Оспан батырдың немересі Қытай түрмесіндегі ағаларын босатуды сұрады
Батырдың немересі Өркен Оспан Қытай түрмесінде отырған ағаларын босатуды сұрады. Айтуынша, үшеуі де темір торға еш негізсіз қамалған.
«Қытайда жазықсыз өмір бойына сотталған ағаларымыздың тағдырына алаңдап 3 жылдан бері түрлі деңгейде араша сұрап келеміз, бұл азаматтардың тіке туыстары ҚР азаматы болғандықтан, ҚР-ның құзырлы органдары мен халықаралық кісілік құқық қорғау ұйымдарынан кінәсіз туыстарымыздың босатылуына ықпал етуін сұраймыз!» — деді Өркен Оспан.
Сондай-ақ, ол түрмеге әділетсіз қамалды деген азаматтардың есімін атады. 2018 жылдың наурыз айларында ұсталған-ды.
«Бұл азаматтар еш кінәсіз қамауда отыр деп есептейміз. Себебі бұл азаматтардың ішінде Нұрлан Нәбиұлы — менің туған ағам, Оспан батырдың туған немересі. Нағыз Мұхамедұлы болса, Оспан батырдың әкесі Сляммен бірге туысатын кісінің баласы, үшіншісі — Толқын Соғысайұлы Оспан батырмен рулас-аталас кісінің балалары. Үшеуі де жоғары білімді азаматтар. Ұсталған уақытқа дейін Алтайдың Көктоғай ауданында түрлі салада қызмет істеген», — дейді ол.
Өркен Оспанның айтуынша, үш азамат та Қытай Коммунистік партиясына қызмет еткен. 2016-2017 жылдан бастап Қытайдағы азшылық ұлттарға — қазақтарға қаратылған қудалау-ұстау кезінде бұл кісілерді де жалған куәлікпен, жала жауып қолға алған. Содан бері қамауда отыр.
«Ұлтшыл», «ұлттық бөлшектеуші», «Қытайдың қос тілді ағарту жұмыстарына қарсы шыққан», «жүрген жерінде Оспан батырды үгіттеген», «елді Қазақстанға көшуге үгіттеген», «16 желтоқсанда адам жинап, атап өткен» деген негізсіз айыптар тағылған.