Қазақстан билігі негізінен саяси оппозиция қайраткерлеріне қысым жасап отыр — Freedom House

0

Әлемде ондаған үкімет шетелге кеткен азаматтарына үнемі қысым көрсетіп, олардың аузын жапқысы келеді, делінген халықаралық Freedom House адам құқықтарын қорғау ұйымының «трансұлттық репрессиялар» және биліктің адамдарды қудалауы туралы баяндамасында.

Ұйым зерттеушілерінің мәліметі бойынша, Қазақстан билігі негізінен саяси оппозиция қайраткерлеріне, атап айтқанда бұрынғы министр және экс-банкир Мұхтар Әблязов пен оның жақтастарына қысым жасап отыр. Ұйым саясаткердің әйелі мен кәмелет жасқа толмаған қызын 2013 жылы Италияда ұстап, оларды Қазақстанға әкету оқиғасын мысал ретінде келтірді. Қазақстан олардың шетелге шығуына алты айдан кейін ғана рұқсат берді. Бұл жағдай халықаралық қауымдастықтың қарсылығын оятқан.

Бұған қоса, баяндамада блогер Мұратбек Тұңғышбаевты қазақ билігінің сұрауымен Бішкектен алдыруы да қудалау оқиғасына мысал ретінде баяндалды. Оған елде тыйым салынған «Қазақстан демократиялық таңдауы» (ұйымды Мұхтар Әблязов құрған, 2018 жылы қазақстандық сот оны «экстремистік» ұйым деп таныған, 2019 жылы Еуропарламент қарарында бұл ұйым «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп аталған) қозғалысына қатысы бар деген айып тағылды. Тұңғышбаев қудалаудың саяси астары барын айтты.

Баяндамада саясаткердің Еуропадағы жақтастары ұсталғаны, ол үшін Интерполды араластырғаны жазылды. Ұйымның хабарлауынша, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжан, сонымен бірге Ресей халықаралық іздеу салғанда Интерполды жиі пайдаланады.

Баяндама авторлары Қытай, Түркия, Руанда, Сауд Арабиясы, Ресей және Ирандағы жағдайға көбірек тоқталған. Алайда Қытайдан қашуға мәжбүр болған аз ұлт өкілдерін Қазақстан билігі өз аумағында ұстағаны да сөз болды.

Былтыр Шыңжаңнан шыққан бірнеше қазақ уақытқа босқын мәртебесін алды. Шыңжаңдағы «қайта тәрбиелеу лагерлері» туралы ашық айтқан екеуі өткен айда Алматы мен астана түбінде шабуылға ұшырады.