Қазақстан Ресей депутатының «жерді сыйға бердік» деген сөзіне қарсы нота жолдады

0

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың сөзіне қарсы нота жолдады, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

«Первый канал» телеарнасындағы «Большая игра» бағдарламасында сөйлеген Ресей парламентінің білім және ғылым комитетінің жетекшісі Никонов «Қазақстан аумағы – Ресейдің берген үлкен сыйы» деп мәлімдеген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының уақытшасенімді өкілі Александр Комаров шақыртылып, нота тапсырылған. Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов оған Никоновтың Қазақстанның жері туралы сөзіне қатысты түсініспеушілік білдірді деп хабарлайды министрлік.

«Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні атап өтілді. СІМ Ресей тарапының мұндай мәлімдемелерге тиісті баға беруін күтеді және Ресей Федерациясының мемлекет қайраткерлерінен мұндай мәлімдемелерге жол бермеу үшін шаралар қабылдауға шақырады» деп жазылған СІМ таратқан ақпаратта.

Ресей депутатының Қазақстан жері туралы сөзіне байланысты Қазақстан парламенті сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлімдеме жасады.

«Бұл не: надандықтың айбаты ма, саяси инфантилизм бе, әлде екі халық пен мемлекет арасына сына қағуды көздейтін қасақана әрекет пе?» деп сауал тастаған Құл-Мұхаммед қазіргі Қазақстан аумағын қазіргі қазақтардың ата-бабасы ерте заманнан мекен еткенін еске салған.

«Ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы осы далада біздің тікелей бабаларымыз – сақтар, ғұндар, түркілер, қыпшақтар мен қазақтар құрған мемлекеттер бірін-бірі алмастырып отырды» дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Ол бүгінгі Қазақстан аумағы орта ғасырдағы әйгілі Алтын Орда, Қазақ хандығының жері екенін атап өткен. «Алтын Орда ыдырағаннан кейін 1465 жылы Қазақ хандығы құрылды. Оның 550-жылдығын 2015 жылы Қазақстан мемлекеттік деңгейде атап өтті. Міне, дәл осы хандық Ресеймен достық қарым-қатынас орнатқан. Бұл туралы ресейлік ғалымдар жан-жақты зерттеулер жасаған» дейді Құл-Мұхаммед.

Ресейлік депутат Вячеслав Никоновтың сөзі қазақстандықтарды да бей-жай қалдырмады. Жүздеген адам депутаттың Instagram-дағы парақшасында пікір қалдырды.

Кейін депутат Вячеслав Никонов Қазақстан халқына «ыстық ықылас» білдіретінін айтты.