Нұр-Сұлтан мен Алматыда арнайы жасақ наразыларды «кеттлингке» алды

0

28 ақпан күні Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында полиция жасақтары бейбіт жиын қатысушыларын «кеттлинг» дейтін әдіспен қоршауға алды. Бұл туралы Азаттық тілшілері хабарлады.

Нұр-Сұлтан қаласында полиция белсенді Дулат Ағаділді еске алу үшін мешіт алдына жиналған 30 шақты азаматты екі шеңберге қоршауға алды.

Олар құлыптаулы мешіттің сыртында марқұм Ағаділдің рухына құран бағыштап, осыдан кейін «Жастар» сарайына бармақ болған. Полиция жасағы әуелі оларды тоқтатпақ болды, кейін қоршауға алды.

Азаттық тілшісі мешіт маңында арнайы жасақ қызметкерлерінің көп екенін, олардың құран бағыштауға келгендерден үш есе артық екенін хабарлады.

Дулат Ағаділді еске алуға жиналған азаматтар "кеттлингке" алынды. Нұр-Сұлтан, 28 ақпан 2021 жыл.
Дулат Ағаділді еске алуға жиналған азаматтар «кеттлингке» алынды. Нұр-Сұлтан, 28 ақпан 2021 жыл.

«Кеттлингке» алынған азаматтарға ақын Дәулеткерей Кәпұлы келді. Ол жиналғандардың талабын тыңдау үшін келгенін, бірақ олардың осылай жиналғанын құптамайтынын айтты. Азаттық тілшісінің полиция қоршауы адам құқығын бұзбай ма деген сұрағына ақын «тара дегенде тарау керек еді» деп жауап берді.

Шеңбер ішінде тұрған үш әйел дәретханаға баратынын айтып, қоршаудан шыққан бойда полиция жасақтары келіп, оларды автозакқа салды. Әйелдер дәретханадан соң «кеттлинг» ішіндегілерге қайта қосылмақ болған.

Шеңбер ішінде тұрған белсенділер Еуропарламенттен Қазақстан билігінің өкілдеріне қарсы санкция салуды талап етеді.

Полиция мешіт жанындағы «Астаналық» базарының (бұрынғы «Артем» базары) маңын толық қоршауға алған.

Қазақстанда 28 ақпан күні митинг өткізуге екі оппозициялық топ шақырған. Бірі — Қазақстанда заңсыз деп танылған, бірақ Еуропарламент «бейбіт ұйым» деп атаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы, бірі — «Қазақстанның демократиялық партиясын» құру жөніндегі бастамашыл топ.

ҚДТ жақтастары, азаматтық белсенділер сағат 11:00-де Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәдуақас Ғылмани атындағы мешітке жиналып, Нұр-Сұлтан абақтысында жұмбақ жағдайда қайтыс болған Дулат Ағаділді еске алу шарасын өткізіп, одан әрі «Жастар» сарайына барып, наразылық шеруіне қатыспақ болған. Олар қолдарына қамауда отырған белсенділердің суретін ұстап шыққан.

Дулат Ағаділді еске алуға жиналған азаматтар "кеттлингке" алынды. Нұр-Сұлтан, 28 ақпан 2021 жыл.
Дулат Ағаділді еске алуға жиналған азаматтар «кеттлингке» алынды. Нұр-Сұлтан, 28 ақпан 2021 жыл.

Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдына жиналған «Демпартия» бастамашыл тобының өкілдері де полиция жасағының қоршауына алынды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, шеңбер ішінде жиырмадан астам адам тұр. «Кеттлинг» көшеден өтіп жатқан көліктерге көрінбес үшін оншақты автобуспен қоршалған. Қоршаудың өзі бірнеше қабаттан тұрады. Белсенділердің қоршап тұрған тар шеңбер мен оның сыртындағы үлкен шеңберді полицияның арнайы жасағы ұстап тұр. Одан кейін қатардағы полицейлердің шеңбері бар. Оның сыртында темір қоршаулар орнатылған.

Алматы қаласында "Қазақстанның демократиялық партиясын" құру жөніндегі бастамашыл топ "кеттлинг" дейтін полиция қоршауына алынды. 28 ақпан 2021 жыл.
Алматы қаласында «Қазақстанның демократиялық партиясын» құру жөніндегі бастамашыл топ «кеттлинг» дейтін полиция қоршауына алынды. 28 ақпан 2021 жыл.

Полиция сырттан келгендерді бірден таратып жатыр. «Кеттлинг» жанынан хабар таратып тұрған журналистерді сыртқа қарай ысырып тастады.

«Кеттлинг» сыртында 10-15 адам шеңбер ішіндегі адамдарға қарсы «Мамай қарабет» ( «Демпартия» бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай) деген сияқты ұрандар айтып жүр. Олардың арасында алдыңғы акциялардағыдай танымал адам жоқ дейді Азаттық тілшісі.

Сарай орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы және Абай көшелерінің бір-бір бағыты жабылған. Ол бағытта тек қоғамдық көліктер ғана қатынап жатыр.