Н.Назарбаевтың тамағы қалай дайындалады?
Атырауда 27 жастағы аспаз Бағдат Қадыров Нұрсұлтан Назарбаевқа түскі ас дайындап беріп, премьер-министр Асқар Маминмен бірге арнайы пойызбен Қытайға аспаз ретінде барып келген. Көптеген өнер жұлдызы мен лауазымды тұлғаларға дәмді ас ұсынып жүрген белгілі аспаз Express Qazaqstan басылымына сұқбат берді деп жазады Nur.kz.
Бағдат қарапайым мұғалім мен автомеханиктің отбасында дүниге келген. Ол бала кезінде аспаз боламын деп мүлде ойламағанын, актер болуды армандағанын айтады. Алайда үшінші сыныпта жүргенде оның өмірін күрт өзгерткен оқиға болыпты.
«Көшеде ойнап жүргенде қаңғыбас ит қауып алды. Қатты қорыққаным соншалықты, сөйлей алмай қалдым. Содан тұтыға бастап, өз-өзіммен тұйықталып, сыныптастарыммен сөйлеспейтін болдым. Осылайша, бір минутта өмірім күрт өзгерді. Кейін тіс дәрігері болуды ойлап едім. Онымен 5-6 жыл оқығым келмей, аспаздыққа түсіп кеттім. Не итермелегенін білмеймін, осылайша аспаздыққа бет бұрдым», — дейді Бағдат.
Жас аспаз Нұрсұлтан Назарбаев пен Асқар Маминге ас дайындап берген кезін есіне алды. «Елбасы Mega сауда, ойын-сауық кешені ашылған кезде Алматыға келді. Екі күн бұрын барлық тағамдарды тексеріп, сынама алды. Елбасы балықты, теңіз тағамдарын жақсы көреді. Біз оған сибас балығын жеміс-жидек соусымен дайындап бердік. Елбасыдан бір метрдей жерде тұрғанда, ол сенің тамағыңды жеп жатқанда бойыңды ерекше сезім билейді. Оған тамағымыз ұнады. Сонымен қатар, «ҚазақстанТемірЖолы» АҚ-ының сол кездегі президенті Асқар Маминмен бірге арнайы пойызбен Қытайға аспаз ретінде барып келдім», — дейді ол.
Бағдат аспаздық ер азаматтарға лайық жұмыс емес деп санайтындармен келіспейді. «Әрине, аспаздықты еркектің жұмысы емес дейтіндер болды. Әлі де солай ойлайды. Бірақ мен өмірде өз орнымды таптым деп ойлаймын. Адам сүйікті ісінен ләззат алады ғой. Өзімнің көптеген авторлық тағамым бар. Бәрі мақтайды. Тіпті, арнайы іздеп келетіндер де бар. Сонымен қатар, ата-анам менің әрбір жетістігіме марқайып отырады, мен үшін сол маңызды», — дейді аспаз.
Бағдат жас аспаздарға өз кеңесін беруді ұмытқан жоқ. «Аспаздықты жаңадан бастайтындарға айтарым — ең бірінші қасапшылықты игеріңіздер. Өйткені, бас аспаз алдына келген етті ажырата білуі керек. Ет пен сүйектің қосылған жерін біліп, еттің жұмсағын бөліп алып, сүйектерін әдемілеп шығарған жөн», — дейді ол.
Аспаздықты жетік меңгеру үшін Бағдат Дубайға барған екен. «Білімімді жетілдіріп, өз-өзімді дамыту үшін Дубайға барып, аспаздық оқуды жалғастырдым. Әлі есімде, мені мейрамханаға тағылымдамаға жіберді. Ол жерде өз ісінің шеберлері жұмыс істейді. Өздері қу. Біреуі келіп, 1 келі күріштің ішінде неше түйір болатынын санауды тапсырды. Мен 5 минуттай санап тұрдым. Кейін бәрі күлген кезде мұның әзіл екенін түсіндім. Бір күні 1 келі ұнды төртбұрыштап турауды тапсырды. Сосын макаронды үргізіп қойды. Осындай әзілдері бар, оған ренжіген емеспін», — дейді Бағдат.
Ол болашақта Мишлен жұлдызын алуға талпынбайтынын жасырмады. «Бұл жұлдызды Қазақстанда әлі ешкім алмаған. Білесіз бе, Италиядағы достарымның айтуынша, бұл жұлдызды сатып алуға болады. Сол себепті оны иеленуге талпынбаймын. Мен қазақ халқының жүрегін шетелдік атақпен емес, қолжетімді әрі дәмді астарыммен жаулағым келеді», — дейді Бағдат. Жас аспаз бүгінде Атырауда мейрамхана ашып жатыр. Болашақта еліміздің үлкен қалаларында жеке мейрамханасын ашуды армандайды.