«50 ғасырлық биологиялық тарихы бар халық». Оразақ Смағұл «қазақ жоқ» дейтіндерге жауап берді

0

Қазақтың тұңғыш антропологы, белгілі ғалым Оразақ Смағұл «Тарихта қазақ халқы болмаған» деген алып-қашпа әңгіменің нүктесін қойды. Осы орайда ол шетелдік деректердің субъективті пікірге негізделгеніне тоқталды.

Бұл туралы Тимур Балымбетовке берген сұхбатында айтып берді.

«18 ғасырдың басында ғалымдар «Әлемде қазақ деген халық жоқ. Қазақ халқы — самозванец, қағаз жүзінде ғана бар. Бұлар моңғолдардың, қырғыздардың, қалмақтардың бөлшектері. Осыны айтудан басқа келтірген ғылыми дәлелі жоқ. Бүгін тіс құрылысы, қан жүйесі, алақан терісі, бас сүйектерінен — осы бес сала бойынша зерттеп келсек, барлығынан айырылады екен.

Сондықтан біз дәлелсіз айтқан сөзге бас ие алмаймыз. Қазақтың өзінің биологиялық тарихы мен нәсіл ерекшеліктеріне байланысты, қытай, араб-парсы, орыс, Византия деректерінде айтты. Онда біздің жұмысымыз жоқ. Оның барлығы заманы мен мемлекетіне байланысты субъективті тұрғыдан жазылған. Ал биологиялық ерекшеліктер — табиғи даму сатыларынан қалыптасқан.

Онда субъективті ешқандай көзқарас жоқ, тек фактілер. Осы тұрғыдан келгенде бұдан былай қазақты жоқ деп айтуға құқығы жоқ. Қазір біздің еңбегіміз қытай тіліне аударылып жатыр. Ал егер осы кітап құнсыз болса, ғылымда ешқандай пайдасы болмаса, 1 млрд халық не үшін өз тіліне аударып жатыр? Қазақтың осындай ел екенін олардың антрополог мамандары қалай дәлелдегенін білгісі келеді. Өздерін де сондай жолмен дәлелдегісі келеді. Өзінің даму, өрбу жолдарын анықтау үшін.

Құдайдың берген бағы — өмірді берді, бірақ бұл өмірді мен жай өткізген жоқпын. Халқымның игілігіне пайдаландым. Бүгінгідей қазақ халқының 50 ғасыр биологиялық тарихының барын ешкім аузын ашып, қағаз бетіне жазған емес. Қазақ халқының әруағының, тілегінің арқасында осындай жетістіктерге жеткіздім ғой деп ойлаймын. Өйткені, осындай зерттеулер болмаса, қазақты елсіз-жерсіз қаңғып жүрген тайпалардың бірі дер еді», — дейді Оразақ Смағұл.