Медведевтің Тоқаев секілді әрекет етуге мүмкіндігі болды
Ресейлік ақпарат құралдары Қазақстандағы наразылық пен оның қалай аяқталғаны туралы жарыса жазды, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде «Ресейде мұндай жағдай болуы мүмкін емес, бізде қазақтар аз» деген әзіл тарады. Сибирь. Реалии сайты сарапшылардан «Қазақстандық сценарий Ресейде қайталануы мүмкін бе?» деп сұрап көрді.
«МЕДВЕДЕВТІҢ ТОҚАЕВ СИЯҚТЫ ӘРЕКЕТ ЕТУГЕ МҮМКІНДІГІ БОЛДЫ»
– Ресейде элита өкілдері наразылықты өз мүддесіне пайдалануға тырысқан жоқ. Қазақстанда күш құрылымдары олигархиялық кландардың мүддесіне жұмыс істеді: бұл топтар наразылыққа радикалды сипат беру үшін халықтың арасына құқық қорғау органы қызметкерлерінің киімін киген жалдамалы адамдарды немесе қылмыскерлерді қосып жіберді. Бұл – элитааралық текетірестің көшедегі көрінісі. Путин ресейлік элита өкілдерін жіті бақылауда ұстайды. Қазақстанда бұрынғы және қазіргі президенттің арасында қайшылық бары анық көрінді: Тоқаев наразылықты пайдаланып, Назарбаевтан құтылуға тырысты. Бізде Путинмен билікке таласатын кім бар? 2011 жылы Медведевтің Тоқаев сияқты әрекет етуге мүмкіндігі болды. Бірақ Дмитрий Анатолийұлының бұған батылы бармады, ал қазір оның бұрынғыдай ықпалы жоқ, – дейді саясаттанушы Аббас Галлямов.
– Демек, Кремльде отырған тұлғалардың ешбірі көшедегі наразылықты қолдамай ма?
– Путин әлсіреп, күшін жоғалта бастағанда солай болады. Тоталитарлы режим ерте ме, кеш пе, бәрібір әлсірейді. Бұл тұрғыдан алғанда, бәрі әлі алда. Президенттің белсенділігі төмендеп, Брежнев сияқты элита арасындағы қарым-қатынасты реттеуге қабілетсіз болып қалады. Путин қазірдің өзінде дауыс берушілердің жартысын жоғалтып алды. Бірақ әлі де сайлаушылардың үштен бірі президентті қолдайды. Танымал саясаткерге ашық түрде қарсы шығып, билікке таласу үшін белді тұлға болу керек, азаматтармен кездесіп, инфрақұрылым салып, партия құру қажет. Бірақ қазір биліктің рұқсатынсыз саясатқа араласу мүмкін емес. Өз бетінше күрес бастағандарды күш құрылымдары тоқтатып тастайды. Сондықтан әзірге Путинге балама жоқ. Путин қауқарынан айырылып, қауіп-қатер азайған кезде 90-жылдардағыдай олигархтар мен кландар саясатқа араласа бастайды.
– Ресейліктер Қазақстан халқы сияқты жаппай бейбіт наразылыққа шығуға дайын ба?
– Әрине, Ресейде де осындай наразылық болуы мүмкін. Бейбіт митингілер үнемі болып жүр ғой. 2021 жылы қаңтарда Навальныйды қолдауға шыққан жұрт Мәскеу мен Санкт-Петербургте ғана емес, бірнеше өңірде наразылық акциясын өткізді. Бұрын өңірлер саяси талаппен шыға бермейтін: қоқыс полигонының құрылысына немесе гүлзар аумағына шіркеу салуға қарсылық білдіріп, жергілікті мәселелер бойынша ғана көтерілетін. Навальный қамалардан жарты жыл бұрын өткен «Фургал үшін» акциясы ғана ерекше болды. Өңір халқы саясаттан алыс деуге болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанмен ұқсас тұстарымыз көп. Бірақ біздегі наразылықтар қантөгіссіз, әлдеқайда бейбіт өтеді.
– Бір адамдық пикетке шыққандардың өзін уақытша тергеу изоляторына қамайтын Ресейде жаппай наразылық акциялары өтеді деп айтуға бола ма?
– Қазақстанда да күш құрылымдарының азаматтар қарсылығын қатаң басып тастаған кездері болған. Бірақ халық наразылығы шегіне жеткен кезде адамдар қорқынышын ұмытып кетеді: жеккөрініш басым түсіп, қоғам тегіс көшеге ағылады. Ресей азаматтары еуропалықтарға көбірек ұқсайды, бір-біріне оқ атпаса да, әп сәтте қоян-қолтық ұрыс басталып кетуі мүмкін. Қоғамда жеккөрініш сезімі өршіп тұр. Күш құрылымдары наразылық тақырыбын біржола жауып тастай алмайды. Көтеріліс салдарынан құлаған авторитарлы режимдер аз ба? 1905 жылғы қанды жексенбіден кейін 1917 жылы тағы да революция болды. Иә, бір наразылықты басып тастағаннан кейін екіншісі бірден басталып кетпейді. Мұнда ұзақмерзімді перспектива туралы айтып отырмын.
– Осы туралы толығырақ айтып бересіз бе?
– Жаппай наразылықтың болу-болмауы билікке байланысты. Революция сценариі орындалмауы да мүмкін. Реформалар жүргізу арқылы революцияның алдын-алуға болады. Көп нәрсе Путиннің 1924 жылғы әрекетіне байланысты. Президенттің орнына тағы бір «қансорғыш» емес, еркіндікті артық көретін басшы келіп, Путин оның әр басқан қадамын аңдымай, зейнетке кетсе, Қазақстандағы сценарий қайталанбайды. Жаңа президент реформалар жүргізіп, халыққа еркіндік берсе, Ресей Франконың билігінен кейінгі Испания сияқты тәуір мемлекетке айналып шыға келеді.
«МАҚСАТЫ БИІК, КӨП НӘРСЕДЕН ҚОРЫҚПАЙТЫН ҚЫЗУҚАНДЫ ГУБЕРНАТОР»
Саясаттанушы Иван Преображенский 2021 жылы Ресей билігі оппозицияның түбіне жетіп, Қазақстандағы оқиғалардың қайталануына жол ашты деп есептейді.
– Ресейде де жаппай наразылық агрессивті сипат алып, бақылаудан шығып кетуі мүмкін: өйткені бейбіт шеру қатысушыларын бақылап, бастап жүретін оппозициялық саяси партиялар мен қозғалыстар, инфрақұрылымы дамыған үкіметтік емес ұйымдар жоқ. Басшысы жоқ наразылық мәнсіз, қатыгез бүлікке ұласып кетеді. Келіссөз жүргізетін адамдар болмаса, жетістікке жету мүмкіндігі азаяды. Билік сөйлесетін ешкім жоғын түсініп, оңай жолды таңдап, наразылықты басып тастайды.
– Ал элита өкілдері наразылықты өз мүддесіне пайдаланғысы келмей ме?
– Ресей элитасы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып үйреніп қалған. Елді Путин басқарған жылдары элита арасында радикалды шараларды қажет ететін үлкен қайшылықтар болмаған. Радикалды шаралардың соңы неге апарып соғатыны белгісіз ғой. Ресейдің саяси режимі билеуші топтардың өзара келісімге келіп, Путиннің шартты бағдарламасының аясына жиналуынан пайда болған. Путин оларға әлеуметтік баюдың нақты жоспарын ұсынды. Оған дейін Березовский және басқа да кәсіпкерлердің қаржыландыруымен кеншілер көтерілісі болды. Ресейлік билеуші топтардың мұндай әдістерді қолдануға шамасы жетеді.
Ресейдегі билеуші топтардың көбінің Қазақстандағы сияқты шағын әскері бар. Бұл – Рамзан Қадыров ғана емес. Мысалы, Ресейде құбырларды қорғау туралы заң қабылданған. Құбыр өндірісімен айналысатын компаниялардың бәрінде күзет қызметі жұмыс істейді. «Ресей темір жолы» компаниясының, басқа да ірі бизнес нысандардың осындай мүмкіндігі бар. Осы тұста Сбербанктің қауіпсіздік қызметін мысалға келтіруге болады. Одан бөлек, бейресми байланыстар жүйесі бар: өңірлерде, республикаларда құқық қорғау органдары азаматтардың ұлттық ерекшелігі бойынша құрылған. Ресейде жекеменшік әскер көп. Олардың саны Қазақстандағы топтардан да асып кетеді. Тұрақсыздық басталса, элита өкілдерінің бірі өз мүддесін қорғап, билікті басып алу үшін әскерін қолданбасына кім кепіл?
– Қорқынышты естіледі екен. Бұл қандай жағдайда болуы мүмкін?
– Біріншіден, федералды билік ірі кәсіпкерлердің бірін, ұлттық немесе корпоративті жекеменшік әскердің қорғауындағы өңірлік билік өкілін орнынан алып тастауға тырысса, солай болуы мүмкін. Ондай адам өлім мен өмір мәселесі тұрғанын, мұның соңы өзінің түрмеге жабылуымен аяқталатынын түсінгенде, оның қол астындағы топтар бірігіп, федералды билік пен күш құрылымдарына қарсылық көрсете бастайды. Губернаторларды үнемі жоғарыдан басып отыратынына қарамастан, осылай болады. Билік мұны осындай сценарийдің алдын-алу үшін әдейі жасайды.
Бірақ қазір губернаторлардың қалай таңдалатынын, олардың көбі халыққа бейтаныс адамдар екенін ескерсек, өңір билігіне жоғарыда сипатталған адамдардың келуі әбден мүмкін.
– Хабаровскіде Фургалмен де осылай болуы мүмкін бе еді?
– Фургал – басқа адам, бірақ оның орнында қызуқанды, мақсаты биік, көп нәрседен қорықпайтын басшы болса, өзін ұстауға келген федералды күштерге қарсылық көрсетер еді. Дағыстанда жергілікті адамдарды ұстауға арнайы операция аясында федералды топтар ғана барады. Өйткені жергілікті топтар қарсылық көрсетуі мүмкін.
Тағы бір нұсқа – әлеуметтік тұрақсыздық. Жаппай наразылық бүкіл халықтың көкейіндегі әлеуметтік ашынудан туады. Әлеуметтанушылардың дерегіне қарағанда, «наразылық акциясына қатысуым мүмкін» деп ойлайтын адамдар саны артып келеді. Үшіншіден, Путиннің аяқ астынан биліктен кетуі осылай әсер етуі мүмкін. Қазақстанда шын мәнінде не болғанын және Назарбаевтың қайда кеткенін әлі күнге білмейміз. Көшбасшы жоғалып кетсе және билік тізгіні кімге тиетіні алдын-ала шешілмесе, кландар тыпырши бастайды.
«РЕСЕЙДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАРЫЛЫС БОЛАДЫ ДЕП ЕЛЕСТЕТУ ҚИЫН»
– Ресейде Қазақстандағы сияқты барлық қалаларда бір мезетте наразылық болуы мүмкін дегенді елестету қиын. Ресейліктердің саяси мәдениеті басқа, қалалар атмосферасы мүлде бөлек. Біздің қоғамда Қазақстанда немесе Орталық Азиядағыдай отбасылық, тайпалық терең байланыстар жоқ. Ресейліктер шашыраңқы өмір сүреді. Ресейдегі кедей топтар Совет одағы тарағалы наразылық білдірген емес. Бізде жекелеген кәсіпорындарда немесе салаларда ереуіл болуы мүмкін. Бірақ бұл көтеріліс емес, жай ғана ереуіл, – дейді саясаттанушы, Прагадағы Карлов университетінің ғылыми қызметкері Александр Морозов.
– Ал наразылыққа миллион адам шықса ше?
– Миллион адам көшеге шықса, бұл әлеуметтік жарылыс болады дегенді білдірмейді. Бұл жай ғана бейбіт манифестация болады. Билікке талап қояды, шенеуніктер біраз жеңілдіктер жасайды. Ресейде әлеуметтік жарылыс бола қоюы екіталай. Осыған дейін инфляция, рубльдің құлдырауы, зейнет жасының ұзаруы, үкіметтің сәтсіз шешімдері сияқты көп нәрсе болды. Бірақ бір облыстағы жанармай бағасының қымбаттауынан жаппай наразылық бастала қоймайды. Екатеринбург тұрғындары көшеге шықса, Қазан халқы оларды қолдамауы мүмкін.
– Путин аяқ астынан биліктен кетіп қалса, элита Қазақстандағыдай көшедегі наразыларды өз мақсатына пайдалануы мүмкін бе?
– Бұл – ықтимал сценарийлердің бірі ғана. Ресейде билік қандай жолмен ауысса да, оған үш негізгі фактор әсер етеді. Біріншіден, ядролық қаруға байланысты элита арасында күрделі кикілжің бола қоймайды. Ойыншылар белгілі бір деңгейге дейін ғана жаға жыртыса алатынын біледі. Өйткені біреу легитимді түрде ядролық чемоданды қолына алуы керек. Екінші мәселе шикізатқа тәуелді экономикаға байланысты: осы салада жүргендер жағдайды бақылауда ұстап, элитаның басқа өкілдерімен келісімге келуге тырысады. Билік ауысымы кезінде элита өкілдері үшін кикілжіңге қарағанда, ауызбіршілік маңыздырақ болады. Үшіншіден, Ресейде бүкіл билікті қолына алып, елдің Путин билігінен кейінгі дамуын басқаша елестететін контрэлита жоқ. Сондықтан Әлиев немесе Назарбаев үлгісіндегі билік транзиті кезінде үлкен дау туғызатын себептер көріп отырған жоқпын.
Қазақстанның ішкі істер министрлігінің 11 қаңтардағы дерегі бойынша, елдегі тәртіпсіздіктерге қатысқан 10 000-ға жуық азамат ұсталған. Бұл былтыр қаңтарда Алексей Навальныйды қолдауға шығып, ұсталған азаматтар санынан екі есе аз. Ресей азаматтарының Навальныйды қолдау акциясы екі күн ғана болған. Ал Қазақстандағы наразылық бір аптаға жалғасқан.
Қазақстан президенті Тоқаев наразылыққа «шетелден келген содырлар» қатысқанын айтты, бірақ бұл сөзін дәлелдейтін айғақ келтіре алмады. «Бұзақылар түнде мәйітханаларға шабуыл жасап, серіктестерінің денесін алып кеткен. Олар оқ тиіп, мерт болған адамдарын да ұрыс алаңында қалдырмаған. Бұл – халықаралық террористер тәжірибесі. Олар осылай ізін жасыруға тырысады» деген Тоқаев.
Қоғам алдында айыпталған жалғыз шетелдік адам – қырғыз музыканты, Бішкектегі джаз оркестрінің жетекшісі Викрам Рузахунов болған. Ол қолға түскеннен кейін Бішкекке экстрадициялану үшін наразылыққа қатысуға арнайы келгенін, бұл үшін 90 мың теңгеақы алғанын «мойындаған». Жағдайға Қырғызстанның әділет министрлігі мен мемлекеттік қауіпсіздік комитеті араласқаннан кейін, бірнеше күннен соң Рузахунов босатылған.
Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған азаматтар «майдан технологиясын» пайдаланған деп есептейді.
«Қазақстанға шабуыл жасаған ұйымдасқан және «нақты басқарылатын» топтар шетелдегі террористер лагерінде дайындықтан өткен. Біз үйіміздегі тыныштықты бұзуға, түрлі-түсті революция бастауға жол бермейтінімізді көрсеттік» деді Путин.
Тәуелсіз саясаттанушылар бүлікшілердің шетелден келгеніне сенбейді. Олардың пікірінше, наразылыққа жергілікті элита өкілдері қатысып, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кландары билікке таласып, жағдайды ушықтырып жіберген. Наразылықтан кейін Тоқаев билікте қалды, ал бұрынғы президенттің тағдыры белгісіз. Біреулер оны Қытайда десе, екінші бір деректерде Назарбаевтың Біріккен Араб әмірліктерінде жүргені айтылады. Бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы «Елбасы Нұр-Сұлтанда консультативті кездесулер өткізіп жатыр» деп мәлімдеген.