Латынға көшу «отарлық мұрадан арылудың» жолы – Досым Сатпаев
Ресей ықпалы тақырыбын әрі қарай жалғаған Emerging Europe басылымы қазақ жазуын латын қарпіне көшіру науқанын «Ресейдің тілдік және саяси ықпалының біртіндеп, баяу төмендеуінің соңғы кезеңі» деп бағалайды, деп жазады Азаттық радиосы.
Автордың айтуынша, үкімет «орыстардың кетуінен және жаушыл реакциядан» қорқып, тіл саясатын еркін жүргізуден тартынып келген. 1990 жылдары тұрғындардың 40 пайызы орыс болса, қазір олардың үлесі 25 пайызға түскен. Осының арқасында үкімет латын қарпіне көшу жоспарын ашық айта бастады.
«Үкімет әліпби ауыстыруды аса сақтықпен жүзеге асырады» дейді Париждегі халықаралық қатынастар қауымдастығының сарапшысы Анна Жорданова.
Оның айтуынша, қаріп өзгерту – «өте үлкен қадам, бірақ ол – одан да ауқымды, жылдам жүріп жатқан өзгерістердің бір бөлігі ғана».
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, Совет одағы тұсында кирилл қарпі қазақтарды орыстандырудың қандай идеологиялық құралы болса, латынға көшу де сол «отарлық мұрадан арылудың» жолы саналады.
«Сондықтан латын әліпбиін қабылдау – халықтың таза қазақ бірегейлігіне ұмтылған табиғи реакциясы деп қабылдауға болады» дейді автор.
Жорданованың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері әліпби мәселесі қазақ тілін, мәдениетін, бірегейлігін нығайтуға бағытталған үлкен науқанның бір бөлігі деп қабылдайды.
«Мәселені шешуден гөрі көп проблема туындатып алмау үшін оны (қазақ тілін латын жазуына көшіруді – ред.) аса сақтықпен әрі ыждағатпен жүзеге асыруға тура келеді» деп қорытады автор.