Министр болған «электрик» 50 жасқа толды

0

Бүгін, яғни 29 қарашада Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың туған күні. 27 жылдан бері мемлекеттік қызметте келе жатқан кабмин мүшесі ердің жасы елуге толып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz сайты ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.

ҚЫЗМЕТТЕ ТЕЗ КӨТЕРІЛГЕН

Бір қызығы, қазақша «Бақыт Сұлтанов өмірбаян» деп google-ға терсеңіз, оның мемқызметтегі жолы туралы ақпарат бірінші шыққанымен, «Бакыт Султанов биография» деп терсеңіз, алғашқы жолдан-ақ министрдің шапырашты руынан тарағаны жазылған.

Сұлтанов Алматы қаласының тумасы. 1988 жылы сол қаладағы абыройлы саналатын республикалық физика-математикалық мектеп-интернатын аяқтаған. 1994 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-электрик мамандығы бойынша, ал 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша бітірген. Негізі оның қызмет жолында тез өскенін аңғаруға болады.

ҮШ МИНИСТРЛІКТІ БАСҚАРДЫ

35 жастағы Сұлтанов бір жылдай Статистика жөніндегі агенттігінің төрағасы болады. Одан кейінгі жылдары ең маңызды 3 министрлікті басқарды.

2007 жылы ол министр ретінде алғашқы қызметіне тағайындалады. Бұл тұста Сұлтанов Қазақстанның Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің тізгіні берілген болатын.

Үш жыл министр болғаннан кейін Бақыт Сұлтанов 2010 жылы президент көмекшісі қызметіне ауысады. 2012-2013 жылдары президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болады.

2014-2018 жылдары бақандай төрт жыл елде Бас қыржыгер лауазымында болды. (Қаржы министрі)

АНАЛАРМЕН ТІЛ ТАБЫСА АЛДЫ МА?

2018 жылы Астана қаласының әкімі қызметін бір жылға жуық атқарып, 2019 жылы жаңадан құрылған Сауда және интеграция министрі қызметіне тағайындалған.

Сұлтановтың тұсында астанда “времянкада” тұрып жатқан 5 қыз өртеніп кетіп, соңы көпбалалы аналардың үлкен наразылығына ұласты. Үкіметтің кулуарында жүріп-тұрып үйреніп қалған Бәкеңе адуанды аналармен тіл табысу оңайға соқпады.

Бақыт Сұлтанов «Парасат» ордені мен «Белсенді қызметі үшін» кеуде белгісінің иегері. Запастағы лейтенант.

ЖАБЫҚ МИНИСТРЛЕРДІҢ БІРІ

Қазақстанда азық-түліктің қымбаттауы кейінгі кезде осы министрге қойылатын сұрақты көбейтіп жіберді. Ол мәселеге жалғыз өзі жауапты емес екенін айтып ақталғанымен, кабмин мүшесін бұл сауалдар бәрібір «қуып» жететін болып жүр. Әйтсе де министр мәжілістің соңғы отырысында журналистерден қашып шығып, сұрақтарға жауап бермей кетті. Оған дейін де Сұлтанов жаңа жылға қарай бағаның өсуіне кепілдік бере алмайтынын айтып, тілшілерден бір рет құтылғаны бар еді.

Ulysmedia.kz порталы құрған ашық және жабық министрлер рейтингінде Бақыт Сұлтанов 18 министрдің ішінде 11-ші орында тұр.