Қазақстандағы жемқорлыққа ең бірінші Назарбаев пен Тоқаев кінәлі — саясаттанушы
Саясаттанушы Санжар Боқаев бұл туралы ойын Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» хабарында айтты.
«Менің ойымша жемқорлық пен қаражаттың орынсыз жұмсалуына президент кінәлі. Кайдзен философиясы бойынша мекеме болсын, мемлекет болсын мәселе 98% бірінші басшыға байланысты. Егер бізде туысқандарды емес, элиталық топтардың жеке мүдделеріне қатысты адамдарды емес, нақты жұмыс жасай алатын мықты мамандарды тағайындайтын болса, біздің елде мүлде басқа жағдай болатын еді» дейді Санжар Боқаев.
Сонымен бірге саясаттанушы Тоқаев билік еткен екі жылға да баға берді. Ол ел президентінің үкіметті бақылауы әлсірегенін алға тартты. Елдің экономикалық көрсеткіштері төмендеп, пандемия кезінде де қазақ үкіметі дұрыс жұмыс атқара алмады дейді.
Тоқаев билігінің шектеулі болғанына қарамастан, өзін жақсы менеджер ретінде көрсете алды дейді Санжар Боқаев.
Ол сонымен бірге қазір параны берудің де түрлі жолдары бар екенін, әрі оның заңда қарастырылмағанын айтады.
«Қазір параны биткоинмен береді. Кабинетке флешка алып кіреді, оның ішінде не бар екенін ешкім білмейді ғой», дейді саясаттанушы Санжар Боқаев.
«Болашақпен» оқып, шетел көріп келген жастар Қазақстанды өзгертеді ме десек, жоқ, керісінше. Олардың да ойы алдыңғы буын секілді, қалай байысам, қалай қазынадан ақша тапсам деген. Сөйтіп осы былық жүйеге қазіргі заманауи құйтырқы тәсілдерді қолданып, аға-көкелерімізден де асып түсіп жатыр. яғни, алған білімі елді дамытуға емес, сол былық жүйені одан сайын жаңғырута. Мысалы, өткенде біреу айтады: «Сәке, қазір ешкім ақшамен пара бермейді», — дейді. «Сонда қалай» десем, «қазіргі пара — биткоин», — дейді. Көрдіңіз бе?.., — деді ол өз сұқбатында.
Оның айтуынша, флешка алып жүруге заңда еш тыйым салынбаған.
«Оны ешкім тексермейді, ондай заң жоқ, тіпті тексерді дегенде де оның ішіндегі жыпырлаған цифрды ешкім түсінбейді, кодын білмейді. Ал биткоинның бағасын білесіз… Сонда олардың алған білімі жемқорлықты жаңа әдіспен дамыту болып тұр ғой», — деді саясаттанушы.
Тілші одан биткоинды қалай ақшаға айналдырып алуға болады деп те сұрады.
«Оның өз бағдарламасы, ақшаға айналдыратын адамдары бар. Биткоин, бір сөзбен айтқанда, казино фишкасы секілді», деп түсіндірді ол.