Миллиардтаған қаржы құйылған Түркістан туризм саласындағы үмітімізді ақтамады
Қазіргі таңда өңірге шетелдік тұрмақ, ел тұрғындары да қызығушылық танытар емес.
ҚР-да туризмді дамыту – басым бағыттардың бірі. Жылдан жылға сектордағы жағдайды жақсарту үшін шаралар қабылдануда. Түркістан облысы тарихи-мәдени мұрасы бойынша перспективалы өңірлердің бірі саналады.
Соңғы екі жылда Түркістан облысына айтарлықтай инвестиция құйылды. 2019 жылға дейін өңірдің өнер, ойын-сауық және демалыс саласына салынған инвестиция көлемі 8 млрд теңгеден аспаған болса, 2020 жылы бұл сома 125,3 млрд теңгені құрады, деп жазады finprom.
Ағымдағы жылы инвестиция өсімі жалғасуда. Мәселен, 2021 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша капитал салу 80,8 млрд теңгеге жетті. Ал елдің қалған 16 өңіріне салынған инвестициялардың жалпы сомасы 86 млрд теңгені құраған. Шын мәнінде, бір аймаққа салынған инвестициялар іс жүзінде елдің басқа аймақтарымен салыстырылады.
Әзірге Түркістан облысы қызмет көрсету нәтижелері бойынша еліміздің көптеген өңірлерінен едәуір төменде. Мысалы, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ішкі туризм саласының көш басында Алматы (447,2 мың адам), Нұр-Сұлтан (289,5 мың адам) және Алматы облысы (165,9 мың адам) тұр. Бұл тізімде Түркістан облысы 94,7 мың келушіге қызмет көрсетіп, 9-шы орынға тұрақтады.
Сонымен бірге жүргізілген шаралар кешені мен шығындар көлемін ескере отырып, аймақ, кем дегенде өсу бойынша көшбасшылардың бірі болуы керек еді.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысында туризмді дамыту тұжырымдамасы мен Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары қабылданды, оған сәйкес өңір үшін дамудың негізгі бағыттарының бірі – туризм саласы болатын.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 10 сәуірінде Түркістан қаласында Орталық Азиядағы аса ірі көпфункционалды «Керуен-сарай»туристік кешенінің ашылғанын атап өткен жөн. Алайда өңірді бұл оқиға да көшбасшылыққа алып шыға алмады.
Түркістан облысы шетелдік туристер үшін әлі де тартымсыз болып отыр. Ағымдағы жылдың 6 айында бар болғаны 870 шетелдік туристерді қабылдаған.
Бұл елдегі ең нашар көрсеткіштердің бірі. Мысалы, Алматы – 54,2 мың, Нұр-Сұлтан – 34,9 мың, Қостанай облысы – 5,5 мың келушіге қызмет көрсеткен.
Жалпы ҚР бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында туризм саласы бойынша түскен пайда көлемі 44,6 млрд теңгені құрады. Көш басында Алматы (11,2 млрд теңге), Нұр-Сұлтан (8,3 млрд теңге) және Ақмола облысы (4,5 млрд теңге) тұр.
Өз кезегінде Түркістан облысы 1,8 млрд теңгемен 9-шы орынға жайғасты.
Іс жүзінде, саланы дамытуға салынған қаржыға қарамастан, Түркістан облысы осы уақытқа дейін тиісті нәтижелерге қол жеткізе алмай келеді. Жыл басында өңір әкімдігі Түркістанның әлемдік туризм орталығына айналуға лайық екенін атап өткен болатын.
Бірақ бұл жағдай орын алуы үшін өңір ел ішінде бәсекеге қабілетті болуы керек. Ең болмағанда қазақстандықтар үшін тартымды болуы қажет.
Оралбай Мергенбайұлы