Қазақстан Кубаға айнала ма: Журналист Үкімет пен Мәжіліске Үндеу жасады
Үкімет пен Мәжіліс депутаттарының назарына!
Қайбір жылы Куба елінің көшелеріндегі 1950-60 жылдары шыққан автомашиналардың әлі күнге дейін жүргенін көріп (саяхатшы-журналистердің фильмдерінен, әрине ), шошып қалып ем. Себебі сол — анаған да, мынаған да шектеу қою. Томаға-тұйық адамға жан жуымайтыны сияқты, «шектеулері» шамадан тыс көп елге де жаңалық шіркін жете бермейді.
Сол Куба көшелеріндегі «ретроавтокөліктер» шеруі біздің қалаларымыз бен далаларымызға да жете бастаған сияқты.
Неге?
Басынан бастап айтайын. Естеріңізде ме, шетелдік автокөліктерді Еуропадан, оның ішінде Германиядан толассыз тасып, сатып жатқан тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдардың «май шелпегі». Еуропа автомашиналарын Жапония, Америка автонарығы,тіпті, құлпыртып жіберген.
Сол кезде ғой…
Алматыдан бастап еліміздің барлық қалаларындағы мәшине базарлары автокөліктердің түр-түріне толып кеткені. Жұрт Германия, Америка, Жапония елдеріндегі салондардан сатып алмаса да, зауыттан шыққанына 5-6 жыл болған, «жүрілсе» де Ресейдің үр жаңа «Жигулиі» мен «Ладасына» бергісіз «Мерседес», «Ауди», «Тойоталарға» мініп, көңілдері тола бастамап па еді.
Бірақ…
Басшылық қарапайым қазақтар үшін (қазақтар дегенде, бүкіл қазақстандықтарды айтып отырғанымды ескеріңіздер) осы «баршылықтың» өзін көп көргендей, қай бір жылы шетелдерден әкелінетін машиналардың «туған жылына» шектеу қойды.
Білгіштер оның мөлшері «ҚР әкелінетін автокөліктердің жылы 2014 жылдан төмен болмауы керек» деп ұсыныс тастады. Осы ұсыныс жұрт талқысына салынбай, сол күйі бекіді де кетті.
Міне, осы ойсыз ұсыныс пен пайымсыз пәрменнен бастап еліміздің мәшине базарларындағы толып тұрған шетелдік мәшинелер қатары сирей бастады. Ал қазір… ол базарлар қаңырап бос тұр десе де болады. Алысқа бармай ақ, Алматыдағы бір кездері мәшинелерге толып тұратын «Алтын орда» базарын алыңыз.
Елдің, оның ішінде қалаларымыздың экологиялық жағдайын жақсартамыз деген желеумен жасалған бұл шектеу (Оны «Еуростандарт-4» деп қояды өздерінше, ау, жол жөнделмей жатқанда қайдағы Еуростандарт?! ), соған дейінгі, яғни бұрынғы әп- әдемі экологиялық ахуалдың өзін одан бетер ушықтырып жіберді.
Неге?
Себебі, шетелдерден елімізге әкелінетін жаңалау деген б/у мәшинелер легі тоқтағаннан кейін, жұрттың күні бұрын әкелінген, яғни сонау 1990-1998 жылдары шыққан мәшинелерге қарап қалды. Қазір айдарларынан жел есіп, «айналымда» жүрген де сол «көне көз» мәшинелер. Мұны қалай Кубамен салыстырмайсың осыдан кейін!?
Қазір қалалардағы көшеге қарасаңыз, ылғи ескі мәшинелерге көзіңіз түседі. «Яндекс-Такси» боп, қызмет етіп жүрген жүрген де солар. Салондары алба-жұлба, орындықтары «ойылған», қою қара түтіндері бұрқыраған көтерем «тұлпарларға» қарап тұрып түңілесің.
Оу, Үкіметтегі үкілі балалар!
Елдің бәрін бай-манап деп ойлайсыңдар ма?!
Миллиардер Нұрлан Смағұловтың «Тойота- центрінде» толып тұрған 17 000 000 теңгенің су жаңа көлігін кедей халық, қарапайым қазақ қалай сатып алсын!?
Бір мезгіл жағдайы жоқтарды да ойласаңдар қайтеді?! Олар үшін қазір 2008 — 2010 жылдары шыққан шетелдік «Мерседес», «Ауди», «Тойота», «Лексус» автомашиналары арман болып қалды. Ал көзге Куба елін елестетіп, еске елуінші, алпысыншы жылдары шыққан ескі «Волгаларды» түсіретін 1990-2000 жылдары шыққан машиналар өз ара айналымда жүріп, тозып бара жатыр.
Айналайын, Үкімет!
Мың болғыр, Мәжіліс депутаттары!
Осы мәселеге баса мән еріп, Елімізге Шетелден Әкелінетін Мәшинелердің Жылына Қойылған Шетеуді алып тастауға әрекет етіңдерші. Сонда мен айтқан ескі көліктер өтелге кетіп, машина нарығы жаңарып, жасарып, оның үстіне бағалары да арзандап, ең бастысы — қарапайым кедей халықтың көзі ашылып қалар еді. Мәмин Үкіметіне де, жаңа Парламент депутаттарына да мың алғыс айтар еді.
Біздің ел Куба елі емес қой.
Ойланайық та…
Құрметпен, Көсемәлі Сәттібайұлы