіне өзінің жеке парақшасында Евгений Қазақстанды авторитаризмнің тозағына бір табан жақындай түсуімен құттықтады. Осылайша «авторитарлық» Қазақстан Өзбекстаннан кейін Орталық Азиядағы Бунинді кіргізбей қойған екінші ел атанды.
Болат МЫЛТЫҚ
kznews.kz сайты