Мәсімовтың таққа өзі отырмақ болғаны рас па?

0

Террористер мен қылмыстық топтар елге әлек салып, азаматтарының бейбіт жиынын нағыз ұрыс даласына айналдырып жіберді. Қан төгілді. Қапыда ұлын жоқтаған ана мен әке қайғыдан қан жұтып отыр.

Тасада тұрып, жымысқы ойларын жүзеге асырмақ болған жау алыстан келмепті. Елорданың жайлы кабинеттерінде отырыпты. Ұзақ жыл биліктің ұшар басында түрлі лауазымды қызмет атқарып келген. Ресми ақпараттардан аңғарғанымыз осы. Ал ақиқаты қайсы?

Nege.kz тілшісі cаясаттанушы Андрей Чеботаревпен сұхбаттасып, еліміз тап болған аласапыранның астарына үңілді.

– Бұлғақтың тамыры қайда жатыр? Ел неге жапа-тармағай көшеге шықты? Қымбатшылыққа қарсы халық наразылығын пайдаланып, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғандар нені көздеді?

– Бастапқыда бұл тұрғындардың бейбіт наразылық акциясы болды. Маңғыстау, Ақтөбе және басқа да өңірлерде газ бағасының күрт өсуіне наразылық білдірді. Еліміздің түкпір-түкпірінде бұл адамдарды қолдау шаралары өтіп жатты.

Бірақ…

Алматы қаласын алып қарасақ, осы наразылық акциялардың негізінде дүрбелең басталып кетті. Сол сәттен бастап бейбіт шеру аяқталды. Сауда орталықтарын тонап, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасалды. Полициямен қарулы қақтығыс басталды. Ең қорқыныштысы, қылмыскерлер бейбіт қала тұрғындарына да қырғидай тиді. Құрбан болған балалар да бар.

Сондықтан әр өңірдегі оқиғаларды бөлек қарастырған абзал. Кей жерлерде бейбіт, азаматтық наразылық шаралары өтіп жатты. Талаптары да негізді. Биліктің өзі де газ бағасын қымбаттатудың қателік болғанын мойындады. Ахуалды реттеу мақсатымен Маңғыстауға үкіметтік комиссия жіберді.

Десе де, кейбір өңірлерде билікті басып алу әрекеті жасалды немесе дүрбелең тудыру көзделді.

– Кәрім Мәсімовтің тұтқындалуы осы әрекеттермен тікелей байланысты деп болжауға бола ма?

– Кәрім Мәсімовтің орнынан алынып, тұтқындалып, айып тағылуы мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет болғанын анық көрсетеді.

Бұл туралы екі тұжырым жасауға болады: Мәсімов мемлекеттік төңкеріс жасауға өзі бас болған немесе әлдебір саяси мақсат үшін бәрін біле тұра, қол қусырып қарап отыруға тапсырма берген. 

Ахуал қазір тұрақтанып келеді. Бірақ азаматтық сипаттағы наразылық пен үкіметке қарсы қарулы қарсылықтың, тонау мен қылмыстардың ара-жігін әбден ажыратып алғанымыз жөн. Бұған өте мұқият қарау қажет.

– Рас, наразылық өтіп жатқан алаңдарда қылмыс әлемі мен діни ағымдардың өкілдерінің төбе көрсеткені, лаң салғаны жасырын емес. Демек, оларды көшеге шығарған, ұйымдастырған адамдардың болғаны ғой?

– Ұйымдастырғаны көрініп тұр. Қайталап, нақтырақ айтайын, Мәсімов мұны өзі ұйымдастырған немесе Тоқаевты биліктен кетіру үшін әдейі қол қусырып қарап отырған. Бұл – менің ойым.

– Сіз бір сұхбатыңызда еліміздегі саяси ахуал туралы сөз ете келе, «Горбачевтың қайта құру кезеңін еске салады» деген едіңіз. Осыны тарқатып айтып берсеңіз. Сол кезеңде де түрлі толқулар болды. Соның бірі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Осы екі кезеңді салыстыруға келе ме?

– Иә, көп жайт қайта құру кезеңін еске түсіреді. Ол кезде де бейбіт наразылық шерулер болды. Дүрбелең мен ұлтаралық қақтығыстар жиіледі. 1986 мен 2022 жылғы оқиғалардың себептері әртүрлі. Рас, ұқсас қырлары да кездеседі.

Ол кезде Кремльдің саясатына қарсы халықтық наразылық болған еді. Қазір маңғыстаулықтарды қолдауға шақырған шерудің арты қирату, бүлдіруге, ғимараттарды басып алуға әкеп соқты. Азаматтық белсенділердің үнін эктремистер мен қылмыс әлемі тұншықтырып жіберді.

– Бұдан әрмен не болады? Не істеу керек?

– Бұл жағдайдан үлкен сабақ алуымыз керек. Бастапқы міндет – елдегі жағдайды тұрақтыру, еліміздің қорғаныс қабілетін, құқықтық тәртіпті қайта қалпына келтіру.

Екіншіден, күштік құрылымдарға реформа жасап, жетілдіру абзал. Өйткені, Алматы тұрғындары қатерге қарсы жалғыз қалды. Билік те қиратушылармен жалғыз алысты. Қала биліксіз қалды десе де болады. Енді ғана қала билігі қалыпқа келіп, жағдай реттеле бастады.

Қазір ешкім реформалар туралы сөз еткісі келмейді. Әсіресе, ел президенті 2019 жылдан бері айтып келе жатқан саяси реформалар туралы. Қазір мемлекеттің рөлін күшейту аса маңызды. Бірақ бұл диктатура орнату деген сөз емес. Конституция мен заңға сәйкес күшейтілуі тиіс.

Сосын…

Сонымен қатар, билік пен әртүрлі саяси күштермен диалог жүруі тиіс. Себебі, билік экстремистермен жалғыз бетпе-бет келді. Әсілі, мұндай жағдайда билікке халықтың барлық топтарының кең қолдауы керек еді. Қазір қолдау тек қана бюджет қызметкерлері мен билікке бір табан жақын қоғамдық ұйымдар тарапынан ғана болып тұр.

Бізде бұдан да бөлек сан түрлі қоғамдық ұйымдар бар. Рас, олар билікке сын көзімен қарайды. Бұл оқиғаға мүлде араласқан да жоқ. Шеттетпей, билік осы топтармен де байланыс орнатуы абзал. Бұл – кейінгі шаруа. Алғашқы міндет – бүлінгенді түзетіп, қалпына келтіру.

Премьер-министр тағайындалды. Үкіметтің жаңа құрамы да жасақталар. Жаңа шаралар жасалып, әлеуметтік-экономикалық сипаттағы  қадамдар жасалар. Билік пен қоғам арасында алшақтық, жік болмас үшін, іле-шала саяси тұрғыдан қайта құрылымдау жүргізілуі шарт.

– Елімізге ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің келуін жұрт сан-саққа жүгіртіп отыр. Сіз бұған қандай баға берер едіңіз?

– Оң баға беремін. Өйткені, бұл ұйымды жұрт осы уақытқа дейін көп сынап келген-ді. «ҰҚШҰ – жұмыс істемейтін құрылым. Бізге оған мүше болудың керегі қанша?» деушілер табылды. Ал қазір біз ҰҚШҰ-ның шын мәнінде жұмыс істей бастағанын көрдік.

2010 жылы Қырғызстандағы, 2020 жылы Беларусьтегі ахуал ҰҚШҰ араласатындай жағдай емес еді. Ал бізде қазір терроризмге қарсы операция жүріп жатыр. Бүкіл ел аумағында. Осы ұйымның ресми құжаттары тұрғысынан елімізде ҰҚШҰ араласатындай ахуал туып отыр.

Айта кететін жайт, ҰҚШҰ-ның әскери және бітімгершілік сипаты бар. Әскери операцияларға қатысатын шұғыл әрекет ету күштері емес, бітімгершілік күштерінің келгенін көрдік.

Қазақстан күрделі жағдайға тап келді. Сондықтан қорғаныс жүйесін, сондай-ақ барлық күштік құрылымдар жүйесін күшейтуі тиіс. Бұдан билік жақсы сабақ алды деп ойлаймын.

– Германия бізге қару-жарақ сатудан бас тартқаны туралы ақпарат тарады. Батыс Қазақстандағы ахуалға қандай баға беруі мүмкін? Санкциялар салынуы мүмкін бе?

– Батыс екіұдай ұстанымда отыр. Бәрі елдегі ахуалдың тұрақтануын қолдайтындарын айтып жатыр. Десе де, азаматтардың бостандықтары мен конституциялық құқықтары сақтауға шақыруда. Еліміз қиыншылыққа тап келген кезде Батыс бізге тұщымды ештеңе ұсына алмады. Ұсынса, АҚШ, Еуроодақ және басқа елдер тек қана гуманитарлық көмек көрсете алады. Мәселен, Алматы және өзге де қалалардың инфрақұрылымын қайта қалпына келтіру дегендей. Санкция туралы сөз етудің өзі артық.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде де ешкім санкция салмады. Ол кезде полицияның әрекетінен адамдар көп зардап шеккен болатын. Қазір елімізде терроризмге қарсы операция болып жатқанын бәрі түсініп отыр. Кейбір аймақтарда полиция мен наразылар арасында қақтығыс болды. Бірақ полиция азаматтық наразылық білдірушілерге қару қолданған жоқ. Өздері қару кезенгендерге ғана оқ атты. Санкция салуға ешқандай саяси негіз жоқ деп ойлаймын.