«Намазды Кремльге қарап оқуды тоқтататын кез келді»

0
656

Ресей мемлекеттік Думасы білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың «Шын мәнінде, Қазақстан территориясы — Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы» деген сөзі барша қазақ халқының намысына тиді. Мұны әлеуметтік желідегі жазбаларымен ғана емес, ісімен де білдірген-ді.

Бүгін түнде Алматы қаласында белсенділер Ресей елшілігінің қақпасына «Солтүстік Қазақстан — қазақтың жері!» деген жазуы бар плакат ілді. Сондай-ақ, журналист Думан Бықайдың ұсынысы қызу талқыға түсті.

«Тоқаев, Мамин, Келімбетов тағы басқалары бар бұдан кейін Ресейдің ақпарат құралдарына сұхбат беруді доғарсын! Намазды Кремльге қарап оқуды тоқтататын кез келді. Бұл қазақтілді қауымды алалау, қазақтілді масс-медианы мұқату. Әрбірден соң қазақ аудиториясын сыйламағандықтың белгісі (мұны әсіресе Келімбетовтың құлағына құю керек. Комсомолкаға көлдей сұхбат беретін әдетінен арылсын).

Биліктегі ақылы бар азаматтар кешегіден кейін Ресей пропагандасына қарсы тұратын кешенді шаралар қабылдауы қажет. Пропаганданың өтінде отырған біздің елдің ақпараттық шекарасы алқам-салқам, ашық-шашық жатыр. Осы орайда келесідей шара қабылдауды ұсынамын.

  1. Шұғыл түрде Ресей пропагандасына қарсы тұратын пул (pool) құру қажет. Бұл пул біздің иммунитет, шоқпар мен қалқанның функциясын атқарсын. Ақпараттық пул, саяси пул… ертеңгі ұлығаусар мылтықсыз майданға қазірден қамдансын.
  2. Ақпарат министрлігі елде емін-еркін таралатын ресейлік сайттарды түгелдей тазаласын. Осындағы орыс аудиториясын агрессияға итермелеп, ақпараттық кеңістікті ластап отырған астамшыл контентті біржолата аластасын. Dalanews.kz бұл іске атсалысуға әзір.
  3. Соловьев, Киселев секілді сарай бұлбұлдарының бағдарламасын Қазақстан аумағында көрсетуге тыйым салынсын. Осы арқылы елдегі орыстілді қауымның тамырын басып, көңіл-күйін бажайлаймыз. Елдегі орыстілді сайттар Риа-Новостидің контентін талғажау етіп отыр. Агенттік Киселевке тиесілі. Арғы жағын бағамдай беріңіз.
  1. Соңғы жылдары Еуразия одағын дәріптейтін институттар шектен тыс балалап кетті. Бас кеңсесі — Мәскеуде. Ақша да әлгі жақтан келеді. Бұлардың дөңгелек үстеліне қатысқан адам ретінде айтайын, төңірегімізде Кремльдің жансыздары өріп жүр. Олардың Мәскеуге қандай ақпар таситыны өздеріне ғана мәлім. Еуразия одағын дәріптейміз дейтін әлгіндей ұйымдар айналып келгенде Ресейдің саяси институттары. Олардың осындағы жұмысын сүзгіден өткізетін кез келді.
  2. Қысасқа қан, оқысқа құн. Қазақстанға келгенде қоясы ақтарылып, абалай жөнелетін ресейлік саясаткерлер пен сарапшысымақтарды «қара тізімге» кіргізу қажет-ақ. Санкция. Сабасына түссін.

Қорыта айтқанда қарымта қайтаратын кез-келді. Агрессияға агрессиямен, пропагандаға пропагандамен жауап қату керек. Қазақ аудиториясы билікке өкпелесе де, мемлекеттке қастық ойламайды. Қазақ аудиториясы мемлекетшіл, Erlan Қарин мырза. Билік ормандай орыс аудиториясымен жұмыс жүргізуді мүлде ұмытып кетті. Мұның бәрі соның салдары», — деп жазды ол.

Желі қолданушыларының пікірі осы тұста екіге бөлінді.

«Қарин өзін тектетпейді, Тайжан секілді демократ болу керек қой», «Ендеше Тоқаевті Тэгтеу керек. Болмаса АП бар, басқа бар дегендей», «Ақпарат министрлігі ақын-жазушылардың арасында жүреді қашан көрсең. Бұл Мәдениет министрінің шаруасы емес пе? Ал мына айтқанды атқара қояд дегенге сенбеймін», «Өте дұрыс! 30 жыл бұрын бастау керек еді! «Ештен — кеш жақсы» деп қолға алу керек енді Тәуелсіздіктің 30 жылдығында», «Елдің намысын таптап жатқанда былқ етпейтін неткен билік!?, Думанның ұсыныстары көптің көңілін дөп басты!», «Орысқа жалтақтаумен, жалпақтаумен өтіп жатқан қайран уақыт…» деп жазды желідегілер.