«Назарбаев ол кезде ұрлыққа белшесінен батқан жоқ»

0

Белгілі саясаттанушы Серік Әбдірахманов елімізде отыз жылда болған саяси процесстерге өз бағасын берді. «…Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында экс-депутат бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен болған жеке әңгімелері және неліктен сенімнен шығып қалғаны туралы айтты.

Әбдірахманов 1992 жылы Назарбаевтың жеке тапсырмасымен «Қазақстан бірлігі» одағын құруды қолға алған. «Алайда 1993 жылы Үкіметті ұрлықшы дегенім үшін саясаттан шеттетіле бастадым» — дейді экс-депутат.

«Қазақстан бірлігі» одағы 1995 жылы партияға айналды. Оның негізін Әбдірахманов қалаған деп оның ізін жойды. «Отан» болды, кейін «Нұр-Отан» болды. Сонан кейін Назарбаевтың өзі мені шақырды. Серік, жанымда бол! -деді. Оған да бір шындық айтатын адам керек болғандай болды. Ол кезде ұрлыққа белшесінен батқан жоқ. Біраз іске араласты, бірақ кері жүруге, бағыт өзгертуге әлі кеш емес еді» — деп еске алады саясаттанушы.

Осылайша Назарбаевтың өтінішін қабыл алған Әбдірахманов саяси аренаға қайта оралған. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарған кезде, президентпен кейбір мәселелер бойынша пікір бөлісіп тұрдым дейді экс-депутат. Алайда кезекті еркін мәлімдемесінен кейін Әбдірахмановтың депутаттық мәнсабы біржола тоқтады.

 «Алтынбек Сәрсенбаев атылғаннан кейін үлкен үндеумен шықтым — билік кінәлі деп. Ержан Өтембаев (сол жылдарда Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі) маған телефон соғып, екеуміз қатты ұстасып қалдық. Рахат Әлиевтің таспаларында сол әңгімеміз бар. «Әбдірахмановты сабасына түсірдім» дейді. Сабама түсірген ештеңесі жоқ, тек өкпесін айтты. Тергеуге сенбеймін, генералдарың сатылған, парақор деп өзіне айттым» — дейді Серік Әбдірахманов. Осы оқиға туралы кейін президент әкімшілігінде де сөз болды деді белсенді.

Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі сілтемені басып көруге болады.