«Парламент таратылып, қайта сайлау өтеді» деген сыбыс тарады

0

Қаралы қаңтар оқиғасынан кейін биліктің ұшар басындағы орынтақтар сапырылыса бастады. Шенеуніктердің бірі кетіп, бірі келіп жатыр. Қоғам назарын ерекше аударған жаңалықтардың бірі – ­Орталық сайлау комиссиясы төрағасының ауысуы болды, деп хабарлайды kznews.kz сайты nege.kz порталына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Имашев лауазымынан босатылып, орнына Нұрлан Әбдіров тағайындалды. Бұл тағайындау «Парламент таратылып, қайта сайлау өтеді» деген сыбысқа түрткі болып отыр.

Билік өзгеріп, «жаңа Қазақстан құрамыз» деп ұран көтіріліп отырған кезде Парламенттің де жаңаруы орынды да шығар. Десе де, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «төтенше жағдай кезінде, қару ұңғысы астында сайлау өткізудің орынсыз екенін, арада кемі алты ай өтуі тиіс» деген пікір айтып қалды. Алайда кейбір партиялар сайлауға қазірдің өзінде дайындық жұмыстарына кірісіп кеткенін мәлімдеп отыр.

Парламент таратыла ма? Тараса, сайлау қашан өтеді? Бірқатар партиялардың өкілдері мен саясаткерлер Nege.kz тілшісіне жауап берді.

Тазабек Сәмбетбай, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары:

Мәжіліс сайлауына дайындалып жатырмыз

– ЖСДП мұны ең өзекті мәселе ретінде жіті бақылап отырмыз. Жаңа ел болып жатырмыз. Жаңа басқарушы жүйе орнады. Сондықтан бірінші кезекте жаңа парламент қажет деп білемін. Лоялды мәжіліс керек.

Қоғам тарапынан да бұған сұраныс бар. Кешегі көшеге шыққан халықтың да бір талабы ­– осы. Қазіргі басқару жүйесі де жаңа заң шығарушы органға зәру.

Тұңғыш президентке қатысты заңдарды, конституциялық нормаларды өзгертіп, жаңа конституциялық заңдарды қабылдауға бүгінгі парламент қауқарсыз әрі құлықсыз. Олар ­– бұрынғы биліктің мүддесін қорғап келген лоббист депутаттар. Сайлау комиссиясына жаңа төрағаның тағайындалуы ­– қоғамға берілген белгі.

Біздің болжамымыз бойынша, сәуір айында парламент сайлауы күні жарияланады. Екі ай бұрын жариялануы тиіс болғандықтан, ақпан айында ресми түрде айтылуы ғажап емес. Өз тарапымыздан мәжіліс сайлауына дайындалып жатырмыз. Түрлі тараптармен жаңа формада жұмыс істеу тәсілдерін қарастырып жатырмыз.

Бөріхан Нұрмұхамед, «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілі, саясаттанушы:

Парламентті асығыс таратудың қажеті жоқ

– Менің ойымша, парламент тарқағанымен, жаңа сайлау өткенімен, бұл ешқандай мәселені шеше қоймас. Қазір президент Тоқаев бірнеше бағыттағы мәселелерді көтеріп, бірқатар реформа жасау керегін айтып кетті. Енді ол реформаны жүргізу үшін қазіргі заңдарды өзгерту немесе жаңа заңдар қабылдауы керек. Конституциялық заңдарды өзгерту жұмыстарын жасап болғаннан кейін парламенттің өзі тарауы немесе президент тарқатуы мүмкін. Менің ойымша, осы дұрыс болар еді.

Парламент сайлауы өтуі керек болса, жылдың соңына дейін біраз нәрселерді жасап үлгеру қажет деп ойлаймын. Реформалар нақты бекітілген соң, оған қандай заңдар керек екенін басқа партиялармен бірге талқылай отырып, ортақ мәмілеге келу абзал.

Үкімет пен парламент арасында қайшылық болып, парламент үкімет бағдарламасын қабылдамаса не жұмысына қағанаттанбаса, президент өзі таратуы мүмкін.

Парламентке кіретін жаңа партиялар пайда бола ма? Кірсе, олардың алдына қыруар ұйымдастыру жұмыстары тұр. Қазір жеті пайыз емес, бес пайыз дауыс жинасаң, парламентке өтуге болады. Тағы да бірнеше партия өмірге келуі мүмкін. Сондықтан парламентті асығыс таратудың қажеті жоқ.

Дос Көшім, саясаткер:

Парламенттің жаңаруы кезек күттірмейтін мәселе

– Бұл жерде екі мәселе бар. Тоқаевтың шынымен үлкен өзгеріс жасап, жаңа Қазақстан құрамын деген шешімі болса, парламенттің таралуы сөзсіз. Ал егер парламент тарамаса, сөз күйінде қалғаны.

Өйткені, бұл парламентпен жаңа өзгеріс жасау мүмкін емес. Дәл осындай жағдайға алып келген ­– осы парламент қабылдаған заңдар. Осы парламентпен бірге Nur Otan да тараса, тіптен жақсы болар еді. Екеуі де қайтадан құрылса, нұр үстіне нұр.

Сондықтан парламенттің жаңаруы кезек күттірмейтін мәселе деп білемін.